
— «AMANAT» партиясының 30 пайыздан астам мүшесі – педагог мамандар болып табылады, сондықтан, партиямыз мұғалімдерді қолдауда бірнеше маңызды тармақтар бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Оның бір бағыты ретінде республикалық және өңірлік деңгейде кеңестерді атап өтуге болады, осы кеңестерде білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланады, шешімдер қабылданады. Партиялық бақылау комитеті білім объектілерінің құрылысына қатысты мемлекеттік органдармен бірлесе жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Екінші жыл қатарынан «Mұғалім Talks» кейс-платформасын өткізді. Бұл жоба мұғалімді тек кәсіби маман ретінде ғана емес, оны жоғары құндылық иесі ретінде көрсетуге басымдық берілді. Осы жобаның алаңында белсенді мұғалімдер «Ұстаз – ұлт айнасы» наградасымен марапатталады. Жаһандық цифрландыру кезеңінде отандық педагог кадрлардың кәсіби құзіреттілігін кеңейтуде «Ustazga AI» педагогтерге жасанды интеллектті оқу процесіне тиімді енгізу жобасын қолдадық. Бұл жоба мұғалімдерге оқу жоспарын түзуге, күнделікті жұмыс бағыттарын белгілеуге, оқушылардың білімін бағалауға, сараланған тапсырмаларды белгілеуге, талдау жүргізуге, күрделі шешімдер қабылдауға жәрдемші болады», – деді Шолпан Таңатқызы.
Платформа мен курстар арқылы жасанды интеллектіні педагогтың көмекшісі ретінде пайдалануға үйрету мәселесіне қатысты «Daryn.online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев пен «Daryn Ustaz» компаниясының бөлім басшысы Ерлан Абдиманапов қызықты мағлұматтармен бөлісіп, «Ustazga AI» платформасының артықшылықтарын таныстырды.
Айта кету керек, бұл жоба цифрландыру және білім берудегі тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бағытындағы нақты қадам болып табылады. Жоба үш негізгі кезеңді қамтиды. Оның ішінде бірінші кезең бойынша – онлайн курстар басталып, барлық өңірдегі мұғалімдер «Ustazga AI»: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» жобас теы бойынша тегін онлайн курстан өтетін болады. Екінші кезеңде – педагогикалық хакатон ұйымдастырылады. Оған онлайн оқуды аяқтаған мұғалімдер арасынан үздік 400 педагог арнайы іріктеуден өтіп, «Мұғалім AMANAT» педагогикалық хакатонына шақырылады. Бұл кезеңде ұстаздар «Мектепке арналған жасанды интеллект шешімі» тақырыбында өз жобаларын қорғайды. Ең үздік деп танылған 20 мұғалім халықаралық тағылымдамаға жолдама алады. Ал үшінші кезең – Халықаралық тағылымда деп аталады. Бұл кезеңде хакатон жеңімпаздары келесі жылдың маусым айында Оңтүстік Кореяда өтетін 7 күндік тағылымдамаға қатысады. Мақсат – білім беру саласында жасанды интеллект технологияларын енгізудің үздік халықаралық тәжірибесін зерделеп, оны қазақстандық мектептерге бейімдеу болып табылады.
Облыс мектептері мен колледждеріндегі білім беру процесіне жасанды интелектіні енгізу мәселелері бойынша Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова хабарлама жасап, цифрлы дағдыны қалыптастыруда мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курстары, цифрлық платформалар жайлы ақпарат берді.
Жиынды қорытындылаған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу – уақыт талабы екенін айтты.
«- Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған цифрландыру мәселесі жаңа ұлттық идеяға айналды. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Оған дәлел ретінде «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың бастамасымен қолға алынған «Ustazga AI» платформасының іске қосылғанын айтуға болады. Бұл платформа арқылы еліміздің мыңдаған ұстаздары, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Әрине, жасанды интеллект – мұғалімді алмастыратын құрал емес, керісінше оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтетін, уақытын үнемдейтін, оқыту сапасын арттыратын сенімді серіктес. Біз АІ технологияларын дұрыс, жауапкершілікпен және педагогикалық мақсатқа сай қолдануымыз қажет. Ең бастысы – мұғалімнің рөлі өзгермейді. Мұғалім әрқашан білім берудің жүрегі, рухани жетекшісі және бағыт көрсетушісі болып қала береді. Ал жасанды интеллект – сол жолдағы көмекші құрал міндетін атқаратын болады», – деді облыстық партия филиалының төрағасы.
Алтынсары Дүйсенбекұлы бүгінгі кездесу жаңа идеяларға, жаңа ізденістерге жол ашқандығына тоқталып, жаңа дәуір ұстаздарын қалыптастыруға септігі тиетін алаңның ашылуына ұйытқы болған «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызына, «Daryn.online» компаниясының бас директоры Айбек Нұрланұлына, «Daryn Ustaz» компаниясының өкілі Ерлан Әуелбекұлына алғысын айтты. Дамуға бастайтын сенімді ықпалдастығымыз одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.