
Қазақ халқы үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ол – шежіре, тарих, ата-баба аманаты. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» Бұл бір ауыз сөзде тұтас ұлттың рухы мен болмысы жатқандай. Бүгінде ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген жандардың қатарында жас болса да жүрегі ел деп соққан, өнерімен елді тәнті етіп жүрген сарбаздарымыз да бар. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің 44841 әскери бөлімінде мерзімді әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Арқат Асхатұлы.
Ол – өнері мен өнегесі қатар өрілген, рухы мықты, жан дүниесі нәзік жас сарбаз. Көкірегі ояу, жүрегі домбыраның үніндей таза жігіт. Арқат биылғы көктемде Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылып, жуырда ғана әскери ант қабылдаған жас жауынгер. Бірақ ол үшін әскери форма – өнерден алшақтаудың емес, қайта рухты биіктетудің жолы болды. Қатардағы жауынгер бола тұра қолынан домбырасы мен қаламын тастамаған Арқат бүгінгі күннің шынайы өнер сарбазы десек артық айтпаған болармыз.
Домбыраның құдіретін бала кезден сезінген ол, мектеп қабырғасында жүріп-ақ ұлттық өнердің шынайы жанашырына айналды. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезінде Шымкент қаласындағы Батырбек Өтеп атындағы өнер мектеп-интернатына қабылданып, сол жерде күй үйреніп, өнер көкжиегін кеңейте түсті. Қос өнерді қатар алып жүрген жасөспірім бір жағынан күйге ден қойса, екінші жағынан өлең жазып, поэзия әлемінің есігін ашты. Бұл – кез келгенге бұйыра бермейтін қос дарын, қос қасиет.
Бүгінде сарбаз Арқат қолы қалт еткен сәтте домбырасын қолына алып, замандастарына рух беретін күйлер орындап, елге деген сүйіспеншілігін, туған жерге деген сағынышын өлеңмен өріп жүр. Оның домбырадан төгілген әрбір күйі – елге, жерге, ата дәстүрге деген құрметтің үні. Ал жазған жырлары – бойындағы таза сезімнің, мөлдір мұңның көрінісі.
Арқаттың талантын республика көлемінде мойындатқан тұстары да аз емес. Ол 2019 жылы Ақмола облысы, Щучинск қаласында өткен жыл сайынғы «Ақберен» өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алса, 2022 жылы Павлодар облысы, Екібастұз қаласында өткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналған республикалық айтыста бірінші орынды иеленді. Дәл осы жылы «Жас ақын» төсбелгісімен марапатталып, ел құрметіне бөленді. Бұл – өнер мен еңбектің бағаланған сәттері.
Сарбаз Арқаттың арманы биік. Ол тек өнерпаз ретінде ғана емес, рухы биік азамат, ел болашағына сенетін жас ретінде қалыптасып келеді. Әскери тәртіп пен өнерді қатар ұстаған жігіттің өмірлік ұстанымы – қай ортада жүрсе де, туған елінің абыройын асқақтату.
Осындай дарынды сарбаздардың болуы – ел армиясының да, ел болашағының да жарқын екенін көрсетеді. Өнер мен әскери рухты ұштастыра білген Арқат Асхатұлы секілді жастар – Тәуелсіз еліміздің тірегі, рухани байлығымыздың иесі.
Өнерін ұлықтаған сарбазға сәттілік жолдас болсын! Рухың асқақ, өнерің өрісті болсын, Арқат!