ТҮРКІСТАН: «САНАЛЫ ҰРПАҚ – САНАЛЫ ОТБАСЫДАН БАСТАЛАДЫ» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ


Түркістан қаласында жастарды ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтар негізінде саналы ұрпақ етіп қалыптастыру мақсатында маңызды әрі тағылымды кездесу өтті.
Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шара «Саналы ұрпақ – саналы отбасыдан басталады!» атты тақырыпта өрбіді.
Жиынға қоғам белсенділері, мемлекеттік мекеме өкілдері, жастар және ардагерлер қатысып, отбасы институтының қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі туралы келелі пікірлер айтылды. Кездесу барысында қатысушыларға арнайы бейнематериал ұсынылып, ұлттық тәрбиенің негізі саналатын құндылықтар туралы терең мағлұмат берілді. Бейнематериалда отбасының бала тәрбиесіндегі ықпалы, ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық дәстүрлердің маңыздылығы кеңінен көрсетілді.
Шара барысында қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серімқызы, Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, сондай-ақ «Бітімгер» медиаторлар кеңесінің басшысы, облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Айғаным Серімқызы өз сөзінде ұлттық тәрбие мен ата-әже мектебінің маңыздылығына ерекше тоқталып өтті:
– Саналы ұрпақ – үлкендердің көрегендігі мен өнегесінен нәр алады. Әже мен атаның тәрбиесін көрген бала ешқашан жамандыққа бармайды. Қазіргі таңда отбасы ішіндегі өзара сыйластық пен жауапкершілікті арттыруымыз керек. Себебі отбасы – рухани құндылықтардың ең алғашқы ошағы, – деді ол.
Ал Ерназар Баетов өз кезегінде мемлекеттік саясат пен қоғамдық тұрақтылықтың негізінде отбасының алар орны туралы айтып өтті:
– Жастарға берілетін тәрбие, ең алдымен, отбасыдан басталуы тиіс. Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Отбасында қалыптасқан адамгершілік, жауапкершілік, тәртіп секілді қасиеттер болашақта ел болашағы саналатын жастардың тұлғалық дамуына тікелей әсер етеді, – деді ол.
Кездесу барысында Бақытжан Бейсембаев медиация және отбасылық құндылықтарды сақтау жолындағы тетіктер туралы пікір білдіріп, отбасындағы дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-ана өзара түсіністік пен сыйластықты алдыңғы орынға қоюы қажет.
Жастар бұл кездесуге ерекше қызығушылықпен қатысып, спикерлерге түрлі сұрақтарын қойып, өмірлік тәжірибелерінен сабақ алды. Кездесу барысында ұйымдастырылған ашық пікір алмасу алаңында қатысушылар отбасы ішіндегі рөлдік тәрбие, ұл мен қызға берілетін ұлттық міндеттер, бүгінгі заманның талаптарына сай құндылықтар жайында өз көзқарастарымен бөлісті.
Шара соңында жастар мен қонақтар естелік суретке түсіп, алдағы уақытта да осындай мазмұнды кездесулердің жиі өткізілуіне тілектестіктерін білдірді.
Саналы отбасы – саналы ұрпақтың, ал саналы ұрпақ – саналы қоғамның кепілі.
Ұлттың болашағы – ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Ал ұрпақтың бойына имандылық, ізгілік пен ұлттық сана дарыту – отбасының басты миссиясы. Осындай игі бастамалар арқылы қоғамда рухани тұтастық пен ұлттық бірлік нығая түсері сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы