
Бекзат секторы тұрғындарымен бұған дейінгі кездесуінде 34 мәселе көтерілсе, оның жиырмасы шешімін тапқан екен. Сектордағы ескі инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары аясында Қойшыбаев көшесіндегі 1968 жылғы ескі трансформатор заманауи құрылғыға ауыстырылған. Сондай-ақ, осы көшедегі бұзылған балалар ойын алаңшасы күрделі жөндеуден өткен. Қала әкімі №18 Ж.Еділбаев мектебі аумағында ойын және баскетбол алаңшасының құрылысы 90%-ға аяқталып, маусым айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда екенін атап өтті. Сектор тұрғындарының сұранысы бойынша жаңа емхана салу мәселесі де қолға алынды. Бүгінде Жаров көшесінде жеке меншік емхана құрылысы жүріп жатыр. Нысан 2025 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі екен. Ауыз су жүйесін жаңарту мақсатында «Арыс-Түркістан» ЖШС-нен қабылданған желілерді қайта құру жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Сонымен бірге, 723 жер телімі орналасқан аймақты инфрақұрылыммен қамтуға арналған жоба 2,3 млрд теңгеге бағаланып, республикалық бюджетке ұсынылғанын атап өтті. Ал сарқынды су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Нысан 2025 жылдың желтоқсан айында тапсырылады деп жоспарлануда. Ал магистральдық желілерге қосылу жеке тұрғындардың есебінен жүргізіледі. Электр желілерін жаңарту бойынша жоба республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда, 2026 жылы іске асырылмақ. Жоба аясында 2 дана трансформатор орнатылып, кабель желісі жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Бекзат секторында табиғи газға қосу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Қала бойынша жаңадан қоныстанған аумақтар мен ішкі көшелерді қамту үшін 1500 абонентке газ жеткізу жобасы әзірленуде. Оның ішінде Бекзат секторынан 321 абонент енгізілген. Ал тұрғындар өтінішіне сәйкес Т.Бәйтерекұлы көшесіндегі көпқабатты үйлер ауласын абаттандыру және №18 мектеп пен «Балғын» балабақшасы жанынан ойын алаңшаларын салу жұмыстары басталған. Олар маусым айында аяқталады деп күтілуде. Бұған қоса, 12 ойын алаңшасы мен воркаут құрылғыларына ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Сектордағы көшелердің 98%-ы жарықтандырумен қамтылған. Сонымен қатар, әкім өз сөзінде О.Жандосов көшесі мен Ақмаржан дүкені маңына аялдама павильоны қойылатынын атап өтті. Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жұмыстары басталған. Бұл жоба аяқталған соң, Индустриалды аймақтан шығатын ауыр жүк көліктері мен Балтакөл бағытындағы автокөліктер Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізіне тікелей шығып, ішкі көшелердегі кептелісті азайтады. Құрылыс 2026 жылы аяқталмақ. Қала қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2025 жылы 210 бейнебақылау камерасын орнату жоспары бар. Оның отыз бесі Бекзат секторы аумағына қойылады екен.
САУРАН СЕКТОРЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Сауран секторында барлығы 29 мәселе тіркелсе, соның он үші толық шешімін тапқан, ал қалған екі мәселе бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді қала әкімі кездесу барысында. Сектор тұрғындарының өтініші негізінде Жангелдин көшесіне жаңа ойын алаңшасының құрылысы басталған. Сонымен қатар, 1-ші мөлтек ауданындағы №6 үйдің алдындағы ойын алаңы ретке келтіріліп, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ойын ойнауына мүмкіндік жасалуда. Көлік қауіпсіздігін арттыру бағытында Жарылқапов көшесіндегі «Балым» супермаркеті алдына жаяу жүргіншілер жолағы, жылдамдықты шектеу және жол белгілері орнатылған. Хақназар хан көшесінің бүлінген асфальт жабындысы жөнделіп, қалпына келтірілді. Сондай-ақ, кәріз жүйесі тартылғаннан кейінгі Әл-Фараби көшесінің жолы да ретке келтіріліп, барлық құрылыс жұмыстары аяқталған. Ауыз су және сарқынды су желілерінің құдық қақпақшалары жол деңгейіне сәйкестендіріліп, қауіпсіздік талаптарына сай келтірілген. Сауран секторы аумағында жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерге ауыз су тарту және қайта құру жобасының екінші кезеңі әзірленуде. Бұл жұмыс Б.Майлин мен Төлеби көшелерін қамтиды. Жобаға бюджеттен қолдау көрсетілсе, 2026 жылы іске асырылып, сектордағы ауыз сумен қамту деңгейі 99,5%-ға жетеді дейді әкім. Сондай-ақ, сектордағы Баянауыл тұрғын алабында кәріз жүйесінің құрылысы басталған. Жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын жобаны «Пана Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда екен. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталып, 1 740 абонент кәріз желісіне қосылады деп күтілуде. Қала бойынша газбен қамту үшін жобадан тыс қалған көше мен жаңа құрылыс аумақтарын қосу үшін қосымша 1 500 абонентке арналған жоба жасалуда. Оның ішінде Сауран секторынан 83 абонент енгізілген. 2025 жылы Жангелдин көшесінде бір ойын алаңы салынуда. Сонымен қатар, жалпы қала көлемінде 9 спорт және ойын алаңшасы, екі жабық футбол алаңының құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Кәріз жүйесінің жұмыстары аяқталған соң, 2026 жылы негізгі көшелерге, 2028 жылға дейін ішкі көшелерге асфальт төсеу жоспарлануда екен. Сауранда жалпы 156 көше бар. Оның 96% жарықтандырылған. Қалған 7 көше алдағы уақытта жарықтандырумен қамтылады. Бұған қоса, тұрғындардың жайлы жүруі үшін сектор аумағында 16 аялдама павильоны орнатылғанын атап өтті. Бұған қоса, Сауран мен Бекзат тұрғын алаптарын қосатын жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталған екен. Сонымен қатар, сектор аумағында байланыс пен интернет сапасын жақсарту мақсатында 4 базалық станция орнату жұмыстары 2025 жылдың қазан айына жоспарланған. Жалпы, Сауран секторы тұрғындарының сұраныстары назардан тыс қалмай, барлық бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда дейді қала әкімі.