
3514 әскери бөлімінің ефрейторы, әскери бөлімдегі кинологиялық қызмет тобының аға нұсқаушысы Мәулен Қайырбаев көпсайыста жеңіске жеткен Айза атты қызметтік иті туралы сұхбат берді.
Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөлімінде өткен қызметтік иттер мен ҚР Ұлттық ұланының кинология мамандары арасында көпсайыста жеңіске жеткен Айза атты қызметтік ит туралы не білеміз? Айзаның қожайыны, 3514 әскери бөлімінің ефрейторы, әскери бөлімдегі кинологиялық қызмет тобының аға нұсқаушысы Мәулен Қайырбаев жеңімпаз итті қалай баптады? Қызметтік иттердің психологиясы қалай қалыптасады? Кинология саласына қатысты осы және басқа да сұрақтар жөнінде толығырақ осы мақаламыздан оқи аласыздар.
– Мәулен мырза, кинология қызметіне қалай келдіңіз? Әңгімесін әлқиссасын осыдан бастасаңыз.
– Мен Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Бурабай ауылының тумасымын. Ауылда лайка тұқымды итім болды. Өте ақылды еді. Әсіресе, даладан жайылып келген табын малдың ішінен біздің үйдің іріқараларын алыстан-ақ жазбай танитын. Жазықтан келген жануардың алдынан шығып, үй жаққа қарай қайырып, әлек болатын да жүретін шәу-шәу етіп. Ал енді бөтен малды қора-қопсының маңайына да жолатпайтын. Итімнің мұндай қабілетке қашан, қалай ие болғандығы есімде жоқ, әйтеуір, көрші-қолаң төрт аяқты досымның бұл әрекетіне әрдайым қызығушылық танытатын. Иттердің мұндай ақылды болатындығы уақыт өте келе менің де таңданысымды туғызды. Мені кинология қызметіне осы бір таңданыс алып келген сияқты.
– Ал кинологиялық білімді осы әскери бөлімде игердіңіз бе?
– Жоқ. Алдымен Қаракемердегі оқу орталығынан арнайы кинологиялық білім алдым. Бұдан кейін қызметтік міндетіме кірістім. Осы орайда әскери бөлімдегі кинолог мамандардың біразынан ақпарат алдым. Тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға машықтанбас бұрын, иттердің табиғатын зерттеп, сенімділігіне кіру қажет екендігін ұғындым.
– Айзамен жұмыс жасауда өзіндік қолданатын әдіс-тәсілдеріңіз бар ма?
– Мен үшін итті жаныңнан артық жақсы көрмесең, олармен етене жұмыс жасау қиынға соғады. Мен Айзаны күшік кезінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінен алып келдім. Иттің арғы аталары да – қызметтік иттер. Әмбе, қызмет барысында бірталай жетістіктерге жеткен. Айзаны күшік кезінде үйде өсірдім. Сол уақытта мен тұрмақ, менің отбасым, балаларым да белгия овчаркасына бауыр басып қалып еді. Айзаны әскери бөлімдегі вальерге әкеткенімде, қалай қимай қоштасқанын білсеңіз ғой. Әлі күнге дейін жұмыстан үйге келген уақытта, Айзаның халін сұрап, маған қарай ентелей жөнеледі.
– Яғни Айзаның жеңісіне олар да тілекші болған шығар. Осы орайда сайыс барысына тоқталып өтсеңіз.
– Бұл Айзаның алғашқы сайысы болғандықтан, мен үшін әрбір қадам жауапкершілікке толы болды. Әу басында қызметтік иттің пойызбен аттанатын ұзақ сапарды қалай көтереді деген секем болды. Әрбір кідірген разъезд, станция сайын арнайы торлы жәшікке қамалған Айзаны сыртқа шығарып, бой жаздырып, жүгіртіп отырдым. Каракемерге жеткенде тағы да атмосфералық қысым орнады. Әрбір әскери бөлімнен қаншама ит қатысуда. Кейбіреулер иттеріне ие болмай, абыр-сабыр орнаған сәт. Ұйымдастырушылардың қызметтік иттерге қояр сын-талабы да жоғары екен. Мысалы, Айза із кесу бөлімі бойынша бағын сынады. Бірінші бөлімде алып аумақта жасырынуға арналған шаршы заттар қойылған. Қоршалған жердің ішіне адам жасырынады. Қызметтік ит белгіленген уақытта шартты жауды табу қажет. Жарыстың тізгінін ұстағандар иісшіл иттің діттеген мақсатынан адастыру үшін түрлі айла-шарғылар ойлап тапқан. Олар шұжық еттерін, тәтті тағамдарды әрбір бұрыштарға шашып қояды. Шынымен де, адам іздеуге шыққан ит белгіленген аумақта жатқан тамаққа тыңқия тойып алып, жүктелген тапсырмаға енжарлық танытып, сайыстағы белсенділігінен айырылып қалады. Ал жарыс ережесі бойынша төртаяқты жауынгер тығылған күдіктіні белгілі бір минут аралығында табуы шарт. Әйтпесе, көпсайыстан шығарылады. Абырой болғанда, Айза тәтті тағамдарға мән бермей, тапсырманы дер кезінде орындап шықты. Яғни әскери бөлімдерінде бұл жаттығуларды мүлтіксіз орындаған қызметтік иттер Қаракемерде қателіктерге жол беріп жатты. Мысалы, сайыс басталмас бұрын өткен жылдың жеңімпаздары атанған 5573 әскери бөлімінің қызметтік иттері айқын фаворит саналды. Ал сайысқа алғаш қатысушы иттер қатарынан болған Айзаға төрешілер де, қатысушы кинолог мамандар да о баста аутсайдерлік көзқарас танытқан болатын. Алайда менің төрт аяқты серігім, аумақта жасырынғанды, одан қалса, көлік ішіне тығылғанды жалпы шартты жау аталғандардың ізін кесіп отырып, дәлме-дәл уақытында өзге иісшіл иттердің алдын орап, бұрын тауып отырды. Белгілі фавориттерге сенім артқан жұртшылық үшін Айзаның кез келген тапсырмаларды жедел әрі тиянақты орындауы сенсация болғандай.