
Жыл басынан бері ақпараттық-ағарту жұмыстары бойынша 59 іс-шара өткізіліп, 1486 адам қамтылған. Жаңадан ашылған қандай мекемеге болсын жарнамалық-насихат жұмысы қажет. Отбасын қолдау орталығының жұмысын жұртшылыққа таныстыру мақсатында жергілікті «Түркістан» телеарнасының «Нәзік әлем» бағдарламасына мекеме басшысы мен психолог маман қатысып, орталықтың мақсат-мүддесі мен қызметі туралы жан-жақты әңгімеледі. Сондай-ақ, өзге өңірлердегі салалас орталықтармен тәжірибе алмасу да — жүйелі жұмыстың бір қыры. Мәселен, Атырау облысының отбасын қолдау орталығы қызметкерлерімен өзара тәжірибе алмасу, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген «Бір мақсат. Бір бағыт. Бір жүрек» атты психотренингтің берері мол болды. «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесінде психолог мамандардың ұйымдастыруымен отбасы құндылықтарын дәріптеу, өзара қолдау мен сенім, қоғамда тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында «Достық пен қолдау — өмірдің қуанышы» атты психотренинг өткізілді. Сондай-ақ, отбасындағы ынтымақ пен сыйластықтың маңыздылығы, құрмет пен тәртіп, жауапкершілік, өз эмоциясын бақылау қағидаларын түсіндіруге бағытталған «Отбасы — ұлағат ұясы» атты психотренингке орталық базада пробация есебінде тұрған азаматтар қатыстырылды. Аталған іс-шаралар қараша айында өткізілді. «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн» акциясының аясында да пайдасы мол насихат жұмыстары жүргізілді. «Зорлық-зомбылықсыз өмірмен бірге!» тақырыбында ақпараттық материалдар дайындалып, үнпарақтар таратылды. Осы акция аясында қоғамға отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтың ешбір жағдайда ақталмайтынын, оның жауапкершілігін, қауіпсіз орта мен ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, ата-ана рөлін айқындауға ықпал ететін «Отбасындағы зорлық — қылмыс» атты бейнебаян түсіріліп, отбасын қолдау орталығының парақшасына салынды. Бұл үгіт-насихат жұмыстары бірден көзге көрінбегенмен, көпшілік осы ақпараттардан мағлұмат алып, ой түйетіні сөзсіз. Мысалы, Е.Тәңірбергенов атындағы Түркістан индустриалды-техникалық колледжінде жастар арасындағы қауіпсіз өмірді насихаттау, өз ортасын таңдай білу және зорлық-зомбылықтың алдын алу, ашық диалог құру мақсатында «Зорлықсыз өмірді қалай елестетемін?» тақырыбында эссе және сурет байқауы өткізіліп, жүлдегерлер «Алғыс хатпен» және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Отбасын қолдау орталығының жұмысын жүйелендіре түсу үшін өткізіліп жатқан іс-шаралар легі жалғасуда. Айталық, қызмет алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, ашық диалог құру, құқықтық кеңестер беру үшін өңіраралық заң консультанттары палатасы заңгерлерінің қатысуымен өткізілген «Заң — қоғам» алаңынан да қатысушылар көптеген сауалдарға толыққанды жауап алды. Отбасын қорғау орталығының директоры Мария Досыбековамен сұхбат барысында мекеме өмірінің осындай қырларынан хабардар болдық.
— Осы орталықта қызмет еткен бір жылдың ішінде түсінгенім, шын мұқтаж жандар намысшыл болады екен. Олар сондай қиын жағдайда тұрғанның өзінде айқайлап сұрамайды екен. Құқықтық сауаттылықтың жетіспеуінен зардап шегеді. Мүгедектікті, алиментті рәсімдеудің жолдарын көрсетеміз. Психологиялық қысым көргендерге, өмірлік қиын жағдайға ұшырағандарға жәрдем береміз. Жұмыс көп. Үдесінен шығу — мақсатымыз, — дейді Мария Сартайқызы. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының 2025 жылғы 3 маусымдағы өкімімен құрамында білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау саласының өкілдері, әлеуметтік маман, қала тұрғын алқаптарының жетекшілері, басқа салалардың мамандары бар мобильдік топ құрылыпты. Отбасы — шағын мемлекет! Әрбір отбасы — алтын ұя. Олай болса, осы алтын ұя — шаңырақтарымызды қолдап-қорғап жүрейік!
Роза НАРЫМБЕТОВА.