ТҮРКІСТАН: ОТБАСЫН ҚОЛДАУ – МЕМЛЕКЕТ САЯСАТЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ


Отбасы – қоғамның ең маңызды іргетасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Мықты отбасы – мықты мемлекет құрайды». Сондықтан да бүгінгі таңда мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі – отбасы институтын нығайту және қолдау. Түркістан қаласындағы күретамыр — Бекзат Саттарханов даңғылының бойындағы «Дастархан» дүкенінің қарама-қарсысында шыныдан салынған әдемі ғимарат тұр. Бұл — «Отбасын қолдау орталығы». Мұндай мекемелерді бұрын үлкен қалалардан көретін едік. Ұзын құлақтан еститінбіз. Дамыған заманның лебі біздің Түркістанымызға да келіп жатыр. Күн санап түлеп, түрленіп. Ғимараттың іші-сыртына көз сүйсінеді. «Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын құру орталығы «коммуналдық мемлекеттік мекемесі» деп жазылыпты сыртқы есіктің жоғарғы жағына. Іші жап-жарық! Кең! Жайлы леп сезіледі. Қабырғадағы жазуға көзім түсті.
«Психологиялық ұсыным. Біз білмейтін психология» деп жазыпты. Бір жұмбақ әлемдей көрінді. Тылсым сыр жасырып тұрғандай. Қаншама адамның жан сыры ма екен? Мекеме басшысы ұзақ жылдар бойы Түркістан қалалық полиция бөлімінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы болып қызмет атқарған, полиция майоры Досыбекова Мария Сартайқызы кездейсоқ күйіп қалып, қолдау-көмек сұрай келген 23 жастағы қызбен әбігерге түсіп жатыр екен:
— Өмірі қиын отбасылармен жұмыс жасаймыз. Ақшасы жоқ, тұрақты мекенжайға тіркелмеген, мекенжайы, жұмысы жоқ адамдардың ауруханадан ем алуы үшін құжаттық заңдастырулар бар. Бізден көмек-қызмет алып жүрген 23 жасар қыз. Ауруханадан көмек ала алмай ағасы бізге ертіп кепті. Пісіп қапты. Иығы, құлағы, сол жағы. Қазір соған «Жедел жәрдем» шақырып, әлек болып жатырмыз. Тағы да бір оқыс оқиға, жағдайы жоқ отбасының баласын танысы қарап жүрген екен. Соны қазір опекамен, полициямен барып алып, балалар үйіне өткізуіміз керек. Орталықтың әрбір күні осындай жылдам, жанашырлықпен әрекет етуді керек ететін оқиғалармен басталып жатады, — деді Мария Досыбекова бізге мән-жайды түсіндіріп. — 2025 жылдың сәуірінде екі баланың жалғызбасты әкесі өмірлік қиын жағдайға тап болып көмек сұрап келген болатын. Отбасын қорғау орталығынан психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілді. Қазіргі таңда жалғызбасты әкеге «Қарекет» қорының атынан екі бөлмелі пәтер кілті табысталып, жан-жақты әлеуметтік көмек берілді. Кішкентай баласының фамилиясын әйелінің атынан аудара алмай 8-9 жылдан бері қиындық көріп жүрген екен. Отбасын қолдау орталығы баланың тегін әкесінің атына аударуға да жәрдемдесті. Балаларын мектепке қажет киімдермен қамтамасыз етті. Бізде қайырымдылық шараларына қаржы қарастырылмаған. Жаны жомарт, жағдайы бар демеушілер көмектеседі. Кейде өзіміз де атсалысамыз, — дейді Мария Сартайқызы.
Менің есіме сонау 2003-ші жылдары «Тұран-Түркістан» телеарнасында қызмет ете жүріп, полиция бөлімімен, қалалық әйелдер кеңесі, білім басқармаларының өкілдерімен рейдке шығып, мектеп, мекеме аралаған күндер түсті. Ол кезде Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы партия-кеңес жұмыстарында әбден ысылған, айтар сөзін де, тура жолын да білетін Дүйсенкүл Жамболова апайымыз болатын. Түрлі ұйымдардың өкілдерін жанына топтастырып, мектептерде, арнайы, жоғары оқу орындарында, әкімшіліктің мәжіліс залында жиналыстар, әңгіме-сұхбаттар, тәрбие сағаттарын өткізетін. Тіпті сол кезде «город», «микрорайон», «ремзавод», «жолдың асты» болып бөлініп, «тас боранға» жол берген жасөспірімдермен диалог жүргізетін және ол оң нәтижесін беріп те жүрді. Міне, осындай жиындар кезінде Мария Сартайқызы мінберге жиі шығып, жүрекке жеткізген сөздермен аудиторияны өзіне қаратып алушы еді. Енді, міне, сол полиция қызметкері ширап-шынығып, тәжірибе жинақтап, қазіргі қоғамға қажет қызметтің басынан табылып отыр. Бұл орталыққа, шынында да, осындай құқық қорғау саласының қыр-сырын жетік білетін, өткір, өжет адам керек екені «ә» дегеннен-ақ аңғарылды. Мұнда қазіргі таңда жиырма екі адам қызмет етеді. Психолог мамандар, заңгерлер бар. Уақытша қиындыққа тап болған адамды құжаттарын әзірлеп, мәселелерін шешкенше паналата тұратын төрт орындық арнайы бөлме бар. Сонан соң олар жағдайға қарай қаладағы екі дағдарыс орталығына жіберіліп, бақылауға алынады.
Жылға толар-толмас уақыт ішінде орталықтың жұмысы жолға қойылғаны қабырғаға ілінген көрнекі құралдардан, логотиптерден, тоқтаусыз айналып тұрған бейнероликтен бірден көзге ұрып тұр. Мекеме өз құзіреті шегінде жан-жақты қолдау мен сүйемелдеу жұмыстарын және отбасылардың әл-ауқатын арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында 709 отбасынан өтініш қабылданып, 944 сүйемелдеу қызметі көрсетілген. Оның ішінде психологиялық, құқықтық қызметтер, денсаулық сақтау саласы бойынша, атаулы әлеуметтік көмектер, жұмыспен қамту, құжаттарды рәсімдеу, үйге кезекке қою, үйірмелердің, курстардың оқуымен қамту, демеушілік көмектер бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы