Биылдан бастап еліміз Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлап жатыр. Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнама онкүндігін жариялаған болатын. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға бағытталып отыр. Сондай-ақ, әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болмақ. Сонымен, аталған бағдарламасы бойынша 18 наурыз – ҰЛТТЫҚ КИІМ күні. Ұлттық стиль — ұлттық мінез пен ұлт бірлігін айшықтай отырып, ел мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігіне айналып келеді.
Наурызнаманың онкүндігі аясында киелі шаһарда ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өтуде. Атап айтсақ, мәдениетіміз бен дәстүрімізді дәріптеуге арналған бастамаға Түркістан облысындағы мемлекеттік қызметкерлер атсалысып, жұмысқа қазақы нақыштағы киімдермен келуде.
Айта кетейік, Түркістан облысында Наурыз мерекесі 10 күн бойы елдің еңсесін көтеретін игі іс-шаралармен өрнектеледі. Сондай-ақ, бүгін сағат 16:00-де «Керуен сарай» кешенінде «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» туристік маусымының салтанатты ашылуы өтеді.