Қасиетті Отырар топырағы – талай дарынды тұлғаның ізі қалған, тарихы терең, рухы биік мекен. Осындай киелі өңірде 1941 жылы дүниеге келген ақын Сұлтаев Бекаманның шығармашылық жолы туған жерге деген сүйіспеншілікпен сабақтасып жатыр.Арыс өзенінің бойында дүниеге келген ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Бойында тудым Арыстың» деп аталады. Бұл атаудың өзінен-ақ ақынның туған жеріне деген перзенттік ықыласы мен жүрек толғанысы аңғарылады. Арыс бойы – оның балалық шағының куәсі, ақындық әлемінің бастау бұлағы.Бекаман Сұлтаев өз өлеңдерінде туған елдің қадірін, адамдық қасиетті, елдік пен ерлікті, ұрпақ тәрбиесін жырлауды басты мұрат еткен. Ақынның әрбір жырынан туған жерге деген сағыныш пен елге деген азаматтық жауапкершілік сезіледі.Ақындық – жай ғана өлең жазу емес, ол – халықтың жүрегіндегі сөзді жеткізу, елдің рухын көтеру, кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыру. Осы тұрғыдан алғанда, Бекаман Сұлтаевтың шығармашылық мұрасы жас ұрпақ үшін тағылымы мол рухани қазына.Ұрпақ ауысқанымен, жақсы сөздің ғұмыры үзілмейді. Ақынның туған жерді ардақтаған, елді сүюге үндеген жырлары кейінгі буынға рухани сабақ болып қала береді.Ақындық айбыны – елге қызмет етумен өлшенеді. Ал елге деген махаббатпен жазылған жыр – ұрпақ жүрегінде мәңгі жасайды. Бекаман Сұлтаевтың шығармашылық жолы – туған жерді қадірлеудің, елді сүюдің және сөз өнеріне адал болудың өнегесі.
Түркестан облыстық Фараб әмбебеп ғылыми кітапханасының Абонамент бөлімінің сектор жетекшісі Адырбекова Маржан Алпысбайқызы