
Қазіргі статистика азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарға қарсы істерде 60 пайызға дейін жеңіске жететінін көрсетіп отыр.
Жүргізілген реформалар сот жүйесіне сенімді айтарлықтай арттырды. Судьяларды іріктеу және тағайындау үдерісін әділ әрі ашық етіп, олардың тәуелсіздігін күшейтті. Сот әкімшілігі жетілдіріліп, сот ісін жүргізуді цифрландыру басталды.
Бұрын азаматтар іске қатысты шағымдану мүмкіндігі жоқтығына жиі арызданатын. Сондықтан кассациялық соттарды құру және биылғы 1 шілдеден бастап «жаппай» кассация қағидатын енгізу Қазақстанның сот жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Конституциялық реформа нәтижесінде прокуратура органдарының қадағалаушылық құзыреті күшейтілді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебеге ие болды. Еліміздің барлық аймағында өкілдіктері ашылды. Енді Уәкілдің тәуелсіздігі мен иммунитетіне Ата заң кепілдік береді. Бұдан бөлек, Омбудсмен Бас прокурор сияқты Конституциялық сотқа жүгіну құқығына ие болды».
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Заң үстемдігін қамтамасыз ету – біздің стратегиямыздың ең маңызды қағидасы. Бұл – өркениетті және озық қоғамның басты өлшемі. Қоғамымызда заң мен тәртіп сақталмаса, ешқандай жетістік пен ілгерілеу болмайды, бұл – анық нәрсе.
Заңды сыйлайтын ел қашанда берекелі болады. Сондықтан мен әр сөзімде заң мен тәртіптің маңызын ерекше атап өтіп жүрмін. Басқаша айтқанда, бұл – бізге дәстүрлі болмысымызды өзгерту қажет деген сөз. Заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну ұлтымыздың қанына сіңіп, қасиетіне айналуы қажет.
Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі қазіргі таңда аса өзекті. Сондықтан заңды қасақана бұзатын азаматтарға, қоғамдық тәртіпке және тұрақтылыққа кері әсер ететін әрекеттерге міндетті түрде құқықтық баға беріледі.
Мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбие жұмысын күшейту қажет. Балаларға заңдарды қарапайым тілмен түсіндірген абзал.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы тиісті жұмыс жүргізілуі керек. Жастардың құқықтық санасына отбасындағы тәрбие де зор ықпал етеді. Мұны ешқашан ұмытпауымыз керек.
Ата-ана, мектеп және мемлекет күш жұмылдырып, бала тәрбиесіне баса мән бергені жөн. Сонда ғана заңға бағынатын, өзінің де, өзгенің де құқығына құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелейміз. Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанды құрудың басты алғышарты».
Мемлекет басшысы:
«Жалпы айтқанда, біз мемлекеттік саясатта терең өзгеріс жасадық. Конституциялық реформа осы ауқымды жұмыстың берік құқықтық арқауы болды. Сол арқылы саясатта, экономикада, әлеуметтік салада, сот жүйесінде «Әділетті мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға жол ашылды.
Конституцияда жер және барлық табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені айқын көрсетілген. Осы қағидатты іс жүзінде орындау үшін маңызды шаралар қабылданды.
Менің тапсырмаммен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әзірленді. Қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балалардың арнайы есепшотына жіберілетін болды. Былтырдан бері Ұлттық қордан 1,5 миллиард доллардан астам қаржы бөлінді. Бұл – жас ұрпақтың болашаққа нық сеніммен қарауына мүмкіндік беретін мемлекетіміздің өте маңызды шешімі.
Мұның бәрі – жаңарған Конституцияның жемісі. Ата заң, шын мәнінде, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын толыққанды әрі тиімді құралға айналды.
Бірқатар маңызды заңдар мен арнайы жоспарларды қабылдау арқылы қолданыстағы Конституцияның орасан зор әлеуеті іске асырылып жатыр.
Былтыр Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң қабылданды. Бұл адамды еркінен тыс қандай да бір жолмен пайдалануға болмайтынына кепілдікті күшейтті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза едәуір қатаңдатылды. Некелесуге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Адам ұрлағандар да қатаң жазаланады.
Сонымен қатар қылмыстық сот үдерісін ізгілендіру және оның тиімділігін арттыру үшін нақты қадамдар жасалды, тиісті кодекстерге ауқымды түзетулер енгізілді.
Конституцияның мерейлі белесіне орай Рақымшылық туралы заң қабылданды. Себебі мемлекет қылмыспен күрес саясаты мен әлеуметтік әділдік мәселесіне келгенде адамгершілік құндылықтарын басты орынға қояды».
Президент:
«Конституция әрдайым адам құқығының темірқазығы болуға тиіс. Бұл – мемлекет саясатындағы бұлжымас қағида. Конституциямыз алдағы уақытта да халқымыздың жарқын болашағына жол ашатын ең басты құжат болып қала бермек.
Ата заң еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуды, сондай-ақ заңды мүлтіксіз сақтау және адал азамат идеологиясын ілгерілетуді көздейтін жаңа қоғамдық келісімнің айқын нышанына айналды. Заң үстемдігі – әділетті қоғам құруға және азаматтарымыздың берекелі өмірін қамтамасыз етуге апаратын төте жол. Сондықтан тағы да қайталап айтамын: еліміздің барлық азаматтары заңды құрметтеп, сақтауы керек.
Қазақстанның заңгерлер қауымдастығы азаматтарымызға Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіріп, Заң мен тәртіп қағидатына сай қоғамдағы әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үндеуі қажет. Қазақстан Конституциясы ұлтымыздың кемелдігі мен болашаққа ұмтылысын бүкіл әлемге паш етеді. Конституцияның әр жолы мен рухын сақтау, соның негізінде жоғары құқықтық мәдениет пен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру – еліміздің келешектегі табысының кепілі. Мұны барша халық түсінуге тиіс».