
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында елдің алдағы даму бағытын айқындап, стратегиялық міндеттерді нақтылай түсті. Бұл құжат – мемлекеттiң келешек жылдарға арналған даму картасы, саяси жаңғырудың жаңа кезеңін ашатын бағдар және әлеуметтік-экономикалық өркендеудің басты бағыттары болып табылады. Жолдау тек тапсырма ғана емес, әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастама. Осы ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында қалалық жиын өтті. Түркістанда Республика күні қарсаңында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті Пленумы өтті. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын орындау барысы, сондай-ақ ұйымдық мәселелер қаралып, алдағы атқарылатын жоспарлар талқыланды.
Пленумға облыстық басқармаларының басшылары, зиялы қауым өкілдері, аудандық, қалалық «Әкелер мектебінің» төрағалары, «Әжелер алқасының» төрайымдары қатысты.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы прокуронының бірінші орынбасары Саян Келдібеков, пленум мүшесі Абдулла Ахметов, облыстық қоғамдық даму басқармасының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл баяндама жасап, жастар тәрбиесі және инвестиция тарту, партиялардың рөлін арттыру, алдағы Парламент сайлауына дайындық барысы, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидасы бойынша кеңінен тоқталды.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов өңірдің өркендетудегі басты бағыттардың бірі инвестиция тарту және бұл бағытта қазыналы қариялардың атқаратын рөлі маңызды екенін атап өтті.
– Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша Республикада көш бастап тұр. Бұл өңірді дамытуға мол серпін береді. Жұмыс орындары көбейеді, халықтың әлеуеті артады. Алайда шет елдік және отандық кәсіпкерлерге деген көзқарасты оңынан қалыптастыру маңызды шаруалардың бірі. Бұл бағытта қариялардың, ардагерлердің көпшілік ортада ақыл-кеңесі дұрыс болып, елдік пен бірлікке жол сілтесе, Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары мен Жолдаудағы міндеттерін насихаттауға қосқан мол үлесі деп білемін. “Қариясы бар елдің қазынасы бар” дегендей жалпы еліміздегі игі істерді дәріптеп, келешек ұрпаққа үлгі болатын ардегерлер әрқашан құрметке лайықты, – деді Нұралы Әлмаханұлы.
Пленум барысында өзге де баяндамашылар сөз сөйлеп, Жолдаудағы басым бағыттарға тоқталып, оны жүзеге асыруда ел болып жұмылып әрекет ету керектігін жеткізді.
Маңызды басқосу соңында ел ағалары тарапынан елді игі іске ұйыстыру, Жолдаудағы тапсырмаларды орындау бағытында жұмыс атқару жөнінде шешім қабылданды.
Осы орайда Мемлекет басшысының халыққа жолдауынан үзінді келтірсек. «Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан.
Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық.
Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.
Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан, барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек.
Баршаңызға мәлім, соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды өзгерістер жасалды.
Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда.
Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек. Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық.
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр.
Басқаша болуы мүмкін емес, себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады.
Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек» — деді Президент.