ТҮРКІСТАН: ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАЛЫ – КЕМЕЛ БОЛАШАҚҚА БАСТАЙТЫН ҚАДАМ


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайын жолдайтын Жолдауларының мəн-маңызы айрықша.
Өткен жылдары ұлтымыздың ұясы Ұлытау баурайында, Түркі елінің рухани астанасы атанған киелі Түркістан шаһарында жəне Жайық өзені бойындағы Атырау қаласында өткізілген үш құрылтай бүгінде тарих қойнауында қалды.
Атырауда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» деп аталатын тұжырымдамалық баяндамасын жасады. Мұнда халқымыздың ынтымағы мен береке-бірлігі елдігіміз үшін аса маңызды екендігі атап көрсетілді.
Президент биыл «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бірінші кезекте 2024 жылды қорытындылай келе, елімізде болған аса маңызды мəселелерді тілге тиек етті. Күрделі болса да жүйелі экономикалық реформаларды қолға алып, алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қалағанымызды атап өтті. Елімізде тосыннан келген топан судың зардаптарын ынтымақ пен бірліктің арқасында жеңе білгенімізді, зардап шеккен отбасыларға жаңа баспаналар салынып берілгенін, бірде-бір адамның үйсіз-күйсіз қалмағанын айтты. Осынау сындарлы сәтте жомарт жандардың қол ұштарын созғаны ұлтымыздың мызғымас бірлігін айқындайды. «Жалпы, өткен жыл оңай болған жоқ, тіпті күрделі жыл болды деуге келеді. Қазақстанға сыртқы факторлардың салқыны тиді, табиғат апаты да жоспарларымызға әсер етті. Алайда, біз ахуалды бақылауда ұстап қана қоймай, жан-жақты реформаларымызды жалғастыра алдық. Осылайша, жасампаздық стратегиясы одан əрі жүзеге асырылып жатыр» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Біздің қанымызға сіңген жақсы бір қасиет – қиыншылыққа ұшыраған жандарды барынша қолдап, қорғап, көмектесу. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында аға буын біріне-бірі демеу болды. Одан кейін туған жерлерінен айырылып, қуғын-сүргінге душар болған өзге ұлт өкілдерінің қайғы-қасіретін бөлісті. Төрінен орын беріп, қолында барын бөліп жеді. Өткен жыл соңында Әзербайжан елінің ұшағы апатқа ұшырап, Ақтауға қонғанда жергілікті халық бір адамның баласындай білек сыбана жұмылып, ауыр жарақаттанған азаматтарға қолдан келген көмектерін берді. Адамгершілігі мол адал ниетті ұлт екенімізді осылайша бүкіл əлемге паш етті.
Президент осы сұхабатында өзінің негізгі мақсаты мемлекетіміздің экономикалық əлеуетін, егемендігін жəне халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу екенін баса айтты. Мемлекет басшысы болған сəттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерінің жəне оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойнына алатынын, басқаша болуы мүмкін еместігін атап өтті.
Былтыр қоршаған ортамызды таза сақтау мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қолға алынғаны белгілі. Бұл – халқымыздың мəдениетінің жаңа сатыға көтерілгендігінің белгісі. «Тазалықты сақтау жəне табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс» деді Президент.
Бүгінгі Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету жəне азаматтардың əл-ауқатын жақсарту. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы «Əділдік, Əділетті мемлекет дегеніміз не?» деген сұрақтарға байланысты өз ой-тұжырымын ашық білдірді. «Əділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бəрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді жəне нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады. Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы жəне басқа да автивтерді қайтаруға қатысты жұмыстың нəтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға жəне өзге де əлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып жатыр» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қ.Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіне тоқтала келіп, «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына тоқталды. Бірақ, өзі айтқандай, оны толығымен жүзеге асыру үшін əлі талай жұмыс істелуі керек.
Қазақстандықтардың көкейкесті мəселелерінің бірі – тұрғын үй. Президент бұл мәселеге де айрықша тоқталды. Мемлекет тұрғын үй құрылысы саласын одан əрі дамыту, баспаналарды қолжетімді ете түсу үшін шаралар қабылдайды. Елімізде мектептер мен денсаулық сақтау ғимараттарын салуда да серпінді жұмыстар қолға алынады. Орта жəне шағын бизнесті дамытуда кəсіпкерлерге мемлекет тарапынан әрқашан қолдау көрсетілмек.
Сонымен қатар, жастардың жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Президент олардың белсенді, тəртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалайтынын жеткізді. Қалай болғанда да келешегіміздің кемел боларына сенгіміз келеді.
Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар жəне Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы