ТҮРКІСТАН: МӘЖІЛІСТЕ ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ САРАЛАНДЫ — 2


Жиын барысында үш ауысымды және апаттық мектептердің мәселесін шешуде басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, облыстағы мемлекеттік 938 мектептің 817-і – типтік, 121-і – ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқаны айтылды. Ұлттық білім беру деректерінің қорында өңіріміз бойынша 1 – апатты және 2 – үшауысымды мектептер бар екені мәлімделді. Оның ішінде апатты деп танылған Жетісай ауданындағы №57 «Сарыарқа» жалпы орта мектебінің орнынан жеке инвестор есебінен 600 орындық жаңа мектеп салынады деп жоспарланған. Ал үш ауысымды мектептер санатына жататын Сайрам ауданындағы «Бөкейхан» жалпы орта мектебі мен Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ жалпы орта мектебіне 300 орындық жаңа оқу корпустарының құрылыстарын жүргізуге қаржы бөлініп, бұл екі нысанның құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі екені айтылды.
Бүгінгі таңда өңірімізде 33 білім нысандарының құрылыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Оның ішінде «Келешек мектептері» жобасымен – 16, облыстық бюджет есебінен – 17 мектептің құрылысы қолға алынған. «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасымен барлығы 22900 орындық 29 мектептің құрылысы басталған болса, оның 13-і – 2024 жылы пайдалануға берілгені жеткізілді. Ал осы жобамен 2025 жылға жоспарланған 16 мектептің 8-і жаңа оқу жылында ашылған. Осы санаттағы қалған 8 мектептің құрылысы қараша айында толығымен аяқталып, іске қосылатынын мәлімделді.
Жиын барысында партия филиалының төрағасы партияның Сайлауалды бағдарламасы бойынша 2027 жылға дейінгі мерзімде 96 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланғанын айтып, басқарма тарапынан осы жоспардың орындалуы бойынша атқарып жатқан жұмыстарын сұрады. Мақтаарал ауданы, Төрткүл ауылынан салынатын 200 орындық мектеп пен Жетісай ауданындағы «Сарыарқа» мектебінің құрылысы жайлы сауалдар қойылды. Түлкібас ауданы, Састөбе ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы туралы да нақты жауап берілуі талап етілді.
Жиынға қатысқан мәслихат депутаттары «Жайлы мектеп» бойынша салынған білім ұяларында балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылғанын, алайда осы сапаға жауап беретін мұғалімдер мен оқушыларды іріктеу мәселесін көтерді. Жасанды интеллектіні жасаушы, олармен жұмыс істеуші негізінен жас буын екені айтылып, жаңа дәуір азаматтарын қалыптастыруда мектептерге көп өзгерістер керек екеніне назар аударылды. Басқарма өкілі бұл бағытта көптеген жоба жасалғанын хабардар етіп, балаларды интернет аялаяқтықтан сақтандыру, цифрлы гигиенаны сақтауға баулу, жеке дерекқорларды қауіпсіз пайдалану мәселелерінде жаңа бастамалар қолға алынып жатқанын айтты.
Сондай-ақ, облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Қалыйма Жантөреева жасөспірім қыздар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, мәселесін көтерсе, депутат Уалихан Рахиев білім саласын үйлестіретін аппарат қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу өзекті екенін айтты.
Сондай-ақ Ғалымжан Орынов білім мекемелерінің қысқы маусымға дайындығы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, облыстағы 1297 мемлекеттік білім нысандарының 48-і – орталықтандырылған жылу жүйесімен, 379-ы – қатты отынмен, 825-і – табиғи газбен, 42-сы – сұйық отынмен, 3-уі – электр энергиясымен жылытылады. Барлық мекемелердің жылу жүйелері сығымдаудан өткізілген. Жылыту маусымына әзірлік паспортын алған нысандардың саны бүгінгі күнге 1193 болса, қалған 104 ұйым аталған паспортты 1 қазанға дейінгі мерзімде алатыны айтылды.
«- Өңіріміз бойынша 379 білім ошақтарына қажетті 60,4 мың тонна қатты отын сатып алуға 969,7 млн. тг. қаржы қаралып, қажетті қатты отын білім ошақтарына толықтай тасымалданды. 42 білім беру ұйымына қажетті 2 461,2 тонна сұйық отын сатып алуға 728,1 млн. теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсына жарияланды. Нәтижесінде 5 ауданның мердігер мекемесі анықталып, 490 тонна сұйық отын тасымалданды. Алайда, Сауран, Сайрам, Созақ, Отырар, Кентау, Арыс аудандық, қалалық білім бөлімдері бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары екі рет жарияланғанымен, әлеуетті өнім берушілер тарапынан ұсынылған бірлік баға нарықтық деңгейден төмен болуына байланысты, қатысушылар болмады. Осыған орай, сұйық отын бағасын нарықтық бағаға сәйкес көтеріп, 1971 тонна сұйық отын сатып алу бойынша хабарлама қайта жарияланды. Конкурстардың аяқталу мерзімі 2025 жылдың 23 қыркүйегіне дейін. Облыстағы білім беру ұйымдарының қысқы жылу маусымына дайындығын тұрақты бақылауымызда ұстап отырмыз» — деді Ғалымжан Орынов.
Аталған мәселе бойынша жиынға қатысушылар партия бекіткен Жол картасы аясында, биыл облыстың аудан, қалаларында 43 мектептің қазандықтарын қатты отыннан газға ауыстыру көзделгені айтылды. Оның ішінде Сауран ауданындағы Ә.Сығай, Әл-Фараби, Аманкелді атындағы және №1 мектептердің мәселесі созбалаңға салынғаны жеткізілді. Бұл сауалдарға жауап берген басқарма өкілі биыл қатты отынмен жылытылатын 102 нысанды табиғи газға көшіру жоспарланғанын, бірақ қажетті 2 млрд. теңге көлеміндегі қаржы қаралмауына байланысты, бұл мәселе 2026 жылға қалдырылғанын түсіндірді. Аталған тақырып шеңберінде Жетісай ауданы, Еңбекші ауылындағы «Қызылқұм» жалпы орта мектебінің жылу жүйелерін жөндеуден өткізу мәселесі көтеріліп, басқарманың ерекше бақылауына алу мәселесі айтылды.
Жиын барысында көтерілген барлық сауалдар мен ұсыныстар бірлескен жиынның хатамасына енгізіліп, олардың орындалуы партияның облыстық филиалының бақылауында болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы