
Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі шеңберінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дулатбек Әбіш бастаған депутаттар, қоғам белсенділері, журналистер, партия өкілдері «Ерлікке тағзым – табиғатқа құрмет» жобасын іске асыруға жұмылды. Жобаға қатысушылар өткенге тағзым етіп, майдангерлердің рухына құрмет көрсету, өскелең ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту аясына бірігіп, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жерленген Кеңес Одағы Батырларының зираттарында тазалық жұмыстарын атқаруды бастады.
Тағлымды іске атсалысқан азаматтар бүгін Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалына жиналып, Ұлы Отан соғысына оңтүстік өңірінен қатысқан 140 мың жауынгердің ерлік рухына тағзым етті. Түркістан қаласына табан тіреген жобаға қатысушылар Түркістан қаласында жерленген Кеңес Одағының Батыры Расул Есетовтың басына барып, Құран бағыштады.
Түркістанда туып-өскен қаһарман 1944 жылы небәрі 19 жаста 138-ші атқыштар дивизиясының бөлімше командирі бола жүріп, Карпат таулары аймағында жүрген қиян-кескі шайқаста жау бекінген орға түсіп, алдымен – тоғыз, кейін – 24 неміс фашистерін қолға түсірді. Осы ерлігі үшін қазақ жауынгеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ұлт қаһарманы 2009 жылы 84 жасында қайтыс болды.
Осы сапар аясында жобаға қатысушылар Ауған соғысында қаза тапқан Абдулхаким Ергешовтың да зиратына барып, батыр рухына тағзым етті. Айта кету керек, 1982 жылы әскерге аттанып, Ауғанстан жерінде із-түссіз жоғалған боздақтың сүйегі араға 30 жыл салып, 2012 жылы туған топырағына арулап қойылған еді. Абдулхаким Ергешов 1983 жылғы 15 қазанда әскери күзетте тұрған жерінде жау қолына түсіп, ерлікпен қаза тапқан.
Облыс орталығынан шыққан «Ерлікке тағзым – табиғатқа құрмет» жобасына қатысушылар Отырар ауданында қасиетті Арыстанбаб кесенесіне жақын жерге аялдап, Кеңес Одағының батыры Сейітқасым Әшіров жатқан зиратқа барды, Батыр рухына тағзым етіп, асыл азамат жатқан топырақтың тазалығын қамтыды. 1942 жылы 18 жаста майданға аттанған Сейітқасым Әшіров жауынгерлік жолын Бірінші Беларусь майданына қарасты 96-атқыштар дивизиясының 331-полк құрамында қатардағы жауынгер-барлаушы болып бастады. 1942–1945 жылдары взвод командирі бол¬ды. Полтава қаласын азат ету үшін болған шайқаста С.Әшіров Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұдан кейін соғыста көрсеткен ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз және III дәрежелі «Даңқ» ордендерін алды.
1944 жылдың 8 шілдесінде аға сержант Сейітқасым Беларусьтің Барановичи аумағындағы Заболотье деревнясында екі қандыкөйлек майдандасымен бірге жау тылына барлауға шығып, тұтқиылдан мино-мет батареясына шабуыл жасап, 20-дан аса фашисті өлтіреді, қалғанын қашуға мәжбүр етеді. Осы шайқаста жаудың 6 минометін, 2 тягачын, 4 автомашина және радиостансасын қолға түсіреді. Жаудың 11 жауынгері мен офицерін тұтқынға алады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылы 24 наурыздағы жарлығымен барлаушы С.Әшіровке Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, Ленин орденімен бірге Алтын Жұлдыз медалі қоса тапсырылады. Ұлт Батыры соғысты 1945 жылы 3 мамырда Бірінші Беларусь майданының құрамында Балтық жағалауында аяқтады. Кеңес Одағының батыры С.Әшіров 2004 жылы 1 шілдеде 80-ге келген шағында дүниеден өтті.
Ордабасы ауданында бастамашыл топ мүшелері Кеңес Одағының Батыры Берген Исаханов мәңгілік дамыл тақан жерге барып, Батыр рухына құрмет көрсетті. Арыс қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген Берген Исаханов 1942 жылы әскер қатарына алынған. 1943 жылдың қазанына қарай ол Орталық майдандағы 65-ші армия құрамында 69-шы атқыштар дивизиясының 120-шы атқыштар полкында бөлімше командирі болды. Осы әскери құрылымда қызмет өткерген қазақ жауынгері Днепр өзенін кешіп өту әскери операциясы барысында әскери басшылықтың ерекше көзіне түсті. Майданда көрсеткен ерлігі үшін Берген Исахановқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалімен наградталды. Қазақтың Батыр ұлы 1970 жылы небәрі 48 жасында дүниеден қайтты.
Батыр жерлестеріміздің рухын тербеткен іс-шара 5 және 6 мамыр күндері Шымкент қаласында, Түркістан облысының Сайрам, Түлкібас, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай аудандарында жалғасын табатын болады. Ерлік халық жадында ешқашан ұмытылмайды!