ТҮРКІСТАН: ҚАРУЛЫ КҮШТЕР – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ


Түркістандық тұрғындар назарына армия генералы Мұхтар Алтынбаевпен болған тағылымды сұхбатты ұсынып отырмыз. Қазақтың арғы-бергі тарихында «армия генералы» дейтін жоғарғы әскери шенге ие болған екі-ақ азамат бар. Екеуі де «Халық қаһарманы» атағын алған тұлғалар. Алғашқысы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов болса, екіншісі – Мұхтар Алтынбаев. Қазақстан Қарулы Күштерін жасақтауға бастан-аяқ қатысқан, қазақ армиясының келбетін қалыптастыруға үлес қосқан алғашқы офицерлердің қатарында болған қайраткер. Мұхтар Қапашұлы КСРО Қарулы Күштеріндегі қызметі барысында генерал шенін алып үлгерген санаулы отандасымыздың бірі еді. Жастайынан ұшқыш болуды армандап, мақсатына жету үшін алған бетінен қайтпаған азамат. Полк, дивизия, корпус командирі, әскери әуе күштерінің, әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы болды, екі мәрте салалық министрлікті басқарды. КСРО-да жасалған әскери ұшақтардың көбін тізгіндеді, АҚШ-тың атышулы F-16-сымен де ұшып көрді. Қазақ офицерлерінің білікті екенін дәлелдеді. Біз сексеннің сеңгіріне шыққан генералмен сұхбаттасып, көкейде жүрген бірқатар сауалымызды қойдық.
– Мұхтар Қапашұлы, Қазақстан Қарулы Күш¬терін құрған азаматтардың қатарында болдыңыз. Әңгімені армиямыздың қалай жа¬сақ¬талғанынан және 1992 жылы сіздің қайда болғаныңыздан бастасақ…
– Біз әңгімені менің Қазақстанға келген кезім¬нен емес, одан сәл ертеректен бастайық. Біріншіден, Қазақстан тәуілсіздік алған кезде мен Түрікмен¬станда дивизия командирі болып жүрдім. Әлбетте, еңбек демалысы кезінде елге бірнеше мәрте кел¬ге¬нім бар. Еліміздің Қарулы Күштері құрылардан бұрын бір келгенімде Орталық комитетте істейтін Қайырбек Сүлейменов деген азаматпен жолықтым. Оған өзім жайлы баяндап бердім. «Осындай жерде жұмыс істеймін, генералмын, дивизия командирі¬мін, академия бітіргенмін. Қазақстанға қайтпақ ниетім бар» деген мазмұндағы ойымды айттым. Бірақ ол кісі Қазақстанда маған лайық қызмет жоқ екенін айтып, шығарып салды. Сөйтіп, мен кері қайтуға мәжбүр болдым. Көп кешікпей Мәскеуде офицерлер кеңесі болды. 1992 жылдың қаңтарында Кремльдегі съездер сарайында өтті. Мені де шақыр¬ды. Жан-жақтан жүздеген генерал келді. Жиналысқа 4 мың 800-ден астам адам қатысты. Ол кезде КСРО тараған, орнына ТМД құрылған. ТМД Қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып авиация марша¬лы Евгений Шапошников тағайындалған-ды. Ол кезде КСРО ыдырағанмен, барлық қару-жарақ, соның ішінде ядролық қарулар да армияның қолында еді. Шетелдер, соның ішінде АҚШ, Еуро¬па барлық күштің армия қолында қалғанынан сес¬кеніп отырған кез. Офицерлер нақты кімге бағына¬тынын білмейді. «Біз кімге бағынамыз?» деген сауал бар, жауап жоқ. Басқосуға Ресей президенті Б.Ельцин мен Қазақстан президенті Н.Назарбаев келді.
Сол жиналыста мен алғаш рет Сағадат Қожах¬метұлын көрдім. Қасына барып, өзімді таныстыр¬дым. Таңғалды. «Енді не істейін?» деп едім, жауап бере алмады. Өйткені армия әлі құрылмаған кез еді ол. Қазақстанға қайтқанмен, қызмет жоқ. Сол себепті Түрікменстанға қайта кетіп қалдым. Сөйтіп жүргенде Мәскеудегі таныстардың бірі қоңырау шалды. Ол жақта да біраз дос-жаран, тамыр-таныс бар ғой. Солар «сені Қазақстанға жібергелі жатыр, дайындала бер, Алматыға тағайындады» деді. Мен «қалжыңдамаңдаршы» дедім. Дегенмен тиісті жерлерге хабарласып сұрасам, рас екен. Содан құжаттарды, дивизияны тапсыра бастадым. Сөйтіп, 1992 жылы наурыз айының соңына қарай Қазақ¬станға келдім. Мені Түрікменстан тағы жібергісі келмеді. Ол кезде Түрікменстан президенті Сапар¬мұрат Ниязов еді. Түрікменстан басшысы мен қызмет еткен Марыға келіп жүретін. Сол себепті оған телефон соғып, дивизиядан кететінімді, сон¬дай бұйрық бар екенін айттым. «Тағайындалардың алдында менімен неге ақылдаспадыңыз, менің сіз туралы жоспарым басқа еді ғой» деп базынасын білдірді. Мен үндеген жоқпын. Сәл үнсіздіктен соң: «Елім ғой, қазақта «Есің барда еліңді тап» деген мақал бар» дедім. «Алаңдамаңыз, маған келіңіз» деп резиденциясына шақырды. Бірақ «Елге жібермей қояр ма екен?!» деген күдігім болса да, ертеңінде Сапармұрат Ниязовтың резиденциясына бардым. Өте жақсы қарсы алды. Рақметін айтып, көлік сыйлады. Сөйтіп, Қазақстанға қайтып келдім. 1992 жылдың 1 сәуірінен бастап корпус командирі қызметіне кірістім.
Бірақ сонда да Е.Шапошниковтың қоластында болдық. Ол әлі ТМД Қарулы күштерінің бас қол¬бас¬шысы еді. Апта сайын есеп береміз. Түркістан әскери округінің қолбасшысы Ташкентте. Оған да жағдайды үнемі баяндап отырамын. Округ қолбас¬шысымен арамыз тым жақын емес еді. Мен корпус командирімін. Іштей «Неге бұларға есеп беруім керек?» деп ойладым да, бір апта есеп бермей қой¬дым. Ташкенттегілер Мәскеуге хабарлапты. Содан соң Мәскеуден комиссия келді. Оларды әуежайда өзім күтіп алдым. У да шу. «Қазақстандағы корпус командирі неге жағдайды баяндап отырмайды?», – дейді. Алматыда кәсіппен айналысатын таныс¬тар¬дың біріне өтініш айтып, мейрамханада дастарқан әзірлетіп қойдым. Содан соң Мәскеуден келген комиссия мүшелерін сонда апарып, дастарқан басында «Сендер қайда отырсыңдар? Бұл елдің президенті кім?» деп сұрадым, олар жауап берді. Сол сәтте: «Ендеше неге мен Мәскеуге есеп беруім керек? Біз – тәуелсіз елміз», – дедім. Сөйтіп, комиссияға келген офицерлер келісті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы