
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, кәсіби, еңбек мамандықтарының мәртебесін көтеруге, адал еңбек пен мамандықты дәріптеуге ерекше мән берді. Ол өз Жолдауында:
«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек.» деп атап өтті. Сондай-ақ Тоқаев:«Жұмыстың жаманы жоқ – кез келген еңбек қашанда қадірлі.» деген ұстанымын білдірді.
Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Төлепберген Ахметұлы ағамыздың өмірі дәл осы қағидаттарға сай – адал азамат, адал еңбек, адал табыс ұстанымымен, өзінің әрбір қадамын халқына арнап, бауырмалдығымен, адалдығымен тіршілігін өткізді. Оның өмірі – Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық идеяның, жаңа Қазақстандағы «еңбек кұрметі» тұжырымдамасының көрінісі.
ЕЛГЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АЗАМАТ
Бір қарағанда адам өмірі қас-қағымда өтіп кететін секілді болып көрінеді. Сол қас-қағым уақытты, мағыналы да мәнді, жарқын да қызықты, бақытты да, баянды етіп өткізу әрбір адамның арманы. Өткен күндеріңнің өнегелі болғанын ұл-қыздарыңа үлгілі ғұмыр кешкеніңнен байқайсың.
Сый-құрметке ие болу айналып келгенде өз туған жеріңе, өскен ортаңа қызмет жасау. Ауданымызда осындай өнегелі ғұмыры бар, санаулы күндерде мерейлі жетпіс жасқа келіп отырған, бір әулеттің ақылшысы, Сауран ауданының қадірлі қариясы Төлепберген Ахметұлы ғұмыр кешуде.
Ахметов Төлепберген Ахметұлы 1955 жылдың 10 желтоқсанында тарихи тамыры терең, қасиетті Түркістан өңіріндегі Бабайқорған ауылдық округінің Бозбұтақ құтты мекенінде дүниеге келді. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» – деп дана халқымызда айтылғандай, кейіпкеріміздің әкесі – Бердібайұлы Ахмет – жылқыны жанындай жақсы көрген, малшылықтың қыр-сырын жетік меңгерген, соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде елдің еңсесін тіктеуге бар күш-жігерін салған елге абыройлы, жұртқа панасы болған жомарт жан болған. Анасы Пернекүл – мейірімі мен парасаты зор, кеңпейіл, қонақжайлығымен ел есінде қалған ізгі адам еді. Осындай қасиетті шаңырақта дүниеге келген Төлепберген көп балалы, ынтымақты отбасының төртінші перзенті болып ержетті. Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп, мал қамымен жүрген отбасы өте берекелі, тату-тәтті, көпке үлгілі болды.
Бала күнінен табиғатты аялауды, еңбекке беріле білу мен адамгершілік қасиеттерді отбасы тәрбиесінен бойына сіңірген ол жастайынан алғыр, жауапкершілігі жоғары болып қалыптасты. 1972 жылы отбасы Құмтүйін ауылына қоныс аударып, Төлепберген Ахметұлы сол жерде орта мектепті аяқтап, ауыл шаруашылығы саласында еңбек жолын бастады.
ӘСКЕРДЕ ШЫҢДАЛҒАН ЕРЛІК ПЕН ТӘРТІП
1974 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді. Екі жылдық әскери қызметтен кейін елге оралып, 1976 жылы шоферлік мамандықты меңгеріп, кәсіби жүргізуші ретінде қызмет атқара бастайды. Бұл кезең – адал еңбекке деген алғашқы қадамды, жауапкершілік пен жарасымды тәртіптің негізін қалады.
ЕҢБЕК ДАҢҒЫЛЫ
1977 жылдан 1998 жылға дейін Түркістан ауданы Орман-тоғай шаруашылығы мекемесінде автобус жүргізушісі қызметін атқарып, жұмысшыларды тасымалдауды мінсіз орындады. Жауапкершілігі мен еңбексүйгіштігі, тәртіптілігі үшін әріптестері арасында зор беделге ие болды. Оның бұл қиын да маңызды қызметі – өз ісіне адалдығын, халыққа қалтқысыз қызмет ететінін көрсетті.
ҮЛГІЛІ ШАҢЫРАҚ – ӨМІРДІҢ МӘНІ
1979 жылы өмірлік серігі Мария Мырзахмет Әуесханқызымен шаңырақ көтеріп, сыйластыққа толы тату-тәтті отбасының керегесін бекітті. Жары Мария ұзақ жылдар бойы «Құмтүйін» жалпы орта мектебінде тарих пәнінен дәріс беріп, талай шәкірттің жүрегіне білім шамын жаққан, абыройлы ұстаз. Бүгінде – зейнеткер, ғұмырлық жолдың биігінен өткен өмірін мақтанышпен еске алатын ардақты жан. Екеуінің ынтымақты шаңырағы бүгінгі күні де бірлік пен берекенің, мейірім мен сабырдың құтты ордасы.
ЖЕР АНАМЕН ТІЛДЕСУ ӨНЕРІ
«Ахмет ата» шаруа қожалығы – еңбекпен келген жетістік
«Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегендей, Төлепберген Ахметұлы 2003 жылдан бастап кәсіпкерлік жолына қадам басып, 2007 жылы «Ахмет ата» шаруа қожалығын құрды. Ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлесін қосып, егін шаруашылығы саласында біліктілік танытып, жердің қадірін білетін нағыз диқан ретінде танылды. Оның басшылығындағы қожалық ауылдың он екі тұрғынын тұрақты еңбекпен қамтып, жыл сайын дәнді дақылдар мен мақта егіп, ауыл-аймақты мал азығы және көкөніспен қамтамасыз етіп келеді. Жердің қасиетін түсініп, адал еңбегімен, маңдай терімен табысқа жетіп мол өнім алған азаматтың ел алдындағы еңбегі ерекше.
Ауылды мал азығымен, көкөніспен қамтамасыз ету, жердің құнарын ұқыпты пайдалану – барлығы да адал еңбектің жемісі.