ТҮРКІСТАН: ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАСЫ АЯСЫНДА ЖАҢА ЖОБАНЫ ҚОЛҒА АЛДЫ


«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айқындалған міндеттер шеңберінде «Daryn Ustaz» орталығымен бірлесіп, «Ustazga AI»: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» жобасын бастады.
Бұл бастама Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың «Mұғалім Talks» кейс-платформасының екінші отырысында берген тапсырмасының негізінде жүзеге асып, мұғалімдерге арналған тегін онлайн курсты ұйымдастыру, білім беру саласында жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану жолдарын көрсету, сондай-ақ педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру мәселелерін көздейді.
Мұғалімдерді жасанды интеллект технологияларын тиімді және жауапты қолдануға үйрету, олардың жұмыс жүктемесін азайтып, оқыту сапасын арттыруға арналған «Ustazga AI»: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» жобасын таныстыруға арналған кездесу жиыны Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өтті. Кездесуге «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, «Daryn.online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев, «Daryn Ustaz» компаниясының мемлекетпен байланыс бөлімінің басшысы Ерлан Абдиманапов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова қатысты.
Ұстаздар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып берген жиынға облыстық білім басқармасына қарасты барлық ұйымдардың жауапты мамандары, әдістемелік орталықтардың жетекшілері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, мектептер мен колледждердің директорлары қатысып, жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне кіріктірудің маңыздылығымен танысты.
Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық «Әйелдер қанатының» жетекшісі Қалыйма Жантөреева ашып, жүргізді. Өңір ұстаздармен өтіп жатқан кездесудің маңыздылығына тоқталған Қалыйма Жантөреқызы, қазіргі технологиялық дәуірде білім беру саласының даму қарқыны жаңа талаптарды алға тартатынын айтты. Жасанды интеллект – ұлттық даму стратегиясының тірегі екеніне баса мән беріп, бұл бастама Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынының мазмұны болғанын жеткізді. Осы орайда, «AMANAT» партиясы «Mұғалім Talks» кейс-платформасының отырысында жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде кеңінен қолдануды қолдайтынын айқындағанын атап өтті. Бұл үдеріс елдің интеллектуалды әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отырғанын және партиямыздың бұл бағыттағы жаңа бастамаларын білім беру саласының қызметкерлеріне жеткізуде «AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының жетекшісі Шолпан Таңатқызы, «Daryn.online», «Daryn Ustaz» жаңа буын компанияларының өкілдері Түркістан облысына арнайы келгенін атап өтті.
Кездесудің ашылуында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев білім беру жүйесін заман ағымына сай дамытуда жаңа буын мамандарды даярлауға арналған бастаманы таныстыруға арналған кездесу қонақтарын Түркістан қаласының төрінде көргеніне қуанышты екенін білдіріп, бұл бағыттағы ынтымақтастықты арттыруға олыс әкімдігі әрқашан дайын екенін жеткізді.
«- Білім саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу, білім сапасын арттыру мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының бағыттарын айқындай отырып, цифрландыру мен жасанды интеллект салаларын басым бағыт ретінде атап өтті. Бұл Жолдау еліміздің білім беру жүйесіне үлкен жауапкершілік пен тың мүмкіндіктер ашып берді. Түркістан облысы Мемлекет басшысының бастамасын толық қолдай отырып, білім беру саласының цифрлы трансформациясын жеделдетуді, жасанды интеллекті саласы арқылы ерте жастан білім беруді қалыптастыруды және педагогтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағыттарында нақты шаралар қабылданып жатыр. Бүгінгі таңда облысымызда информатика, робототехника және STEM кабинеттерін жабдықтау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп отыр», – деді Ертай Кенжебекұлы.
Қоғамның цифрлық дағдыларын қалыптастыруда «AMANAT» партиясы биылдан бастап «Цифрлы қоғам» жобасын іске қосқанын партия хатшысы Шолпан Қаринова атап өтті. Бұл жоба бірнеше бағытты қамтитынын, соның ішінде ең ауқымдысы – педагогтарды қолдау бағыты екенін айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы