
Адамзат тарихында орын алған сұмдық оқиғалардың ішінде, ауқымы, алапаттығы мен құрбандығы жағынан ең қасіреттісі – екінші дүниежүзілік соғыс – Ұлы Отан соғысы болды.
1941 жылдың 22 маусымында, таңғы сағат 4-те Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс ашқан фашизм басқыншылары миллиондаған адамның өмірін қиды. Гитлершілер бастаған соғысқа әлем халықтарының 80 пайызы қатысып, 61 мемлекет тартылып, 40 мемлекеттің жері отқа оранды. 110 миллион адам қолына қару алып, оның жартысынан астамы оққа ұшты.
Адамзат өміріне қауіп төндірген осынау қанды қырғынға жалындаған жастық шағын от пен оққа төсеп, елін жаудың езгісіне бермеу мақсатында Қазақстаннан 1 млн 800 мыңнан астам жауынгер аттанды. Соның ішінде 140 мыңнан астамы оңтүстік өңірдің азаматтары. «Отан үшін, ел үшін» деген құдіретті ұранның қаһармандары болған жерлестеріміздің 100 мыңға жуығы құрбан болды. Қаншасы із-түзсіз жоғалды.
Ал, қала мен ауылдағы ауыр жұмыс пен жоқшылықтың, аштықтың зардабын тарта жүріп, «Бәрі де майдан үшін, Жеңіс үшін» деп тылда еңбек еткендердің жүгі майдандағылардан да ауыр болды. Еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін таңның атысы, күннің батысы қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығына төзе жүріп, майдандағыларға тонналап азық-түлік, жылы киім-кешек және басқа да қажетті көмек жіберіп отырды. Колхоз-совхоздардан жекелеген азаматтар әскери құрал-саймандар үшін де ақша жинап өткізді. 8 сағаттық жұмыс күнін 14-16 сағатқа жеткізді. Жеңісті жақындатты.
Міне, майдангерлер мен тыл еңбеккерлері бұдан 79 жыл бұрын адам баласының қас жауы – фашизмді осылай талқандады. Майдан даласына 17-18 жасында кірген бозбаланың бұл күнде алды жүзден асып, соңы жүзді алқымдап қалды. Бүгінгі ұрпақ батыр бабаларымыздың ерлікке толы азапты да ауыр тағдырлы тарихын ешқашан ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары, қазіргі ұрпақты ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады.
Бүгінгі таңда облыста 132 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер тұрады. Оның ішінде 11-і Ұлы Отан соғысына қатысушылар, 121-і соларға теңестірілгендер.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жеңіс күні қарсаңында барлық аудандар мен қалаларда соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып құттықтау шаралары өткізілді. Сонымен қатар, жастарды патриотизмге баулу мақсатында батырлық пен ерліктің үлгісі болған 11 соғыс ардагерінің суреті басылған билбордтар ілініп, олардың даңқы дәріптеліп жатыр.
Сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында 11 ардагерге медициналық қызмет көрсетіліп, диспансерлік тексеруден өткізілді. Жалпы, ҰОС ардагерлеріне, аға буын өкілдеріне жағдай жасап, оларға құрмет көрсету, ардақтау – бүкіл қоғамға ортақ міндет. Осы ақиқатты жастардың санасына сіңіру баршамыздың борышымыз деп түсінгеніміз жөн.
Реті келгенде айта кетейік, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету сынды қайырлы істен шет қалған жоқ. Облыстың барлық ардагерлер ұйымдарынан жиналған қаражатқа медициналық аптечкадан бастап балалар мен ересектерге арналған киімдер, көрпе-төсек, азық-түлік түрлерін, резеңке етіктер мен жамылғылар, басқа да түрлі қажетті заттар алынып, Солтүстік Қазақстан облысына 30 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Бүгінге дейін де Түркістан облыстық ардагерлер кеңесіне қарасты 17 аудандық, қалалық ардагерлер ұйымдары өз аудан, қалаларының атынан апат болған аймақтарға бірнеше тонна гуманитарлық көмек жолдаған болатын.
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.