
Төртіншіден, заң қала әкімдігіне 44 қосымша өкілеттік берді. Бұл жергілікті басқару тиімділігін арттырып, қала құрылысы мен сәулеттік шешімдерді өз бетінше реттеуге жол ашты. Мысалы, 2025 жылдан бастап Түркістанда «ақылды қала» (Smart City) элементтері енгізілуде — көше жарығын автоматтандыру, қоғамдық көлік бағыттарын цифрландыру, қауіпсіз қала жүйесін жетілдіру жобалары жүзеге асуда.
Қорыта айтқанда, ерекше мәртебе Түркістанға ұлттық және халықаралық деңгейдегі жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Заңның арқасында қала тек тарихи және рухани орталық ретінде ғана емес, аймақтық экономикалық драйвер, заманауи және экологиялық тұрғыдан дамыған қала ретінде қалыптасып келеді.
— Туризм саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың ішінде Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыратын тың бастамалар бар ма? Болса қазіргі таңда қол жеткізілген табыстарды атап беріңізші?
— Туризм – Түркістан қаласының стратегиялық әрі басым бағытының бірі. Бұл сала қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықаралық деңгейде танымал рухани және мәдени орталық ретінде қалыптасуына ықпал етіп отыр.
Соңғы уақытта Түркістанда туризм саласын дамытуға бағытталған бірнеше маңызды бастама қолға алынды. Соның ішінде ең ауқымдыларының бірі – қаланың Халықаралық деңгейдегі «Қолөнершілер қалашығы» мәртебесін алуы. Бұл бастама дәстүрлі қазақ қолөнерін жандандырып, туристер үшін жаңа мәдени және шығармашылық хаб құруға мүмкіндік берді.
Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің (World Craft Council) шешімімен Түркістан қаласына ресми түрде «Түркістан – халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. Осы мәртебе арқылы Түркістан әлемдік деңгейдегі мәдени орталықтардың қатарына қосылып, ұлттық өнер мен туризмді біріктіретін бірегей орталыққа айналды.
Халықаралық қолөнершілер фестиваліне Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей елдерінен 100-ге жуық шебер, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық қолөнер шебері қатысты. Кешеннің жалпы аумағы 2,5 гектарды қамтиды және ол 8 негізгі функционалды аймақтан тұрады: 20 шеберхана, көрме залдары, 2 шоурум, мейрамхана, қонақ үй және заманауи туристік инфрақұрылымы бар. Мұнда шеберлер өз туындыларын ұсынып қана қоймай, тәжірибе алмасып, келушілерге ұлттық мәдениеттің қыр-сырын таныстырады. Бұл нысан жеке инвестиция есебінен салынған және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруда маңызды рөл атқаруда.
2025 жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысы бойынша, туризм саласына 25,1 млрд теңге инвестиция тартылды, ал жыл соңына дейінгі жоспар – 45,2 млрд теңге. Бұл көрсеткіш 2023 және 2024 жылдардағы қарқыннан едәуір жоғары (2023 ж. – 13,1 млрд теңге, 2024 ж. – 43,1 млрд теңге).
Қазіргі таңда Түркістан қаласында жалпы 3331 төсек-орны бар 72 орналастыру орны тіркелген. Қалаға келуші зияратшылар мен туристердің саны 757 мың адамға жетті (жыл соңына дейін 1,2 млн адамға жетеді деп күтілуде). Туристер мен қала қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында «TURKISTAN TAXI» жобасы іске қосылды. Қазіргі таңда 35 автокөлік қызмет көрсетіп, қала ішінде туристердің еркін қозғалысын қамтамасыз етуде. Түркістанның мәдени-рухани орталығы аумағында қоғамдық қызмет көрсету орталығының құрылысы жоспарлануда. Бұл нысанда санитарлық-гигиеналық бөлмелер, тынығу аймақтары, ауыз су станциялары, туристік ақпараттық орталық, электр көліктерін зарядтау бекеттері және басқа да туристерге арналған заманауи қызмет түрлері қамтылатын болады.
Бұдан бөлек алдағы уақытта құны 16,6 млрд теңге болатын және 354 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 ірі туристік жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында жаңа қонақ үйлер салу, демалыс аймақтарын ашу, экотуризм мен мәдени бағыттағы инфрақұрылымды дамыту бастамалары бар.
— Түркістан қаласы жаңа ықшам аудандар мен тұрғын үй кешендерінде инфрақұрылым (жол, жарық, кәріз жүйесі) мәселелері жиі кездеседі. Осы бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр және келесі жылға қандай жоспар бар?
— Қала әкімдігі бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда 845 шақырым ішкі көше желісінің 138,5 шақырымына орташа жөндеу жүргізілуде. Оның ішінде 76,2 шақырымда жұмыстар толық аяқталды, ал қалған 62,3 шақырымда жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, Тәуке хан даңғылы, Әл-Фараби, М.Тынышқұлов және О.Жандосов көшелерінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жол үлесі 66,7 пайызға жетті.
Электрмен қамту бойынша да бірқатар ауқымды жобалар іске асуда. Қаламыз электр қуатымен толық қамтамасыз етілген. Халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында Айбергенов көшесіндегі 35–0,4 кВ кабель желілерін салу және Бірлік тұрғын үй алабын қамтитын 2 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, «Бекзат» мөлтек ауданында қуаттылығы 220/110/10 кВ, 2х160 МВА жаңа қосалқы станция салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жаңадан ашылып жатқан өндіріс орындары мен тұрғын үйлерді сапалы электрмен қамтуға мүмкіндік береді.
Кәріз жүйесін дамыту бағытында 13 жоба іске асырылуда. Оның ішінде Шавгар, Ортақ, Иассы, Бірлік, Отырар және Бекзат мөлтек аудандарында кәріз желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 7 нысан пайдалануға беріледі. Қазіргі қамтылу деңгейі 36,5 пайыз болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 56,3 пайызға жетеді. Барлық жоба толық іске асқан жағдайда қала аумағының 92 пайызы сарқынды су жүйесімен қамтылатын болады.
Жылумен қамту саласында да нақты нәтижелер бар. Қалада 18 қазандықтан 367 нысан орталықтандырылған жылумен қамтылған, оның ішінде 223 көпқабатты тұрғын үй мен 144 әлеуметтік нысан бар. 2025 жылы №1 және №2 мөлтек аудандардағы жылу құбырларын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл тозу деңгейін 30%-дан 10%-ға дейін төмендетеді.
Келесі жылы инженерлік инфрақұрылымды дамыту жалғасып, жаңа тұрғын аудандарға электр, су, жылу және кәріз жүйелерін тарту, сондай-ақ жол сапасын арттыру бағытындағы жобалар толық іске асырылмақ.