ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСУ – БАСТЫ МАҚСАТ


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдердің жергілікті тұрғындармен жиі кездесіп, өңірде қолға алынып жатқан жоспарлармен бөлісіп, алдағы атқарылар жұмыстармен таныстырып, қарапайым жандардың мұң-мұқтаждарын шешудің оңтайлы варианттарын бірлесе шешуді тапсырған болатын. Осыған орай, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров он екі ауылдық округте жоспарлы кездесулерін өткізіп қайтты. Осы кездесу барысында айтылған жайларды оқырмандарымызға ұсыналық.
— Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімі ауданымызға жасаған сапарында ауданды әрі қарай дамытуды тапсырды.
Сіздерге осы есепті кездесуге өз уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғыс айтамын. Ең алдымен істелген жұмыстарды саралап, жоспарларды талқылаймыз. Жергілікті биліктің ең басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Сіздермен 2025 жылдың 1-ші жартыжылдығында есепті кездесу өткен болатын, сол кезде ауыл тұрғындары тарапынан маңызды мәселелер көтерілді. Сол мәселелерді шешу бойынша іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Барлық мәселені бір демде шешу мүмкін емес. Сондықтан аса маңызды аудан экномикасы мен жергілікті тұрғындардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын шешудегі басымдық берілгендерін алдымен атқарудамыз,-дейді Мақсат Асылбекұлы.
ӨНЕРКӘСІПТЕГІ ӨҢІРЛІК ӨНІМ ӨСУДЕ
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі100,4 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 127,6%-ға артты. 2024 жылдың 9 айында — 78,7 млрд.теңге құраған болатын. Жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемін 135,0 млрд. теңгеге жеткізіп, 113,3% өсімді қамтамасыз ету жоспарлануда. Айта кетерлігі жалпы өнімнің 40% ауыл шаруашылығы, 35% өнеркәсіп саласы, 19% құрылыс саласы, 6% сауда саласының үлесінде болып отыр.
Биылғы жылдың 9 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 16,5 млрд. теңгені құрап, 107,1%-ға артты. 2024 жылғы 9 айда 9,1 млрд. теңге болды. Жыл қорытындысымен 18,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілетін болады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 15,2 млрд. теңгеге жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібі 12,6 млрд. теңгені құрап, 105,0%-ға артты. 2024 жылдың 9 айында – 6,3 млрд. теңгеге орындалған еді.
ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ИГІЛІГІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің жұмысы өңірлерге инвестиция тартуымен бағаланатындығын алға тартып отыр. Биылғы жылы аудан экономикасына 51,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 114,2%-ды құрады. 2024 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш – 42,6 млрд.теңге болды. Тартылған инвестицияның 63,0%-ы жеке инвестиция есебінен атқарылды. Яғни, 32,2 млрд.теңгеге жеткізілді. Ал, 35,2%-ы бюджет қаражаты есебінен жүргізілді. Ол көрсеткіш 18,0 млрд.теңгені құрады. 1,8%-ы басқа да қарыз қаражаты есебінен жасалды. Оның өзі 1,0 млрд.теңге болды.Биылғы жоспарымыз бойынша жыл қорытындысымен аудан экономикасына 65,0 млрд. теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Қазіргідей қарқынмен бұл орындауға болатын шаруа деп есептейміз.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ — АУДАН АЙНАСЫ
Аудан экономикасында ауыл шаруашылығының алатын үлесі зор. Бұл диқандар мен малшылардың қысы-жазы атқарған қыруар жұмыстарының нәтижесі деуге болады. 2025 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемін 102,0 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. 9 айдың қорытындысымен 69,3 млрд. теңге өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі – 104,0% құрады. Оның ішінде: — мал шаруашылығы – 15,8 млрд. теңге болса, пайызға шаққанда 118,2% өсім бар. Өсімдік шаруашылығында – 53,3 млрд. теңгені құрап, 100,1%) болды. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін 43 200 гектарға орналастыру жоспарланып, 45 874 гектарға егін егіліп, орындалуы 106,2% құрады.
Ауыл шаруашылығынан кейінгі құрылыс жұмыстарының қарқыны жоғары. Құрылыс көлемі есепті 9 айда 11,4 млрд. теңгені құрап, 120,5%-ға артты. Жыл басынан 36,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл саладағы өсім 108,5%-ды құрады.
АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ АСА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ
Мемлекет басшысы Жолдауында халықты сапалы ауыз сумен қамтуға ерекше көңіл бөліп отыр. Жолдауда көрсетілгендей Су шаруашылығы министрлігі де құрылды. Сауран ауданында халықты таза ауыз сумен қамтудың кешенді бағдарламасы жасалды. Осыған орай, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту бағытында биылғы жылы 257,3 млн. теңгеге 7 елді мекеннің ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өткізілетін болады. Атап өтер болсақ, Бабайқорған, Үлгілі, Серт, Ибата, Оранғай, Шекербұлақ, Шыпан елді мекендері қамтылатын болады.
Қазіргі таңда «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында С.Қожанов, Ескі Иқан, Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысандардың құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы