
Оларды шығарып салған соң Сағадат Нұрма¬ғамбетов ағамызға барып, жөнімді айтып, жағдайды баяндауға рұқсат сұрадым. Сағадат Қожахметұлы: «Баяндаудың қажеті жоқ. Сенде бәрі дұрыс. Мұнда сенсіз де жұмыс толып жатыр», – деді. Ол кезде мен ТМД Қарулы күштері әуе қорғанысы корпусы¬ның командирі едім. Корпусқа Қырғызстандағы, Ресейдің Орынбор облысындағы Домбаровский әуежайындағы бөлімшелер қарайтын. Кейін 1992 жылдың 8 мамырында мені Мемлекет басшысы резиденциясына шақырды. Барсам онда әскерилер толып отыр екен. Ішкі істер, қауіпсіздік қызметі ген¬ер¬алдары да бар екен. Сағадат Қожахметұлына барып «Сіздің бұйрығыңызбен келіп тұрмын» десем, ол кісі «Менің бұйрығым емес, отыр», – деді. Қырық минуттай отырдық. Бізді неге шақырғанын ешкім білмейді. Содан соң Президент шығып Ресей өз Қарулы Күштерін құрғанын, Кеңес Одағы Қару¬лы Күштері таратылғанын айтып, біздің де ар¬мия жасақтауымыз қажет екенін атап өтті. Сөй¬тіп, трибунада тұрып, біздің көзімізше Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғаны жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бәріміз бірге фотоға түстік.
Қазір біз 7 мамырда Қарулы Күштердің құрыл¬ғанын атап жүрміз ғой. Іс жүзінде қол 8 мамырда қойылған еді.
– Неге Жарлықта 7 мамыр деп жазылған?
– Оның жөнін айтайын. Сол кезде 7 мамырдың неге таңдалғанын Президенттің өзі айтқан. Егер 8 ма¬мыр күйі қалса, ол 9 мамырдың тасасында қала¬тынын айтқан еді. Сол себепті «екі мейрамның ара¬сына бір күн салайық» деген идея болғанын атап өт¬кен. Қарулы Күштердің құрылған күні сол се¬бепті 7 мамыр деп белгіленді. Оның үстіне, 7 санын қазақ қас¬терлейтіні тағы бар. Сол күні екінші Жарлықпен Сағадат Қожахметұлы Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ол кісі генерал-лейтенант еді, генерал-полковник атағы берілді.
– КСРО-ның әскери мүлкін бөлісу қалай болып еді?
– Ол бір күрделі, қиын кездер еді. Қорғаныс министрлігі құрылғанымен, КСРО-ның әскери мүлкі бөлісілмеген болатын. Қазақстан мен Ресей арасын¬дағы келісімге сәйкес елімізде қалатын қару-жарақ пен әскери бөлімдер нақтыланды. Қарулы Күштер¬ құрылмастан бұрын олар біздің жерден көп дүниені алып кетті. Заңды да, заңға томпақ жолдармен де талай техниканы алды. Біздің елдегі жанар-жағармай, әскерге арналған азық-түлікті басқа қоймаларға та¬сымалдауға заңсыз бұйрық берген кездер болған. Кейін Қарулы Күштер жасақталған соң нақты талап қоя бастадық. 1993-1995 жылдары Қазақстан жерінен стратегиялық бомбалаушы ұшақтар да әкетілген еді.
«Заңсыз әкеткен техниканың өтемақысын берің¬дер» деп сөз бастадық. Олар бет қаратпады. Бір жыл өтті, екі жыл өтті. Біз қайтпадық. Ақыры олар техни¬каның бағасын айтуды сұрады. Бірақ біз құнын біл¬мейтін едік. Өйткені өндірген зауыттар Ресейде. Олар бағасын айтпайды. Қаншама министрмен сөйлесіп, түрлі амал жасадық. Ол кезде Сағадат Қожахметұлы кетіп, орнына Әлібек Қасымов министр болып тағайындалған еді. Ол да бұл мәселеге білек сыбана кірісті. Ақыры ресейліктер «бағасын қайтесіңдер, орнына техника берейік» деген уәж айтты. Ол кезде мен Әскери әуе күштерінің қолбасшысы едім. Мені 1993 жылы Әуе қорғанысы күштері корпусынан Әс¬кери әуе күштеріне ауыстырған еді. Ол кезде Ресей Әскери әуе күштерінің бас қолбасшысы генерал Петр Дейнекин еді. Бізге РФ қорғаныс министрі Павел Грачевпен бірге ресми сапармен келді. Оларды қарсы алып, жақсылап дастарқан жайдық. Сол кезде оған: «Петр Степанович компенсацияны қашан бересіз¬дер?» дедім. Аздап қызып алған Дейнекин «Өзің ұш¬ақ¬ты ұшырсаң, сонда беремін» деді. «Сөзіңде тұрасың ба?» дедім. «Тұрамын» деді. Ол азамат екен, уәдесінде тұрды. Біз 1996 жылдың қаңтарында уәде¬лестік. Ал наурызда Ресей Әскери әуе күштері қол¬басшысына бардым. Сөзінен ұстадым. Липецк қала¬сындағы ұш¬қыштарды қайта даярлау орталығында жаңа ұшақпен ұшуды алты күнде үйрендім. Су-27 еді. Олар¬ды Қиыр Шығыстағы Чугуевкадан алып келді. Біз алдымен 2 ұшақ алып кеттік. Іле-шала айқай-шу басталыпты. Жарлық жоқ, қаулы жоқ, қысқасы ешқандай ресми құжат жоқ, ауызша келісім ғана бар. Кәдімгі ұшақты заң¬сыз айдап кеткенмен бірдей еді. Содан ресейлік тиісті органдар мәселе көтерсе керек, жігіттер, соның ішінде Дейнекин де бар телефон соқты. «Іс қозғалып жатыр, бірдеңе істе, көмектес» дейді. Мен Мемлекет басшысына бардым. Президент маусымда Ресейге сапармен барады екен, «жарайды» деді. Делегация құрамында мен де болдым. Мәскеуде Ельцинге ай¬тып, мәселені шешті. Сөйтіп, біз жалпы саны 86 ұшақ алып келгенбіз. С-300 кешенін де, Ту-134 ұшағын да ал-дық. Мамандарды тегін оқытуға келістік.
– Олардың құны қанша еді?
– С-300 кешені 500 млн доллар тұрады. Әскери ұшақтардың әрқайсысын кем дегенде 20 млн доллар деп бағаласақ, оларды 86-ға көбейтіңіз. Қомақты сома шығады. Сол ұшақтардың бірқатары әлі ұшып жүр. Қателеспесем, Су-25, Су-27. Ла-39 әлі қолданылады. МиГ-29 азайды. Осындай да күндер болған.