ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР БІЛІМГЕ ҚҰШТАР


Сенесіз бе, биыл менің балам жазғы демалыста көшеде бірге асыр салып ойнайтын бірде бір бала таппай қалды! Оның осы жазда көңілсіз жүрген, іші пысқан кездері аз болмады. «Бірге ойнап жүрген достарың қайда?» деген сұраққа «бәрі жазда да оқып жүр екен» деді балам мұңын шағып.
Расында, балалардың көбісі жазғы демалысты оқу орталықтарында, репетиторлық курстарда өткізгенін байқауға болады. Түркістан қаласының өзінде соңғы жылдары осындай қосымша білім беру орындарының саны күрт артты. Бұл үрдіс бір жағынан білімге деген сұраныстың өсуінен хабар берсе, екінші жағынан қазіргі таңда ата-аналардың баласының болашағына алаңдаушылығын яғни, жауапкершілікпен қарай бастағанын аңғартады. Дегенмен, қосымша білім беру ұйымдарының ішінде өз бағытын айқындап үлгергендері бар. Осы ретте бірқатар оқу орталықтарына тоқтала кетсек, мысалы, баршаға танымал «Ақ Орда» мектебі математика мен ағылшын тілі пәндерін тереңдетіп оқытуды жолға қойып, ҰБТ мен халықаралық олимпиадаларға жүйелі дайындық жүргізіп келсе, «Ғажайып әлем» мектебі шығармашылық пен заманауи ІТ бағыттарға басымдық береді. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда осы мектептердің шәкірттері облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүр. Мұндай жетістіктер ата-аналардың сенімін арттыра түскені анық.
Осы қатарда Түркістандағы ерекше оқу орындарының бірі — «Бастау» мектебі. 2017 жылы ҰБТ-ға дайындық курсы ретінде ашылған бұл білім ордасы бүгінде толыққанды мектепке айналып, 10 мыңнан астам түлектің жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантына ие болуына өз үлесін қосқан. Қазір Түркістан мен Кентауда орналасқан үш филиалында 850-ден астам оқушы оқиды. Жетінші сыныптан бастап қабылданатын шәкірттерге пәндер тереңдетіліп оқытылады, ал жоғары сыныптар үшін ҰБТ-ға жүйелі дайындық жүргізіліп, әрі қарай ЖОО таңдауға кәсіби бағыт-бағдар беріледі.
Жанашыр ұстаздардың еңбегінің арқасында «Бастау» мектептері жыл сайын дамып, ауқымын кеңейтіп келеді. Қазіргі таңда олардың саны үшеуге жетті: екеуі Түркістан қаласында, біреуі Кентауда орналасқан. 2024 жылдан бастап мектеп 7, 8, 9-сынып оқушыларын да қабылдай бастады. Қазір мұнда 7-11 сынып аралығындағы 850-900-ге жуық оқушы оқиды. Мектеп бағдарламасы тереңдетілген пәндерді қамтиды. Әрбір бала өзінің бейіміне қарай алты түрлі үйірменің бірін немесе екеуін таңдауға мүмкіндік алады. Ал жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға жүйелі дайындық ұйымдастырылып, сынақтан кейін ЖОО таңдауға кәсіби бағыт-бағдар беріледі. Мұғалімдердің әрбір түлектің болашағына жанашырлықпен қарауы осы мектептің басты ерекшелігі.
«Бастау» мектебінің ұраны да ерекше: «Пайда ойлама, пайдалы бол». Бұл сөздер білім ордасының басты мақсатын айқын көрсетеді. Мектеп ұжымы тек білімді ғана емес, тәрбиелі, саналы ұрпақ қалыптастыруды көздейді. Түркістан қаласындағы білім сапасына үлгі боларлық деңгейге жетуді мақсат етіп отырған бұл мектептің үлкен арманы — өңірдің басқа да аудандарында өз филиалдарын ашып, еліміздің білім беру жүйесіне лайықты үлес қосу.
Осы орайда «Смарт Класс» оқу орталығын да тілге тиек етсек. Қаламызда жаңадан ашылған оқу орталығы 5 жастан 50 жасқа дейінгі білім алушыларға арналған түрлі бағыттар бойынша сапалы білім ұсынады. Мұнда ағылшын тілі, орыс тілі, математика пәндері оқытылады, сондай-ақ бастауыш сыныпқа даярлық бағытына да ерекше мән беріледі. «Смарт Класс» жазғы демалысқа қарамастан аз уақыт ішінде оқушылар мен ата-аналардың сеніміне ие бола бастады. Орталықта заманауи әдістемелер қолданылады, сабақтар қызықты материалдар мен креативті тәсілдер арқылы жүргізіледі. Әр баланың даму қарқынына жеке назар аударылып, қажет жағдайда қосымша қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, үй тапсырмасына көмек ұйымдастырылып, сөздік жарыстар, шағын сайыстар өткізіліп тұрады. Оқушылардың жетістігі арнайы марапаттау жүйесі арқылы бағаланады.
Осындай оқу орындарының арқасында Түркістанда білім беру саласы жаңа қарқын алуда. Әрине, балалардың жазғы демалысын ойынға емес, оқуға арнауы қоғамда түрлі пікір туғызады. Дегенмен, уақыт талабына сай сапалы білімге деген сұраныстың артуы еліміздің болашағына деген жауапкершіліктің белгісі. Білімге ұмтылған әрбір қадамның түпкі нәтижесі елдің өркендеуіне қызмет ететіні анық.
Алайда, бұл құбылыстың екінші жағы да ойландырады. Қазіргі таңда ата-аналардың көбі жұмыста болғандықтан, балаларының оқу үлгерімі мен үй тапсырмасын қадағалауға мүмкіндік таппайды. Соның салдарынан жеткіншектер телефонға телміріп, мағынасыз таспаларға уақытын рәсуа етеді. Ілім мен ғылымды игеруге болатын алтын уақыт әлеуметтік желілердің жетегінде кетіп бара жатқанына ұстаздар да, психологтар да алаңдаушылық білдіруде. Білім басқармасының деректеріне жүгінсек, 2023 жылы облыстағы оқушылардың 37 пайызы смартфонды күніне 5 сағаттан артық пайдаланады екен. Бұл ойланарлық көрсеткіш.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы