
Балалық шағы ұжымдастыру кезеңі мен ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген Тұрдымұрат Әзімбаев 1923 жылы 24 сәуірде Келес ауданы, Қошқарата ауылдық округінде дүниеге келген. 1939 жылы М.И.Калинин атындағы жетіжылдық мектепті, одан соң Қабланбек педагогикалық училищесін бітіреді. Мұнан кейін зерек жас 1952 жылы Шымкент қаласындағы Н.К.Крупская атындағы мемлекеттік мұғалімдер институтын тәмамдайды. Ал, 1958 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтында сырттай оқып, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алады. Еңбек жолын 1940 жылы Коммунар ауылдық Кеңесінің М.И.Калинин атындағы ұжымшарында сауатсыздықты жою (ликвидация безграмотности) мұғалімі болып бастайды.
Тұрдымұрат аға 1942 жылы наурыз айында Қызыл Армия қатарына алынады. Алматыда жасақталған №147 атты әскер полкінде 4 айлық әскери дайындықтан өтеді. Сөйтіп, Украина майданындағы 51-ші Армияның 346-шы атқыштар дивизиясына қарасты 1 168-атқыштар полкінің барлаушысы ретінде ұрысқа кіріседі. 1943 жылдың қыркүйегінде Донбасты жаудан азат ету үшін болған шайқаста барлаушы Тұрдымұрат Әзімбаев ерекше ерлік көрсетіп, аса маңызды тапсырманы мүлтіксіз орындап шығады. Сөйтіп, «Ерлігі үшін» медалімен, артынан «Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Ал, қараша айында Қырымды азат ету жолындағы ұрыста тағы да хас батырға тән қаһармандық танытады. Бұл кезде фашистер Сиваш көліне жақындап қалған еді. Бұл Кеңес әскерлері үшін әскери-стратегиялық тұрғыдан аса маңызды бекет болатын. Жоғарғы Бас қолбасшыдан бір түннің ішінде 216 және 257-ші дивизияларды Сиваштың оңтүстік жағалауына астыртын өткізу жөнінде шұғыл бұйрық келеді. Осындай жауапты тапсырманы орындауға өз еркімен аттанған үш барлаушының бірі Т.Әзімбаев Сиваштың әрі терең, әрі мұздай суын кешіп, көлдің арғы бетіне өтіп, жаудың бекініс орындары жайлы аса құнды деректер алып қайтады. Соның арқасында Кеңес әскерлері дұшпанға күйрете соққы беріп, жеңіске жетеді. Сондағы теңдесі жоқ ерлігі үшін барлаушыға Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы құжат ресімделеді. Алайда, осы бір аласапыран шайқаста құжаттың тиісті орынға жөнелтілмей, жоғалып кеткендігінен Тұрдымұрат аға мүлдем бейхабар болатын.
1944 жылы көктемде батыл барлаушы ауыр жарақатпен госпитальға түсіп, ұзақ емделеді. Арада 8 ай өткен соң, жарақатынан айығып, елге ІІ топтағы мүгедек болып оралады. Алғашында Молотов атындағы жетіжылдық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болады. 1946-1960 жылдар аралығында Бесабдал ауылдық Кеңесінің хатшысы, Абай атындағы, Калинин атындағы жетіжылдық мектептердің директоры, Келес аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Калинин атындағы жетіжылдық мектептің директоры қызметтерін атқарса, 1960-1978 жылдар аралығында Келес аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, Сарыағаш аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Абай атындағы орта мектептің директоры, Шардара аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, В.И.Чапаев атындағы мектеп директорының орынбасары, «Келес» мақта кеңшары директорының орынбасары, Шымкент су шаруашылығы құрылыс тресіне қарасты «СПМК-50» колоннасы бастығының орынбасары, Димитров атындағы сегізжылдық мектептің директоры қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шығады.
Арада жарты ғасырдан астам уақыт өткен соң, 1994 жылы ардагер мен оның ұлы, ҚР ҰҚК-нің запастағы полковнигі Өмірбек екеуі баяғы, 1943 жылдың 23 қарашасындағы «Тұрдымұрат Әзімбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру» жөнінде ресімделген, 1168-ші атқыштар полкінің командирі, майор Каймаков, дивизия командирі генерал-майор Станкевский, 51-Армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Крейзер қол қойған құжатты Мәскеу облысының Подольск қаласындағы Ресей Қорғаныс министрлігінің архивінен табады. Ал, 1995 жылы Қызыл тулы 346-Дебальцево атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор Неверов, 51-Армияның командирі, Кеңес Одағының Батыры, гвардия генерал-лейтенанты Я.Г.Крейзер, 346-атқыштар дивизиясы ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Л.Е.Докторович кезінде Тұрдымұрат Әзімбаевтың Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын растап, ҚР Тұңғыш Президентіне хат жазған. Сол хаттың нәтижесінде Мемлекет басшысының 1995 жылы 24 сәуірдегі №2237 Жарлығымен соғыс ардагері Т.Әзімбаев «Отан» орденімен марапатталады.
1996 жылы Т.Әзімбаев Сарыағаш аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болып сайланып, 2003 жылдың 10 мамырына дейін осы қызметті абыройлы атқарды. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері және еліне сіңірген қызметі мен еңбегі үшін «Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, бірінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Ту», Қазақстан Республикасының «Отан» ордендерімен, бірнеше медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Майдангер қарт өмірлік серігі Жадыраш Көрпебаева екеуі бес ұл, екі қыз тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Тұрдымұрат Әзімбаев 2008 жылдың желтоқсан айында дүниеден өтті.
Хас батырдың есімін елі ешқашан ұмытпайды!
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.