
Түркістан қаласында Өзбекстан Республикасының Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясы мен Түркістан облыстық әмбебап ғылыми «Фараб» кітапханасы арасында маңызды құжат – өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Бұл кездесуге Академияның ресми делегациясы арнайы келіп қатысты:
Абдулла Ахматұлы – академик, Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының президенті, Ресей және халықаралық мәдени академиялардың мүшесі, Дүниежүзілік жазушылар ұйымының басқарма мүшесі, Өзбекстан және Тәжікстан Жазушылар одақтарының, Өзбекстан Журналистер одағының мүшесі. Халық шығармашылығы қайраткерлерінің Дүниежүзілік одағының төрағасы, М. Горький атындағы әдеби фестивальдің лауреаты, ақын, жазушы, әдебиеттанушы.
Нурали Халмұраұлы – академик, халықаралық әдеби байланыстар және әдеби ынтымақтастық жөніндегі вице-президент, Чингиз Айтматов атындағы Академияның мүшесі, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан Жазушылар одақтарының мүшесі, Түркия Жазушылар одағының Өзбекстандағы өкілі, жазушы және қоғам қайраткері. «Тимуридтер эпопеясының» 25 томы мен 15 томдық роман-памфлеттердің авторы.
Сайфиддин Сайфуллохұлы – академик, «Классикалық әдебиет және деректану» мәселелері жөніндегі вице-президент, профессор, Өзбекстан Ғылым академиясының Өзбек тілі мен әдебиеті институтының классикалық әдебиет бөлімінің меңгерушісі. Нақшбандия тариқатының шейхы, яссауитанушы ғалым, шамамен 70 кітаптың авторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері.
Абдуманноп Абдулазизұлы – академик, тарихи және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президент, яссауитанушы ғалым, Х. Ахмет Ясауи мен С. Бақырғани мұрасын зерттеген, шамамен 10 ғылыми-танымдық кітаптың авторы. «Түркі бірлігі» журналының редакциялық алқасының мүшесі, Халық шығармашылығы қайраткерлерінің Дүниежүзілік одағының мүшесі.
Кітапхана атынан:
Жанат Сәдібекқызы – Түркістан облыстық әмбебап ғылыми «Фараб» кітапханасының директоры, екі жақты келісімге қол қойып, ынтымақтастыққа ресми түрде қосылды.
Тараптар мәдени, әдеби, ғылыми бағыттар бойынша бірқатар ортақ бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Құжат аясында:
• бірлескен ғылыми-шығармашылық жобалар;
• көркем әдебиет және аударма алмасу;
• кітапхана қорын жаңа басылымдармен толықтыру;
• оқырмандарға арналған лекциялар, шығармашылық кездесулер;
• ақпараттық және мәдени байланыстарды кеңейту жоспарлануда.
Сонымен қатар, Академия тарапынан кітапханаға жаңа басылымдар сыйға тартылды, бұл қадам оқырмандардың әдеби және ғылыми қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Бұл келісім екі тараптың серіктестігін нығайтып, әдебиет пен мәдениетті дамытуға жаңа серпін береді.