ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ – БАСТЫ БАҒЫТ

CREATOR: gd-jpeg v1.0 (using IJG JPEG v62), quality = 85

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Түркістан соңғы жылдар бедерінде, яғни облыс орталығы мәртебесі берілгеннен кейін танымалдылығы тіпті арта түсті. Күн сайын көптеген зияратшылар мен жүздеген саяхатшыларды қабылдап жататын қалаға қызығушылық танытатындар көп. Түркістан қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлымен сұхбаттасқан едік.
— Сіз – Түркістан қаласына жаңадан тағайындалған, ел сенім артқан жас әкімсіз. Дегенмен, қызметіңізге бір жылдан асты. Жастардың тың идеялары мен заманауи көзқарасы бар деген үміт те зор. Қаланың дамуында өзіңіз басымдық беретін басты үш бағытты атап өтсеңіз?
— Қала дамуының басты үш бағыты – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және инвестиция тарту болып табылады. Бірінші кезекте тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға басымдық беріліп отыр. Биылғы жылдың 8 айында атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны азайып, әлеуметтік қолдау шараларының сапасы артты. Қала аумағында 8 152 адамнан тұратын 1 284 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды, нәтижесінде кедейшілік деңгейінен төмен отбасылардың үлесі 3,4%-ға дейін қысқарды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 10 102 арнайы құрал сатып алу жоспарланып, оңалту шараларының орындалу деңгейі артуда. Еңбек нарығында да оң өзгерістер бар — биылғы 8 айдың қорытындысымен 9 463 азамат тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтылды, оның ішінде 3 627 адам тұрақты, 1 827 азамат субсидияланған жұмыс орындары арқылы еңбекке тартылды.
Екінші бағыт – инфрақұрылымды дамыту. Қаланың жол, су, кәріз, жарық және жылу жүйелерін жаңарту, жаңа тұрғын үй аудандарын инженерлік желілермен қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі. Қазіргі таңда қаланы электр қуатымен сапалы қамту мақсатында 2 нысанның құрылысы жүргізілуде, ал 13 кәріз жүйесі жобасының 7-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл жұмыстар нәтижесінде 2026 жылға қарай кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 56,3%-ға жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, жылу жүйелерін жаңғырту бағытында 1 және 2 мөлтек аудандардағы 75 көпқабатты тұрғын үйдің ішкі инженерлік жүйелерін дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Үшінші бағыт – инвестиция мен өндірістік аймақтарды дамыту. Қазір қалада жалпы аумағы 310 гектарды құрайтын екі өндірістік және бір индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда жалпы құны 129,7 млрд теңгеден асатын 42 жоба жүзеге асырылып, 3 000-нан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Мысалы, ПВХ және полимерлік құбырлар шығаратын зауыттар іске қосылып, полиэтилен және құрылыс материалдары өндірісіне арналған жаңа жобалар қолға алынды. 2026 жылға дейін тағы 7 ірі жоба пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, Бекзат мөлтек ауданында 20 гектар аумаққа шағын өндірістік парк салу жоспарланып отыр, жоба толық іске асқанда 1 500 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке жыл сайын 1,1 млрд теңге қосымша салық түседі.
Сонымен қатар тазалық пен экологиялық қауіпсіздік те осы үш бағыттың ажырамас бөлігі ретінде тұрақты бақылауда. Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 92 мың адам қатысып, 120 мың түп ағаш отырғызылды, 28 мың тонна қоқыс шығарылды. Қаланың тазалығына жауапты қызметкерлер саны 600 адамға дейін көбейтіліп, 25 жаңа арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр.
— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 3 наурызда Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заңға қол қойды. Бұл мәртебе қала дамуына қандай артықшылықтар беріп отыр?
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюымен қабылданған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң — қаланың жаңа даму кезеңіне жол ашқан тарихи шешім. Бұл заң Түркістанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, тарихи және мәдени мұраларды қорғауға, сондай-ақ қала инфрақұрылымын кешенді дамытуға құқықтық негіз берді.
Біріншіден, заң аясында қала бюджеті мен қаржыландыру тетігі күшейтілді. Енді Түркістан республикалық деңгейде арнайы қаржы алуға және мемлекеттік бағдарламаларға тікелей қатысуға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға, тұрғын үй және жол құрылыстарын қарқынды жүргізуге жол ашты.
Екіншіден, заңда сәулеттік және тарихи келбетті сақтау бойынша нақты нормалар енгізілді. Енді Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында биік ғимараттар салуға тыйым салынып, қала келбетін реттейтін дизайн-код бекітілді. Бұл шешім Түркістанның тарихи тұтастығын сақтап, мәдени-туристік аймақтың өзіндік ерекшелігін қорғауға бағытталған.
Үшіншіден, мәдениет пен туризм саласын дамыту бағытында қосымша мүмкіндіктер берілді. Заң аясында Түркістанды түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы ретінде дамытуға арналған шаралар кешені қабылданды. Қалада туристік инфрақұрылым кеңейіп, халықаралық серіктестік жобалары жүзеге асырыла бастады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы