
Қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруі ең алдымен заңның үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуына байланысты. Заң мен тәртіп – мемлекет дамуының негізгі қағидаларының бірі ғана емес, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды кепілі. Құқықтық мемлекет құру жолында заң талаптарын сақтау – баршаға ортақ міндет. Заң алдында барлық азаматтың тең болуы, олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Осы ретте әр адамның өз құқықтарымен қатар, міндеттерін де білуі және белгіленген тәртіп талаптарын орындауы маңызды. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Отбасында, білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында құқықтық мәдениетті қалыптастыру арқылы заңға құрметпен қарайтын, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеуге болады. Құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытында мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде жастар мен жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше мән берілуде. Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың маңызды құралы. Азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін неғұрлым жақсы білген сайын, заң талаптарын сақтауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға соғұрлым жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан құқықтық сауаттылықты арттыру – қоғамның қауіпсіз әрі өркениетті дамуының басты шарттарының бірі. Әсіресе өскелең ұрпақтың құқықтық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Жастардың заң талаптарын құрметтеуі, қоғамдық тәртіпті сақтауы және өз әрекетінің салдарын түсінуі – болашақ қоғамның тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Бұл бағытта кітапханалар, білім беру ұйымдары мен қоғамдық мекемелердің атқаратын рөлі зор. Заң мен тәртіп орныққан қоғамда азаматтардың мемлекетке деген сенімі артып, қоғамдық жауапкершілік қалыптасады. Әрбір адам өзінен бастап тәртіпті сақтап, заң талаптарын орындаса, бұл жалпы қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына оң ықпал етеді. Сондықтан заңға құрмет – елге құрмет, тәртіпке бағыну – қоғам алдындағы жауапкершілік. Заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау – қауіпсіз, әділетті және тұрақты мемлекет құрудың берік негізі.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының мерзімді басылымдар залының сектор меңгерушісі Пернехан Балнұр Ерланқызы