
Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген ардагерлер мен әскери қызметкерлердің қатысуымен салтанатты шара өтті.
Бүгін – еліміздегі жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн – жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыратын құрылымдардың қажырлы еңбегін бағалайтын ерекше мейрам.
Салтанатты жиынға өңірдің құрметті ардагерлері, әскери қызметкерлер, жас сарбаздар мен қала тұрғындары қатысты. Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы подполковник Қуанышбек Құлымбаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, жергілікті әскери басқару органдарының қалыптасу тарихы мен жетістіктеріне тоқталды.
– Соңғы жылдары біздің департамент облыстың қорғаныс қабілетін арттыруға айтарлықтай үлес қосып келеді. Жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, әскерге дейінгі кәсіби бағдар беру және әскери қызметтің беделін арттыру – басты міндетіміз. Әскер қатарына шақырылған жас буынның отаншыл рухы мен жоғары тәртібі – біздің еңбегіміздің нәтижесі, – деді Қ.Құлымбаев.
Облыстық департамент құрылған төрт жыл ішінде Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қатарына 15 мыңнан астам жас азамат әскерге жөнелтілген. Бұл – ел қорғауға дайын, білікті сарбаздардың қатарын толықтырып келе жатқан аймақтың зор жетістігі. Сондай-ақ үш жыл қатарынан Түркістан облысының «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері «Айбын» республикалық жастар жиыны аясында жүлделі орындарға ие болып, үздік нәтиже көрсетіп келеді.
Шара барысында ардагерлер сөз сөйлеп, жас буынды Отанға адал қызмет етуге, ел тыныштығын сақтауға үндеді. Олар әскери қызметтің мәртебесін көтеріп, жастар арасында патриоттық тәрбиені нығайту – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті. Жиынға қатысқан жас сарбаздар мен оқушылар да еліміздің тәуелсіздігін қорғау – қасиетті борыш екенін сезініп, алдағы өмір жолына үлкен серпін алғандарын айтты.
Мерекелік жиынның соңында қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ өңірдегі әскери-патриоттық тәрбиеге белсене атсалысып жүрген қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне де құрмет көрсетілді.
Бұл мерекелік шара Түркістан облысында әскери қызметтің абыройын арттырып, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Жергілікті әскери басқару органдары алдағы уақытта да еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту жолында жауапкершілікпен қызмет ете бермек.