
– Ал өзіңіз ше? Айзаға сенімді болған шығарсыз?
– Мен бе? Мен, әрине сенімді болдым. Бірақ шыны керек, қатарластарыммен үзеңгі қағысып келіп, жеңіске иық тіресе жетемін деген ойда болдым. Өйткені атағынан ат үркіген қызметтік иттердің талайын көзбен көрмесек те, сыртынан хабардармын. Олар да Қаракемердегі көпсайыстың көркін қыздырып, таласқа түсті. Дегенмен төрт күнге созылған сайыстың әр күнінде Айза ғана үздік саналды. Негізі иттің көбі атыс қаруынан оқ атылғанда жасқанып қалып, иесіне бағынбай абдырап қалады. Менде де қорқыныш болды. Тапсырма орындау барысында, атыс қаруынан оқ жаудыратын кезең де таяп жетті. Ішімнен «менің итім дауысқа мән бермесе екен деп құдайдан қалай дұға тілеп кеткенімді өзім де білмей қалдым. Себебі осы бір сын өткелден сүрінген иттер көп болды. Ал менің азуын айға білеген Айзам аянып қалмады. Дәл желке тұсынан атылған оқтан жасқанбай, айналасындағы тосқауылдарды ысырып тастап, жасырынған адамды табуға ұмтылды. Нәтижесінде іздестіру қызметі бойынша Ұлттық ұланның кинология мамандары арасында өткізілген көпсайысында бірінші орынды жеңіп алды.
– Кинология мамандары арасында өткен көпсайысқа дайындық қанша уақытты қамтыды?
– Әскери бөлімдегі тәжірибелі кинологтардың ақыл-кеңестерін ыждағаттылықпен тыңдап, көзін енді ашқан күшіктің иісшіл итке айналу жолында бірталай жаттығуларды орындадық. Біз Айзаға күшік кезінен атыс қаруынан жасқанбауды үйреттік. Төрт аяқты серігім секем алып қалмасын деп, алдымен елу метрлік жерден қарумен атамыз. Мұндай қашықтықтағы оқ дауысына үйрене бастаған уақытта тағы да он метр жақындай түстік. Міне, осылай баспалдақ сатысына көтерілген сайын әрбір күрделі тапсырмаларды жеңіл жаттығулардан бастап отырдық. Әрине, сайысқа түскен атышулы қызметтік иттер де өз әскери бөлімдерінде жарыс жүйесіне енгізілген сынақтарды жоғары деңгейде орындаған. Алайда бұл жердің атмосферасы басқа. Ұйымдастырушылар сынақтарды қиындатып, түрлі айла-тәсіл қолданады. Менің ойымша, сайыс күрделі болған сайын, қызметтік ит те жауынгерлік міндетін орындауда кез келген тосқауылға төтеп бере алатын мүмкіндіккке ие болады. Яғни құбарландарды шырғалаңға түсірген шара оларды, керісінше, шыңдай түседі. Жалпы, қызметтік иттердің жұмыс істеу қабілеті сегіз жыл үш айды қамтиды. Дегенмен жасына қарамастан қызметте белсенді болса, әрі қарай да жұмыс жасай береді.
– Айзаның өзге қызметтік иттерден айырмашылығы неде?
– Айза бельгиялық овчарка – малинуа тұқымдас ит. Жалпы, төртаяқтының бұл түрі күн райының құбылмалығына мән бермей, қызметін жалғастыра береді. Жалпы малинуа тұқымдастары із кесу жұмыстарына жұмылдырылады. Иттердің сезімталдығы адамдарға қарағанда әлдеқайда ерекше дамыған. Мысалы, Айза менің вальерге қандай көңіл-күймен келе жатқанымды сезіп тұрады. Сенесіз бе? Қызметтік иттің бұл түрі иістің 11 миллион түрін ажырата алатын көрінеді. Арнайы кинология ғылымының зерттеулерінде иісшіл ит тастай қапас түнекте 100 метрге дейін кимылдаған затты байқап, сонымен қатар 25 метр қашықтықтағы дауысты ажырата алады екен. Жалпы, иттердің мінез-құлқы да тура адамдардікіне ұқсас. Сангвиник, меланхолик, флегматик, холерик сияқты төрт типтен тұрады. Ал қызметтік иттің мінезі меланхолик пен холериктерден таңдап алынады. Итпен байланыс орната білуде көбіне сабырлы иттер қажет. Айза холериктер тобына жатады. Ұрғашы ит болғандықтан, мінезі тұрақты, бұйрыққа тез бағынышты келеді. Ал кинология қызметінде иттердің еркек-ұрғашы деп бөлінуін де жер мен көктей айырмашылық бар. Қызметті атқару барысында еркек ит таяу маңда ұрғашыны көрсе, ойы сан-саққа бөлініп, жүктелген тапсырманы орындай алмай қалады. Менің ойымша, кинолог мамандығын психолог мамандығына ұқсатуға болады. Төрт аяқтының тілін табуда, қызметтік иттің алдымен сеніміне кіру қажет. Ал жаттығу жұмыстарына алғашында небары жарты сағат арналса, кейінірек бір жарым сағатқа дейін ұласады. Күшік берілген тапсырмаларды орындауда алғырлығымен ерекшеленсе, озық топтағы иттермен күрделі жаттығу түрлерін орындауға көшеді. Тапсырмаларды бұлжытпай орындаған төрт аяқтының қызметі ескеріліп, кейбір итке иесі тәтті тағам берсе, кейбірі сүйікті ойыншығын ұсынады.
– Айзаның бүгінгі жетістігінен кейін, қызметтік итке деген көзқарас әскери бөлімде өзгерген болар?
– Айза көпсайыста енді топ жарып көзге түскенімен Курчатов қаласының тұрғындары үшін өзіндік бір мәртебеге ие. Себебі қызметтік ит қаладағы біраз қылмыстың бетін ашуға себепкер болған. Әсіресе, ұрлық, тонау болған жағдайда қылмыскерлердің ізін суытпай анықтау үшін қызметтік иттің көмегіне жүгінген оқиғалар жиі тіркелді. Биылғы ақпан айында қала шетіндегі саяжайда кісі жоғалады. Беталысы белгісіз жанды табуға жедел іздестіру тобымен бірге Айза да аттанады. Иісшіл ит небары аздаған уақытта қасат қар астында жатқан адамды тауып алды.