
Президент:
«Сондай-ақ еліміздің саяси жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнықты. Бұл билікте өзара тиімді байланыс пен тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. Президенттің жеті жылға бір рет қана сайлануы ел тарихындағы аса маңызды саяси-құқықтық бетбұрыс деп айтуға толық негіз бар. Себебі мұндай жағдай Қазақстанда бұрын-соңды болған емес.
Осылайша, елімізде биліктің бірегей үлгісі пайда болды, яғни, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа қағидаға сай жұмыс істей бастады, сол арқылы мемлекеттегі саяси үдерістер әлдеқайда түсінікті, болжамды, айқын бола түсті. Нақты айтқанда, Президенттің жақын туыстарына билік жүйесінде лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Биліктегі отбасылыққа тосқауыл қойылды. Бұл да өте қажетті қадам болды. Халықтың осы шешімі – аса маңызды саяси-құқықтық жаңашылдық, әлемде баламасы жоқ конституциялық инновация».
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«2019 жылдан бері біз кезең-кезеңімен бірнеше саяси реформа жүргізіп, саяси жүйені дәйекті түрде жаңғырттық. Осы залда отырған азаматтардың көбі сол үлкен өзгерістердің бел ортасында жүрді.
Ашығын айтқанда, біз біршама кедергіге тап болдық. Саяси ортаның белгілі бір бөлігі қоғамды жаңғыртуды көздейтін бастамаларымызға күмәнмен қарады, тіпті қабылдай алмады.
Бүгінде біз таңдаған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне көзіміз жетті. Бұл елімізді өркениетті қоғам құру жолына бастайды.
2022 жылы өткен референдум ұлтымызды бұрын-соңды болмаған деңгейде ұйыстырып, мемлекет алдындағы стратегиялық міндеттердің төңірегіне топтастарды.
Азаматтарымыздың жаңа саяси бағдарды бірауыздан қолдауы алға ілгерілеуден басқа жол жоқ екенін айқын көрсетті. Тарихи өлшем тұрғысынан өте қысқа уақыт ішінде қоғам саяси кемелдік пен азаматтық жауапкершілікті күшейтетін іргелі өзгерістерді бастан өткерді. Әділетті Қазақстанды құру процесін енді ешкім тоқтата алмайды. Өткенге оралуға, ең алдымен, еліміздің жастары жол бермейді. Білімді жас ұрпақ келешекке көз тігеді. Олар Қазақстанды жаңа заманның талабына сай келетін өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді».
Мемлекет басшысы:
«Түптеп келгенде, конституциялық реформа саяси жаңғыру үдерісіне зор серпін берді. Парламенттің рөлі артты, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Орталық және жергілікті атқарушы биліктің құзыреті қайта бөлінді.
Жаңа талапқа сәйкес Президент, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Өкілді билікке әртүрлі көзқарастағы саяси күштер мен азаматтар келді. Түрлі саяси партиялар Парламенттен орын алды. Аралас сайлау жүйесі тәуелсіз үміткерлерге жол ашты. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен сайланды. Төрт жылдың ішінде барлық ауыл әкімдері жаңа ережеге сәйкес сайланды. Олардың көбі – бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар.
Осылайша, билікке жаңа буын өкілдері келіп жатыр. Биылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Бұл – Орталық Азия аймағында бұрын-соңды болмаған тәжірибе.
Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы орныға түсті. Азаматтарымыз ел өміріне қажетті шешімдерді қабылдау үдерісіне белсене қатысатын болды. Әсіресе, реформаларды жүзеге асыру ісінде билік пен қоғамның мүддесі бір екені анық байқалды. Елдегі өзгерістер, ең алдымен, халықтың игілігі, ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатыр.
Мен бүгінгі мерейлі сәтте осы тарихи қадамды жасауға үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтамын.
Біздің қазіргі Конституциямыз – өркениетті болашаққа жол ашатын, халқымыздың игілігіне қызмет ететін Ата Заң. Біз бір ел болып қолға алған реформалар Конституциямыздың жасампаз рухын күшейте түсті. Бұл кезең еліміздің тарихында түбегейлі жаңғыру кезеңі болып қалары анық».
Президент:
«Ата Заңымызда «Қазақстанның ең қымбат қазынасы – Адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Бұл – әрдайым мүлтіксіз орындалуға тиіс қағида. Осыған орай, нақты реформа жасалды.
Еліміздегі заң үстемдігін қамтамасыз ететін аса маңызды институт – Конституциялық сот құрылды. Енді азаматтар қандай да бір заң өз құқығы мен бостандығына нұқсан келтіреді деп санаса, Конституциялық сотқа жүгіне алады. Екі жарым жыл ішінде бұл органның қарауына 11 мыңнан астам өтініш келіп түсті.
Бұл халықтың жаңадан енгізілген конституциялық бақылау институтына сенімі жоғары екенін көрсетеді. Конституцияға қайшы көптеген нормалар құқықтық жүйеден алынды.
Бұдан былай Конституциялық соттың шешімі мен құқықтық ұстанымы әділдік рухына сай келетін жаңа заңнамалық қолданыстың негізіне айналды.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті енгізу нәтижесінде азаматтардың мемлекетпен жария-құқықтық қатынастарын реттеу тәсілдері түбегейлі жаңарды. Кодекстегі жаңа новеллалар арқылы соттардың тек мемлекет мүддесін қорғауға бағдарланған әдепкі ұстанымы жақсы жағына өзгерді. Сот үкімінде субъективтілік азайып, анағұрлым әділетті шешімдер шығарыла бастады.