ТҮРКІСТАН: «САРБАЗ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» АКЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ


«AMANAT» партиясы ұлттық армиямыз еліміздің айбынды қорғаны, қуатты қалқаны болуға тиіс деп біледі. Мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау – баршамыз атқаратын перзенттік борыш деп санайды. Осы орайда, жастарымызды елжандылық рухта, нағыз Отаншыл азаматтар ретінде тәрбиелеуге басымдық берудеміз.
Қоғамның түрлі әлеуметтік санатын біріктірген партиямыз жас толқынды жоғары патриотизм құндылықтары аясында тәрбиелеуде жыл сайын «QAISAR» әскери-патриоттық ойындарын өткізіп келеді. Осы ойындардың жеңімпазы болып 2023 жылы партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты танылды.
Түркістандық рухтастар «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының Түркістан облысындағы белсенділерімен бірлесе осы дәстүрдің ізімен «Сарбаз болғым келеді» атты патриоттар акциясын өткізіп, замандастарының өне бойына ерлік пен елдік қасиеттерін дарытуға күш біріктірді. Акцияға Түркістан қаласындағы «Яссы» колледжінің 30-дан астам тәлімгерлері қатысып, халқымыздың қаһармандық дәстүрлеріне тағзым етті, ел қорғаны болған аға ұрпақтың қайсарлық тағлымын танып-білді. Тәуелсіз Қазақстан армиясының айбынды жолынан өнеге алып, әскери қызметтің кәсіби сипатымен жақыннан танысты.
Акцияның мақсатына сай, өз дәрежесінде өтуіне Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6505 бөлімі, Түркістан қаласындағы бөлімшесінің басшылық құрамы үлкен жәрдемін көрсетті. Өмірінде алғаш мәрте әскери бөлімшеге аяқ басқан жастар, мұндағы техникалармен жақыннан танысты, жауынгерлердің сап түзеген қатарына қосылып, әскери шерудің рух көтеретін сән-салтанатына қанық болды. Сарбаздардың казармаларын аралап көріп, жауынгерлердің күнделікті тұрмыс-тіршілігімен жақыннан танысты. Әскерилердің жаттығу жиындарына қатысып, оқу-тактикалық жаттығулардан тағлым алды.
Айта кету керек, Ұлттық ұлан сарбаздары қоғамдық тәртіпті сақтауға, азаматтардың тыныштығын қорғауға, қоғам қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген қауіптің алдын алуға қызмет етеді. Антқа адалдықтың биік үлгісін көрсетіп жүрген бұл әскери құрылым көптеген қылмыстық оқиғалардың алдын алып, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап келеді. Төтенше жағдайлар кезінде азаматтарды құтқаруға жұмылдырылып, аспанымыздың ашық болуын, балаларымыздың жүзінен күлкі шуағының көмескіленбеуін қамтып отыр. Партиямыз ұйытқы болған ізгілікті іс-шара Отан қорғауға дайын жастарымызды жігерлендіреді деген сенімдеміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы