ТҮРКІСТАН: МӘЖІЛІСТЕ ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ САРАЛАНДЫ


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының жанындағы білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті. Партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының биылғы 8 қыркүйекте жария еткен Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім және денсаулық сақтау салаларын цифрландырудың маңызы, өзекті мәселелері және әлеуеті қаралып, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының сапалы білім беру үшін жағдай жасау тармағының орындалуы талқыланды. Сондай-ақ мәжілістің күн тәртібінде Түркістан облысында кәсіптік білім берудің өзекті мәселелері, білім беру ұйымдарының жылыту маусымына дайындығы зерделенді.
Бірлескен жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының, білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестердің жетекшілері мен мүшелері, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, журналист Бекжігіт Сердәлі, Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов, облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.
Жұмыс жиынының ашылуында сөз алған Алтынсары Дүйсенбекұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауының өзегі жасанды интеллектіні еліміздің барлық саласына енгізу арқылы, экономиканы жаңғырту, қоғамды дамыту және әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыру екенін айтты.
« — Президент Жолдауында ерекше назар аударылған екі маңызды бағыт бар. Олар – білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру. Білім саласындағы цифрландыру – бұл тек электронды кітаптар мен онлайн платформалар ғана емес, бұл әрбір оқушының қажеттілігіне сай жекелендірілген білім алу мүмкіндігі, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру, инновациялық оқыту әдістерін енгізу. Ал, денсаулық сақтау саласын цифрландыру – ауруларды ерте анықтау, диагноз қоюды жеделдету, емдеу сапасын арттыру және әрбір азаматтың медициналық қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бүгінгі отырыста білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру мәселелерін тереңірек ашып көрсетуді мақсат етіп отырмыз», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Аталған салалар бойынша Президент Жолдауында айтылған басымдықтар туралы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, журналист Бекжігіт Сердәлі кеңінен тоқталды.
«- Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 8 жаңа мектеп ашылды. Бұл мектептерде оқушыларға жасанды интеллект негіздерін меңгеруге арналған арнайы курстар енгізілуде. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған тренингтер мен семинарлар жүйелі түрде ұйымдастырылып, педагогтардың мәртебесі мен кәсіби деңгейі артты. Жасанды интеллект білім беру саласының тиімділігін арттырып, оқыту процесін жеңілдетуге, оқушылардың материалды тез әрі сапалы меңгеруіне жағдай жасайды. Болашақта жасанды интеллект педагогтардың сенімді көмекшісі болады деп күтілуде. Ал денсаулық сақтау саласында облысымызда «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында 150-ден астам жаңа медициналық нысан ашылып, бұрынғы фельдшерлік-акушерлік пункттер мен ауылдық емханалар күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, бірнеше аудандық ауруханалар көпсалалы форматқа көшірілді, өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсету сапасы артты. Түркістанда телемедицина жобасы сәтті іске қосылып, ауыл тұрғындары қашықтықтан жоғары білікті дәрігерлерден кеңес алуда. Медициналық қызметтер сапасын бақылау мен цифрлық жүйелер енгізу аясында облыста Face ID арқылы пациенттерді сәйкестендіру, дәрілік заттарды таңбалау жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар, фармацевтикалық өндірісті дамытуға баса көңіл бөлініп, облыста дәрі-дәрмек өндірісі мен логистикасын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өңір тұрғындарына сапалы және қолжетімді дәрі-дәрмектер жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Бекжігіт Кенжебекұлы.
Президент Жолдауы аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде цифрлы кеңістікті құру, білім беру процесінде жасанды интеллектіні пайдалану мәселелері бойынша университет ректоры, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова хабарлама жасады.
Жиында қаралған мәселелер бойынша сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов биылғы оқу жылында өңіріміз бойынша 1 мыңнан астам жалпы білім беретін мекемелер жұмысын бастап, оларға 500 мыңнан астам оқушы қамтылғанын айтып өтті. Соңғы үш жылда 100-ден астам жаңа мектеп салынып, мектептердің 98 пайыздан астамы интернетпен қамтылғанын жеткізді. Білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізуде 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдама қабылданғанын айта отырып, оның алгоритмі техникалық қамтамасыз етуді, педагогтердің дайындығы, бақылау және мониторинг жүргізу, стратегиялық міндеттерді іске асыру мәселелерін қамтитынын атап өтті.
«- Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыруда 11 негізгі индикатор белгіленіп, іске асырылуда. Белгіленген мақсаттардың іске асырылуына жеке тоқталсақ, биылғы оқу жылында техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар даярлауда 46 колледжге 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Жалпы студент саны 47450 адамға жетті. Түркістан облысы бойынша 938 жалпы орта білім беру мекемелері, 1430 мектепке дейінгі ұйымдар және 65792 педагог кадрлар жұмыс жүргізеді. Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, педагогтердің үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттыру нормасы енгізілді. 2025 жылы барлығы 16029 білім қызметкерлері, яғни педагог кадрлардың 24 пайызы білімін жетілдіреді деген жоспарымыз бар», — деді Ғалымжан Қалдыкөзұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы