
Қазіргі таңда «Қуаныш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің әрқайсысы өзінің қолынан келген жұмысын жасап келеді. Ешкімге алақан жайып немесе үкіметтен көмек сұрап отырған жоқ. Хал-қадерінше, барды қанағат тұтып еңбек етуде. Бір қап күрішін, айранын алып, дәстүрлі әдіспен көжесін дайындап, халыққа ұсынып, жетістікке жетіп отыр. Мысалы, өзіңіз жазған тігінші Ұлжан Алтынбекованы алайық. Оны құрметтейтінім, қашан көрсеңіз де күліп, жайнап отырады. «Ұлжан, сенің отыратын жерің мүлдем кішкентай, үлкейтейік. Орын босаған кезде маған айтшы»- десем де, барды қанағат тұтып, сыр бермейді. Оны танығаныма он бес жыл. Жұмысқа кірген кезінде: «Осы жерден бала-шағама күніне екі нан апарсам, ризамын»- дейтін. Кейіннен екі наны төрт нан болды. «Құдайға шүкір, нанға май жаға бастадым. Тәуба!»- дегенде, шын айтып отыр ма екен деп ойлаушы едім. Алты баланың анасы. Бала күтіміне байланысты демалысқа шығады да, екі-үш айдан кейін қайта оралады.» Аман-есен босанып алдың ба?»- деп онымен бірге қуанамыз. Өмірі көз алдымызда өтіп жатыр. Қазір үйінің жанынан үлкен цех салып жатыр. Әрине, бұл тек «Қуаныш» базарындағы табыс емес. Жолдасының кәсібі бар. Ауызбірліктің арқасы. Мектеп жасындағы қыздарын да өз кәсібіне баулып жүр. Адамдардың осындай өмір-тарихын көргенде қуанамын! Қандай еңбек! Оқушы қыздары сабақтан кейін аналарына көмектеседі. Бұл да еңбек. Бұдан шығатын қорытынды, еңбек болмаса, ештеңе болмайды. Және Ұлжан тігінші сияқты айналаңа нұрыңды шашып отырсаң, Алланың да берері мол. Мен соны көрем. «Табыс сыры» жобасы осындай еңбек адамдарын дәріптеген, мерейін тасытқан өміршең жоба. «Мың естігеннен бір көрген артық»-, демекші, газетке басылған дүниенің орны ерекше. Үнпарақты қолға алып, ашып, оқыған сәттегі көңіл-күй басқаша. Одан бөлек, газетке басылған дүние тасқа басылған мәңгілік жылнама болып, ғасырдан-ғасырға ұласып, ел тарихында, Түркістан тарихында мұрағат болып қала береді. Адал еңбегімен қарапайым күн кешкен Түркістанның тұрғындарын паш еттік. Олардың әрқайсысы мақтауға, құрметке лайық! Гүл сатушы Дильноза Умарова, торт пісіретін Дильбар Мамадалиева, «Қуаныш» ЖШС-нің штатында қызмет ететін Бердіғали Сандыбаев, Таубай Шабидинов, Кенжекүл Тулбасиева, Муталов Дүйсенбай — әбден сыннан өткен, өз ісіне шын берілген жандар. Дүйсен ағамыз 1990-жылдан бері жұмыс істейді. Әжемді таныған кісі. Ол кісіге құрметім ерекше. Бердіғали аға — жұлдызымыз. Таубай ағай — өте іскер, басқару қабілеті күшті, адамдармен қарым-қатынас орнатып, тіл табысады. Айта берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Менің өмірде ұстанған бір қағидам бар. Қарапайым, дұрыс өмір! Ол не? Ол өзіңнің күнделікті іс-әрекетіңмен, ұялатын тірлік жасамай, адал еңбегіңмен алдыңа мақсат қойып дұрыс өмір сүру! Әкем Әбдіғаппар Шаймерденұлы осы қағиданың жарқын көрінісі, үлгісі! Мен де осы бағытты ұстанып, өмір сүріп келемін!
— Инара Әбдіғаппарқызы, әке жолын жалғастырып, өзіңіз тізгінді қолға алған кезеңдегі, жаңа Қазақстан, жаңа Түркістан кезеңіндегі жұмыстарыңыз туралы не айтар едіңіз? Жалпы, «базар», «сауда» деген ұғымды қалай түсініп жүрміз?
— Біз Ұлы Жібек жолының бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, сауда-саттық біздің өмірімізден үлкен орын алады. Бізде сауда жақсы дамыған. Ерте ғасырларда қала болу үшін міндетті түрде базарлар болған. Базарсыз өмірді көзге елестету мүмкін емес. Оның үстіне Түркістанымыздың Ұлы Жібек жолының бойына орналасқаны жәйдан-жәй емес. Ол Алланың бізге жіберген бағы деп ойлаймын. Сол ерте ғасырдан келе жатқан «базар» деген ұғым қазіргі таңда заманауи болып өзгеріп жатыр. Заманға сай даму, өркендеу болу керек. Ол неге байланысты? Ол — жайлылық! Жылы. Таза. Жарық. Қауіпсіздік. Бейнебақылау. Автоматтандыру. Яғни XXI ғасырдың жаңалықтарын енгізу, пайдалану керек. Қазір біздегі кәсіпкерлер инстаграмм арқылы сауда жасайды. Түркістанда отырып Қазақстан бойынша көтерме сауда жасайтын кәсіпкерлер бар. «Қалай жасайсыздар?» десем, «Инстаграмм арқылы» дейді. Кәсіпкерлер заманауи сауда жолдарын тиімді пайдаланады. Өйтпесе ол кәсіпкер болмайды ғой. Соның бәрін пайдалана отырып өз жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен, өзіміз аралап-көріп, қолмен ұстап, таңдап жасаған саудаға жетпейді. Сондықтан, қаншалықты алға басып, дамып кетсек те, базар керек. Өйткені, адамға адам керек. Бір-бірімізді көру, есіту, араласу, жүздесу маңызды. Тіпті, базарда саудаласып, зат алудың өзі — үлкен өнер. Базардың өмірі осынысымен қызық. Бірақ, өмірде ең бастысы, қандай жағдай болса да, Адам болып қалу керек! Ал, ешкімнен ештеңе сұрамай, абырой биігінде қалудың алғы шарттарының бірі — адал еңбек, адал табыс! Екіншіден, ұрпақ сабақтастығын сақтап қалу. Біздің өмірімізге мән-мағына беретін де осы ұрпақтар сабақтастығы, ұрпақтар жалғасы. Үшіншіден, абырой! «Арым — жанымның садағасы»- деген қазақпыз! Абырой сын сағаттарда өзіңнің кім екеніңді, қандай биікте тұрғаныңды, өміріңді қалай сүргеніңді білдіретін, ақшаға сатып ала алмайтын барометр, өміріңнің өлшемі! Қоғамдағы орның! Өмір бойы тірнектеп жинаған ар-ұятың! Неше түрлі қиын жағдайлар болды. Басымызға сынақ түскен кезде ұжымдастар жұдырықтай жұмылды. Қиын сәттерде бізбен бірге болды. Ұжымның алдына шығып: «Біз сіздерге айлық төлей алмаймыз. Жағдай осылай болып тұр» деп ашық айтқанымызда да, ешқайсысы «Мен кеттім. Басқа жұмыс іздеймін» деген жоқ. Қабақ шытпай, бір тиын талап етпей, жұмыстарын атқарып шықты. Дәнекерлеуші жігіттер, құрылысшылар, тағы басқа да жұмысшылар осы жерде таңды-таңға ұрып, түнде тоқтаусыз жұмыс істеді. Осындай іс-әрекеттері арқылы ұжымдастар өздерінің биіктігін көрсетті. Абырой осындай қадамдардан жиналады ғой. Ұлы Абай бабамыз айтқан, қандай жағдайда да адам боп қалу — міне, осы! Мың алғыс оларға!»- деген Инара Әбдіғаппарқызының әрбір сөзінде шындықтың жүзін көрдім.
«Табыс сыры» жобасын жүзеге асыру барысында қаншама адамдармен сырластық. Сұхбаттастық. Сондағы тәнті болғанымыз, сауда орнын ұзақ жылдар бойы басқарған Әбдіғаппар Шәймерденұлының тектілігі, қайырымдылығы, жо-марттығы, көркем мінезі туралы тек қана жақсы пікірлер, аңызға бергісіз әңгімелер айтылды. Қиын-дығы мол саланы қолға алып, әке жолын жалғастырған Инара Әбдіғаппарқызының аманатқа адалдығы, адамгершілігі, іскерлігі, жоғарыда өзі айтқан ұрпақ сабақ-тастығын сақтауы да — үлгі болар-лық, мақтауға тұрарлық қасиеттер. «Біз XXI-ғасырда, цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Қалай болғанда да өзгеріс, даму, алға басу керек. Осыдан он жыл бұрын бір халықаралық тренингте болғанымда естіген: «Бүкіл әлем сіздердің саусақтарыңыздың ұшын-да тұр. Бір түймені басып-ақ әлемді билейсіздер!»- деген мағыналы сөздер есімде жатталып қалыпты. Міне, сол күндер келді. Жаңару! Өркендеу! Даму! Оған біз бірден емес, сатылап, ескіні сақтап, жаңа-ны қосу арқылы жететініміз анық! «Қуаныш» ЖШС — әкемнің көзі! Әкемнің өмірінің мәні! Әке салған соқпақты жаңартып, жаңғырта отырып, аманатқа адалдығымды сақтап келемін!»- деп түйіндеді сөзін жүзінен жылылық ескен Инара Әбдіғаппарқызы! Орда бұзар отыз жастарыңыз құтты болсын дейміз біз де! Мәртебелеріңіз биіктей берсін!
Роза НАРЫМБЕТОВА.