
Отырар сектор бойынша жалпы 23 мәселе көтерілгені айтылды. Оның ішінде 13 мәселе нақты шешімін тауып, 10 мәселе бойынша заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Тұрғындар тарапынан негізінен көпқабатты тұрғын үйлер мен олардың аулаларына қатысты мәселелер жиі көтерілген. Мысалы, 11-ші көше 16/1 үйінің қасбетін жаңарту, 9-шы көше 18/3 үйінің ауласындағы жарықшамдарды іске қосу, сондай-ақ бірнеше үйлердегі өрт сөндіру дабылы, вентиляциялық жүйе, қоқыс жәшіктері мен лифт мәселелері толықтай ретке келтірілгенін атап өтті. Қазіргі таңда «Қызылкөл» және «Сарыжылға» көшелерін қамтитын, жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерге арналған «Ауыз су жүйелерін тарту және қайта құру» жобасының 2-кезегі әзірлену үстінде екен. Жоба сараптамадан өткен соң, республикалық бюджеттен қаржыландыру ұсынылып, 2026 жылы құрылыс жұмыстары басталмақ. Жыл қорытындысында ауыз сумен қамтылу деңгейі 99,5 пайызға жетпек. Биыл 2 нысанның құрылысы басталады, ал бір жоба қаржыландыруға ұсынылған. Нәтижесінде, 3200-ден астам абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі дейді әкім. Атап айтқанда, Едіге батыр, Қабанбай батыр, Баян батыр, М.Мырзахметов, Сырым батыр көшелері электр желісіне қосылады. Бүгінде қаланың 98% тұрғындары көгілдір отынды пайдаланып отыр. Қалған 1500 абонентке газ жеткізу үшін ЖСҚ әзірленуде, оның ішінде Отырар секторынан 104 абонент қамтылған. Қала әкімі секторда 99 ойын алаңшасы бар екенін атап өтті. Қазіргі уақытта олардың жұмысын қолдау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Сонымен бірге, Р.Дастанова көшесі мен Айналма тас жолының бойында екі жаңа ойын алаңы салынбақ. Ал Отырар секторы аумағында 115 көше бар. Оның ішінде 28 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Қазір конкурс жарияланып, мердігер анықталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталатынын хабарлады. Сектор көшелерінің 99%-ы жарық шамдарымен қамтылған. Қалған 2,7 шақырымға жарық шамдарын орнату тамыз айының соңына дейін жүзеге аспақ. Соңғы уақытта С.Болыс, Гаухар ана, Шойынбет би көшелерінде жаңа 6 аялдама орнатылған. Ал 3 базалық станция орнату 2025 жылдың қазан айына белгіленген.
ШАУҒАР СЕКТОРЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Шауғар секторында бұған дейін көтерілген 28 мәселенің оны шешімін тапқан болса, 17 мәселе тұрғындарға заң аясында жан-жақты түсіндірілген екен. Азаматтар тарапынан көтерілген мәселелер негізінен инфрақұрылым мен абаттандыруға қатысты болды дейді қала әкімі кездесуде. Мәселен, Абылай хан көшесі бойындағы саябақтағы жарықшамдар қалпына келтіріліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Нарбаев және Н.Төреқұлов көшелерінің қиылысына тас төсеу жұмыстары орындалғанын хабарлады. Секторда жаңадан қоныстанған тұрғын үйді ауыз сумен қамту бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Мемлекеттік сараптамадан кейін республикалық бюджетке ұсыныс енгізіліп, 2026 жылы құрылыс жұмыстарын бастау көзделіп отыр. Шауғар аумағында сарқынды су жүйесін жүргізу бағытында «Ортақ 1-ші кезек» және «Ортақ 2-ші кезек» жобалары іске асуда. Бұл жұмыстардың толық аяқталуы 2025-2026 жылдарға жоспарланған. 2026 жылы Сабырханов, Жамбыл, Малдыбеков және сол маңдағы көшелерге 2 трансформатор мен 22 шақырым электр желісін тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 185 тұрғын үйді табиғи газбен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанынан хабардар болдық. Сондай-ақ, сектор аумағында 229 көше бар. Оның ішінде 36 көшеге асфальт төсеу көзделсе, бүгінде 19 көшенің жолы толық жөнделген. Қазіргі таңда тағы 5 көшеде жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді. Кәріз жүйесі аяқталған 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурс жарияланды. Жеңімпаз анықталған соң асфальт төселетін болады. Сектордағы көше жарықтандыру да назардан тыс қалмаған. Қазір 98% көшелер жарықпен қамтылған. Ал қалған 8 көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылып, бұл жұмыс ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда екен. Сондай-ақ, сектор аумағында тұрғындар өтініші негізінде 36 аялдама қойылған. Ал Шауғар мен Бекзат секторларын қосатын Абылай хан көшесінде жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жалғасуда. Шауғар секторында сапалы интернет пен байланысқа қол жеткізу мақсатында қазан айында 3 базалық станция орнату жоспарланған. Қорытындылай келе, Шауғар секторында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыстар қолға алынғанынан хабардар болдық.
Алты секторда өткен кездесудің әрқайсысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселесі әкімдік тарапынан тыңғылықты зерделеніп, ашық түрде талқыланды. Тұрғындар көкейде жүрген күрделі әрі өзекті сұрақтарын тікелей қала әкіміне жолдап, нақты жауап алды. Халықтың талап-тілегі мен ұсыныстары жауапсыз қалмай, көпшілігі жоспарға енгізілді. Әсіресе, инфрақұрылым, жол, жарық, ауыз су, газ және кәріз жүйелері, сондай-ақ, қоғамдық көлік пен қауіпсіздік тақырыптарындағы сауалдар басым түсті. Мұндай ашық алаңдар тұрғындар белсенділігін арттырып қана қоймай, қаланың өркендеуіне бағытталған ортақ жауапкершілікті нығайта түседі. Ел игілігіне арналған әрбір бастама тек билік емес, тұрғындармен бірге жүзеге асқанда ғана өзінің шынайы нәтижесін береді. Түркістан қаласы – бәріміздің ортақ үйіміз. Оны дамыту жолында мұндай келелі кездесулер мен жүйелі диалогтар жалғасын таба бермек.
Ғалия БИСЕЙІТ.