ТҮРКІСТАН: ОТ ПЕН ОҚТЫҢ ОРТАСЫНДА ЕРЕН ЕРЛІК КӨРСЕТКЕН ТҮРКІСТАНДЫҚ АРДАГЕР


Сұрапыл соғыста от пен оқтың ортасында жүріп ерен ерлік көрсеткен, одан кейінгі бейбіт кезеңде ауыл шаруашылығы саласында адал еңбек еткен майдангерлер аз емес. Солардың бірі соғыс және еңбек ардагері – Байырбек Садықұлы.
Байырбек атамыз 1920 жылы Түлкібас ауданына қарасты Дәубаба ауылында дүниеге келген. Мектептің жетінші сыныбын бітірісімен еңбекке араласып кетеді. Алғашында Түлкібас орман шаруашылығында жұмысшы, одан кейін орманшы болып, бес жылдай еңбек етеді. 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, аздаған даярлықтан соң майдан шебіне жіберіледі. Сөйтіп, 1941 жылы Сталинград, Оңтүстік-Батыс, 3-Украина, 1-Беларусь майдандарында ұрыс қимылдарына араласып, аталған жерлерді жаудан азат ету шайқастарына қатысады. Төрт жылда небір сұрапыл шайқастарды басынан өткеріп, Ұлы Жеңісті Берлин қаласында қарсы алады.
Қызы Гүлзейнеп Байырбекқызының айтуынша, майдангер 1946 жылы елге аман-есен оралған.
– Мен әкем соғыстан оралғаннан кейін дүниеге келдім. Үйдің тұңғышы болдым. Әкем елге келген соң сыр берген денсаулығына қарамастан бұрынғы жұмысына кірісіп кетті. Түлкібас орман шарушылығында орманшы, техник болып бес жылдай жұмыс істеді. Еңбек пен оқуды ұштастыра жүріп, кәсіби шеберлігін де жетілдіре түсті, – дейді Гүлзейнеп апа.
Байырбек Садықұлы майданда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. 1943 жылдың қараша айында Кеңес Одағы Қызыл Армияның қатардағы сарбаздары мен сержант құрамдарын марапаттау үшін үшінші, екінші және бірінші дәрежелі «Даңқ» орденін бекіткені мәлім. Осы орденнің үш бірдей дәрежесіне оңтүстіктің сегіз солдаты ие болды. Солардың қатарында Байырбек Садықұлы да бар еді.
– Әкем бізге «Майдан даласында оқ жаңбырша жауып тұрды. Тіпті, қалай тірі қалғанымды білмеймін. Көретін жарығым бар шығар» деп отырушы еді. Ол кісі жыл сайын келетін Жеңіс күнін майдангер достарымен бірге атап өтетін. Жас толқынға майдандағы ерліктері туралы әңгімелеп беретін. Берлинге барғанда сондағы бос үйлердің бірінен жамылғы алып шығыпты. Көзге ілінгені сол болса керек. Неге екенін қайдам, әкем соны үнемі астына салып отыратын, – деп еске алады майдангердің қызы.
Байырбек Садықұлы 1952 жылдан 1971 жылға дейін Түлкібас, Қызылқұм, Шардара, Созақ және Бадам орман шаруашылықтарында басшылық қызметтерде болды. Ол осы қызметтерінде ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, өңірдің орман шаруашылығын өркендетуге сүбелі үлес қосты. Осы еңбегі үшін «КСРО Орман шаруашылығы министрлігінің социалистік жарысының үздігі» төсбелгісімен, «Мемлекеттік орман қорғау қызметінде 10 және 20 жыл атқарған мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.
– Әкем достыққа, жолдастыққа адал болды, өзгелерге үнемі қамқор болып жүретін. Анам екеуі үлгілі отбасы болып, бірге қартайды. Екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан бірнеше немере, шөбере сүйді. 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алар қарсаңда дүниеден озды, – дейді Гүлзейнеп апа.
Еліміз егемендік алғаннан кейін майдангердің есімі Түлкібас ауданындағы орта мектепке, өзі туып-өскен ауылдың көшесіне берілді. Оның есімі, қайталанбас тұлғасы туған халқының жадында мәңгі өшпейтін жұлдыздай жарқырай бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы