
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді. Әрбір халықтың тілі – оның тарихы, мәдениеті, рухани байлығы. Сондықтан тілдерді құрметтеу – біздің ортақ парызымыз. Қыркүйек айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Қазақстан халқының тілдері күні – татулық пен ынтымақтың мерекесі. Бұл күн – әрбір азаматтың өз ана тілін ардақтап, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысатын ерекше мейрам. Ана тілі – ұлттың жаны, рухани тірегі. Қазақ халқы үшін қазақ тілі – ата-бабадан қалған аманат, ұлттық болмысымыздың айнасы. Ел Президенті де әр Жолдауында мемлекеттік тілді дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге айрықша мән береді. Себебі тіл – елді біріктіретін, ұрпақты жалғайтын күш. Қазіргі таңда Қазақстанда тілдерді оқыту мен үйретудің жаңа әдістемелері енгізіліп, заманауи орталықтар жұмыс істеп жатыр. «Үштұғырлы тіл» саясаты аясында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгеру – заман талабы. Алайда қай тілде сөйлесек те, ең әуелі өз ана тілімізді қадірлеу – басты міндет. «Ана тілім – ажарым, асыл мұрам» тақырыбы осыны меңзейді. Өйткені тіл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес қазына. Оны сақтау – ұлттық бірегейлігімізді сақтау деген сөз. Тілдер күні – тек мереке емес, ойланатын сәт. Біз ана тілімізді құрметтей отырып, өзге ұлт өкілдерінің тілін де бағалай білуіміз керек. Бұл – ел бірлігінің кепілі. Әрбір қазақстандықтың басты міндеті – қазақ тілін білу, оны күнделікті өмірде қолдану және жас ұрпаққа үйрету. Сонда ғана «Ана тілім – ажарым, асыл мұрам» деген сөздің шынайы мәні ашылып, тіліміз мәңгі жасай бермек.
Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Балнұр ПЕРНЕХАН