
Ұлы Отан соғысына Созақ ауданынан аттанған 6000-ға жуық адамның ішінде Түктібай Аймұрзаев та бар еді. 1941 жылы Ақтөбе қаласында жасақталған 101-атқыштар бригадасы 1942 жылдың 20 қарашасында Калинин майданының 39-армиясы құрамында Ржев түбіндегі ұрысқа кіреді. Бұл операция Мәскеуді қорғау мен Сталинград майданындағы фашистердің күшін әлсірету мақсатында жоспарланған «Марс» операциясы болатын.
Жауынгерлер операцияны орындау үшін күші өзінен әлдеқайда басым жаумен соғысып, зор шығынға ұшырайды. Осы ұрыста қазақстандық жауынгерлердің 80 пайызы қаза табады. «Марс» операциясына қатысқан жауынгерлер туралы деректер 2007 жылға дейін жария етілмей, «Ржев қанды қасабы» немесе «Марс» операциясы туралы деректер ұзақ уақыт бойы айтылмай келді. Әскери тілші Константин Симонов «Өлім аңғары» деп атаған Ржев түбіндегі шайқас Мәскеу үшін аса маңызды саналды. Себебі, Ржев – Вязьма плацдармы Мәскеуге 150 шақырымдай жерде тұр, яғни бұл жер жау әскерінің Мәскеуге кіретін қақпасы. Осы бригада құрамындағы Түктібай Аймұрзаев Ұлы Отан соғысының жорықты жылдарындағы ерліктері үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Созақ ерінің «Награда қағазында» былай жазылған: Жолдас Аймұрзаев Түктібай 1942 жылдың қыркүйек – 1943 жылдың 13 қыркүйек айлары аралығында Ұлы Отан соғысында Калинин майданында 101-атқыштар бригадасында 103-атқыштар полкінде взвод командирінің көмекшісі ретінде неміс фашист басқыншыларына қарсы соғысқа қатысқан. Белиж қаласын жаудан азат етуде 1943 жылы 13 қыркүйекте снаряд жарықшағынан ауыр жараланады. Оның іш құрылысы зақымданып, көк бауырын алып тастайды. Үшінші топтағы соғыс мүгедегі. Бүгінгі таңда еңбекші депутаттары Созақ аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады. Жұмысына жауапты. Ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады. Ол бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсынуға лайықты.
Созақ ауданының әскери комиссары Бабашев.
1947 жыл, 5 маусым.»
Партия-кеңес қызметкері, Ұлы Отан соғысының ІІІ топтағы мүгедегі, еңбек ардагері Түктібай Аймұрзаев 1914 жылы Созақ ауданының Куйбышев атындағы ұжымшарында дүниеге келген. Он тоғыз жасында аудандық «Социалистік шаруа» газетінің бұқарамен жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Қызылорда қаласындағы екі жылдық кеңес-партия мектебін бітірген. 1941 жылы желтоқсанда Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1943 жылы ауыр жарақатына байланысты әскери қызметтен босатылады. Елге оралған ол ұзақ жылдар бойы партия-кеңес органдарында қызмет істеп, 1982 жылы зейнеткерлікке шығады.
Иә, оның еселі еңбегі еш болған жоқ, бірнеше мәрте мемлекеттік марапаттарға ие болды. Аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. Қазір Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы орталық көшелердің бірі Түктібай Аймұрзаевтың атымен аталады. Түктібай көкеміздің Құдай қосқан қосағы Назым Қуатбекова анамыз екеуі дүниеге үш ұл, екі қыз әкеліп, олардың барлығын жоғары оқу орындарында оқытты. Ұл-қыздары еліміздің өркендеуіне өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.
Иә, ерлік ешуақытта ұмытылмайды. Бүгінде жастар Түктібай Аймұрзаев атындағы көшемен жүріп өткен сайын жауынгер рухына тағзым жасайды.