ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР БІЛІМГЕ ҚҰШТАР — 2


Осы тұста қала тұрғыны, екі баланың анасы Ләззат Құрманова өз ойын былай білдірді: «Бұрын жазғы демалыста балалар аулада асыр салып ойнайтын. Қазір көршілердің бәрі баласын курсқа береді. Мен де амалсыздан ұлымды математика курсына жаздырдым. Өйткені ертең бәсекеге қабілетті болсын дейміз. Дегенмен кейде балалардың балалық шағы ойынсыз өтіп жатқан жоқ па деп ойлаймын».
Мектеп ұстаздары да бұл мәселеге бейжай қарамайды. Мұғалім Айгүл Сейтова: «Қосымша курстардың пайдасы бар екені анық. Бірақ біз кейде балалардың тым артық жүктемеге ұшырап жатқанын байқаймыз. Сабақта шаршап, ынтасы болмайды. Сондықтан ата-аналарға әрқашан баласының қызығушылығына сай тепе-теңдік табу қажет екенін айтамыз», – дейді.
Психологтардың пікірінше, қосымша сабақтар мен үйірмелерге қатысу балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі. Жаңа ортаға бейімделіп, достары артады, қызығушылықтары дамиды. Бұл жеткіншектің жеке тұлға болып қалыптасуына оң ықпал ететін маңызды фактор. Алайда психологтар бала күнделікті оқудан тыс уақытта демалып, ойнап, еркін әрекет етудің де маңыздылығын ұмытпауы қажет екенін ескертеді. Жазғы демалыс тек қосымша сабақтарға емес, табиғат аясында тынығуға, ұлттық ойындарды ойнауға, шығармашылыққа да арналуы тиіс.
Түркістан қаласында білім сапасын арттыру мақсатында мемлекет те бірқатар шараларды қолға алған. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сауран ауданында «Келешек мектеп» пайдалануға берілді. Оқу орнында 115 орындық акт залы, шеберханалар, асхана, кітапхана, спорт залы және медициналық пункт бар. Бұл жобаның мақсаты балалардың білімге деген қолжетімділігін кеңейту, сыныптағы бала санын азайту және оқушының жеке қабілетіне сай дамуына мүмкіндік беру. Сонымен қатар қала мектептерінде «цифрлық күнделік» жүйесі кеңінен қолданылып, ата-аналарға оқу процесін бақылауды жеңілдетіп отыр.
Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда қосымша білім беру ұйымдарының көбеюі – қоғамның білімге деген сұранысының артқанының айғағы. Түркістандағы мектептер мен орталықтардың жүйелі жұмысы көптеген жеткіншектің арман-мақсатына жол ашып отыр. Бұл қуанарлық жайт. Дегенмен, әрбір баланың балалық шағы тек дайындық пен сабаққа арналмауы тиіс екенін де ұмытпауымыз қажет. Ойын да, достық та, демалыс та – тұлғаның толыққанды қалыптасуына қажет құндылықтар. Балаға берілген білім оның болашағына жасалған инвестиция болса, балалық шақтағы еркіндік оның рухани байлығы. Сондықтан ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті — білім мен демалыстың арасындағы алтын тепе-теңдікті сақтай білу. Сонда ғана біз тек білімді емес, ойы ұшқыр, дені сау, өмірге құштар, жан-жақты азамат тәрбиелей аламыз.
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы