ТҮРКІСТАН: АДАЛ АЗАМАТ – ЕҢБЕКҚОРЛЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ


Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Жиынның алғашқы күні еліміздің әрбір аймағынан арнайы келген делегаттар ұлт келешегі үшін өзекті мәселелерді талқылады. Ал екінші күнгі негізгі жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ой-толғамдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Мемлекет басшысы Ұлытау төріндегі алғашқы құрылтайдан бері өткен бір жылда елімізде конституциялық реформа жасалғанын, бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түскенін, ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарымызды айқындап бергенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Ал түпкі мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер.
Президент отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс екенін айтты.
– Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс екеніне назар аударып, осы жұмыстың нақты бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, Президент мемлекеттік нышандарды жетілдіру; ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту; мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу; өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру; ақпарат саясатының тиімділігін арттырып, креативті индустрияны дамыту; мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу; шекаралас аймақтарды дамыту; мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде маңызды мәселелерді қозғап, тың бастамалар ұсынды.
“Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі. Жаңа ғана Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өтті. Бұл да – өте орынды бастама. Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын. Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды. «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады. Елімізде рухани құндылығы жоғары өзге де дүниелеріміз жеткілікті. Оның ішінде адамзаттың асыл қазынасы атануға әбден лайық мұраларымыз бар. Қазір бірнеше нысанды трансұлттық аталымдар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілді. Бұл шаруа көрші елдермен бірлесіп атқарылып жатыр. Жақында ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле ханым менің шақыруыммен Қазақстанда болды. Ол Түркістанға әдейі ат басын бұрды. Бұл – беделді халықаралық ұйым басшысының соңғы 10 жылда елімізге жасаған алғашқы сапары. Мен Азуле ханыммен арнайы кездестім. Ол маған Бурабай, Марқакөл қорықтары және «Ортеке» өнері ЮНЕСКО тізіміне енгізілгенін растайтын құжатты табыстады. Мұның бәрі Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасын әлемге танытуға септігін тигізері сөзсіз. Бірегей салт-дәстүрімізді материалдық емес мұралар тізіміне қосуға қатысты жұмысты жалғастыру қажет. Елімізде ұлттық кодымызбен барынша үйлесім тапқан түрлі мәдениеттер тоғысқан. Біз төл тарихымызға көптеген халықтардың көрнекті тұлғаларының есімі жазылғанын мақтан тұтамыз. Мысалы, Қазақстанда Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов сынды әлемге әйгілі ақын-жазушылардың мұражайлары бар. Сан қырлы ұлттық мәдениетімізді айшықтайтын осындай мол мұраны сақтап, зерделеу қажет. Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек”, деді Президент.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы