
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толды. 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болды. Олар ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың рухын асқақтатты.
Солардың бірі –туғанына 100 жыл толған Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіров. Батырдың 100 жылдық мерейтойы Түркістан облысы көлемінде кең ауқымда атап өтілуде. Осыған орай «Сұрапыл сынақ ғұмыры» атты кітап жарық көрді. Аудан орталығы – Шәуілдір ауылында «Ер есімі ел есінде» деген ғылыми-практикалық конференция, ақындар айтысы өткізілмекші, батырдың әруағына арналып ас берілмекші.
Сейітқасым Әшіров қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданы, Арыстанбаб кесенесінің жанындағы Қоғам ауылында 1924 жылы 6 шілде күні дүниеге келді.
Дүниеге келген әр адамның мынау қарбаласқа толы тіршілікте алатын өз орны, өз дәрежесі бар. Сейітқасым ағамыз да өзгелер секілді бала болды, ата-анасының аялы алақанын, ыстық махаббатын сезінді, қатарластарымен тай-құлындай тебісіп өсті. Дегенмен, балалық шағы тәтті бола қоймады. Әрине, 1924 жылы туған азаматтың балалық шағы қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ашаршылықтан, қилы заманнан жапа шекпеген отбасы аз. Сейітқасым ағамыз да бірталай қиындық көріп жетілді. Сегіз жасында ауыртпалығын арқалап, 1932 жыл да келді. Бұл ашаршылық аяғынан енді қаз тұра бастаған елді сарсаңға түсіріп, тентіретіп жіберді.
1941 жылы соғыс басталғанда ол небәрі он жетіде еді. Мектепте оқитын. Ә дегенде мұның да Отан қорғауға аттанбақ ойы болды. Бірақ, бірінші кезекте шақырылғандардың ішінде мұның аты аталмады. Есесіне қос бірдей ағасы – Мұратбек пен Сейітбек алғашқылардың бірі болып майданға аттанды. Өкініштісі, олар сол кеткеннен қайтып оралмады.
Сейітқасым өз дегенін істеуге дағдыланған өжет, қайсар бала болатын. «Енді не істеу керек?» деп ойлаған ол іштей майдан үшін, жеңіс үшін жан аямай жұмыс істеуге бел байлады. Сөйтіп, колхоздың арбасын айдауға сұранып, арбакеш бала атанады. Жұмыс ауыр. Елең-алаңнан басталған тіршілік қара кешке дейін созылады. Еңкейген кәрі демей, еңбектеген балаға дейін «Бәрі де Отан үшін, майдан үшін!» деген ұранның төңірегіне топтасты.
Соғыстың екінші жылына аяқ басқанда Сейітқасымға да Арыс әскери комиссариатынан шақыру қағазы келді. Бұл 1942 жыл, оның 18 жасқа толған күні болатын.
Сейітқасым өзін бірден майданға апарып салатын шығар деп ойлаған. Бірақ, олай болмай шықты. Арыс стансасынан шыққан эшелон Батысқа емес, оңтүстік-шығысқа қарай тартты. Өзбекстанның Самарқанд облысына қарайтын Қаттақорған қаласына келіп бір-ақ тоқтады. Осы жерде оларды жаяу әскер училищесінің әртүрлі салада әскери мамандар даярлайтын бөлімдеріне бөліп жіберді. Сейітқасым барлаушылар бөліміне тап болды. Қатал уақыттың тәртібіне байланысты оқу қысқартылып, олар небәрі үш айдай ғана оқып, жаттықты. Дегенмен, үш ай уақыт аз сын болған жоқ. Күн демей, түн демей тоқсан тәулік бойы жүргізілген тактикалық жаттығу сабақтары өрімдей балаң жігіттерді қай жағынан алғанда да шынықтырды. Айналдырған үш айда олар адам танымастай өзгерді. Мылтық жинаудан бастап, жаумен бетпе-бет кездескенде қолданатын айла-тәсіл, шапшаңдыққа үйренді. Жаттығуда қаншалық қиын болса, ұрыста соншалық жеңіл болатынына кейін майдан даласында жүргенде Сейітқасымның көзі талай жетті.
Кіші сержант Сейітқасым Әшіров ұрыс даласындағы ерлік жолын Бірінші Беларусь майданына қарасты 96-атқыштар дивизиясының 331-ші полк құрамында қатардағы жауынгер-барлаушы болып бастады. 1942–1945 жылдары взвод командирі болды. Полтава қаласын азат ету үшін болған шайқаста С.Әшіров Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұдан кейін соғыста көрсеткен ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз және III дәрежелі Даңқ ордендерімен атап өтілді. 1944 жылғы шілденің 8-інде аға сержант Сейітқасым Әшіров Белоруссиядағы Барановичи аумағындағы Заболотье деревнясында екі қандыкөйлек майдандасымен бірге жау тылына барлауға шығып, тұтқиылдан миномет батареясына шабуыл жасап, 20-дан астам фашисті өлтіреді, қалғандарын қашуға мәжбүр етеді. Осы шайқаста жаудың 6 минометін, 2 тягачын, 4 автомашина және радиостансасын қолға түсіреді. Жаудың 11 жауынгері мен офицерін тұтқынға алады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылы 24 наурыздағы жарлығымен барлаушы С.Әшіровке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен бірге Алтын Жұлдыз медалі қоса тапсырылады.
С.Әшіров ағамыз соғысты 1945 жылы 3 мамырда Бірінші Беларусь майданының құрамында Балтық жағалауында аяқтады. Соғыстан кейін 1946–1948 жылдары Кеңес Одағының Батыры С.Әшіров Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарды. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, заңгер мамандығын алып шықты. 1951–1957 жылдары Қызылқұм аудандық сотында халық судьясы болып істеді. Кейін Шардара ауданы, «Шардара» кеңшарында директордың орынбасары қызметін атқарды. Осы қызметті атқара жүріп Самарқанд қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, ғалым-зоотехник мамандығына ие болды. 1964 жылдары «Көксу», «Шардара» кеңшарларында бас зоотехник болып істеді. 1975-1987 жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін Шардара ауданына қарасты «Шардара» кеңшарының директоры болып қызмет атқарды. Атағы бүкіл Одаққа кең танылған кеңшардың даңқты дәуірі Сейітқасым Әшіровтің есімімен тығыз байланысты болды. С.Әшіров басқарған жылдар «Шардара» кеңшарының ең бір өркендеген, гүлденген, жұлдызы жанған алтын кезеңі болып тарихта қалды.