ТҮРКІСТАН: ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН – АУҚЫМДЫ РЕФОРМАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІ


Қазақстан тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі — ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси репрессия мен ашаршылық кезеңдері. Бұл уақыт халқымыз үшін қасірет пен қайғыға толы дәуір ретінде есте қалды. Көптеген адам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, аштықтан көз жұмды. Бұл кезең халқымыздың төзімділігі мен рухының мықтылығын дәлелдеді. Осы орайда Түркістан облысының тұрғындарына Президенттің мазмұнды ой-пікірін ұсынамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформалар жасалып жатқанын айтты.
— Біз стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформалар жасап жатырмыз. Үш жыл бұрын жалпыұлттық референдум өткізіп, Ата Заңымызға өзгерістер енгіздік. Сол арқылы еліміздің тұрақты дамуына мызғымас негіз қаладық. Мемлекеттің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртып, Парламенттің құзыретін кеңейттік, Үкіметтің жауапкершілігін күшейттік. Конституциялық Сот құрылды. Азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір артты. Ауыл және аудан әкімдері тікелей сайланатын болды. Бұл қадам қоғамның билікке деген сенімін нығайта түсті. Заң мен тәртіп үстемдігін орнықтыру, әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі реформалар жүзеге асырылды. Осы бағытта Парламент тиісті заңдар қабылдады. Бұл — елімізді жан-жақты жаңғыртуды көздейтін ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Алдымызда қыруар шаруа күтіп тұр. Шын мәнінде реформалардың нәтижесіне ұлтымыздың сана сезімі, тіпті болмысы өзгере бастады, — деді ол.
Президент елде жаңа саяси және сайлау мәдениеті орнығып келетінін айтты.
— «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы — соның айқын дәлелі, халық бұл ұзақмерзімді стратегияны жаппай қолдады. Біз қазір бір ел болып Әділетті мемлекет пен берекелі қоғам құрып жатырмыз. Осы ортақ іске азаматтарымыз белсене қатысуда. Халқымыздың реформаларға деген сенімі зор. Себебі жұртымыз — жасампаз әрі жаңашыл. Елімізде жаңа саяси және сайлау мәдениеті орнығып келеді. Қоғамда әр алуан пікір болса да, тұтас елдің мақсат-мұраты — бір. Жұртшылық масыл болу, орынсыз сын айтып, мін тағу секілді теріс қасиеттерден жирене бастады. Біз еңбекқор, білімпаз және озық ұлт болуға ұмтылған елміз. «Заң және тәртіп» мемлекетіміздің басты бағдарына айналуда. Елімізде саналы, сапалы қоғам қалыптасуда. Жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты да — осы. Бұл тарихи мағынасы бар жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Біз ұлттық болмысымызды бекемдеп, ынтымақ-бірлігімізді нығайта береміз, — деді ол.
Мемлекет басшысы ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс екенін атап өтті.
— Бүгінгі жиынға жастар да қатысып отыр. Сіздерге айтарым: төл тарихымызды терең білу қажет. Бірақ бұл тек өткен күнмен өмір сүру деген сөз емес. Әрбір жас келешекке айқын көзқараспен қарап, нық қадам басуы керек. Қазіргі заман өте күрделі, бұрын болмаған үрдістер пайда болып жатыр. Жасанды интеллектінің бүкіл қоғамдық дамуға қандай ықпалы болмақ екені әлі толығымен зерттелмеген. Адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер аз болмайды. Сондықтан ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болуы керек. Абайша айтқанда, «ғылым таппай мақтанбауы» қажет. Егемен ел болудың қадір-қасиетін түсініп, тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек. Сонда біздің мемлекеттілігіміз — мығым, болашағымыз — баянды болары хақ. Мен отаншыл ұл-қыздарымыздың жасампаз күш-жігеріне сенемін. Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл зобалаң — жай ғана оқиға емес, ел тағдырына зор зиян әкелген тарихи қасірет. Жеріміз бен болашағымыз үшін өмірін қиған азаматтар ешқашан ұмытылмайды!
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген болатын.
Атаулы күнге орай жыл сайын еліміздің әр аумағында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады.
Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында зиялылар, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», деген болатын.
Осы күні отандастарымыз солақай саясаттың құрбанына айналып, жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына тағзым етеді. Еліміз егемендік алып, өз алдына отау тіккелі қаралы жылдардың қасіреті, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттері жіті зерделеніп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз.
Аспанымыз әрдайым ашық болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы