ТҮРКІСТАН: ІЗБАСАРДЫҢ БЕС ҰЛЫ…


Ұлы Отан соғысы басталғанда балалардың сауатын ашып, оларды білім-ғылымға үйретіп жүрген Ізбасардың бес ұлы да көппен бірге кітапты қаруға айырбастады. Шәуілдір ауданынан майданға аттанған Жапат ол кезде «Ынталы» бастауыш мектебінде мұғалім, Тұрдымұрат – Жамбыл атындағы орта мектебінде бастауыш сынып меңгерушісі, Ораз – «Темір» бастауыш мектебінің меңгерушісі, Кенжеқұл – «Ынталы» бастауыш мектебінің меңгерушісі, ал, Егемберді «Кеңес» (қазіргі Т.Ибраимов) мектебінде директор болып жұмыс істейтін.
1902 жылы Құсшы ата ауылында дүниеге келген Жапат Ізбасарұлы әуелгіде ауыл молдасынан арабша сауатын ашып, кейінірек Түркістандағы ескі базарда бас киім тігіп сатумен айналысқан. Халықты сауаттандыру, жаппай білім беру саясатына сәйкес Шәуілдір ауылы жанындағы Ынталы шағын ауылында мұғалім болады. Сол кездегі мақта егу науқанында, орталықтағы канал қазу жұмыстарының бел ортасында жүрді. 1942 жылы Арыс аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақыртылып, Ташкент қаласында екі ай әскери дайындықтан өткен соң Мәскеу бағытындағы майданға жіберіледі. Содан хабар-ошарсыз кетті.
Ал, Тұрдымұрат Ізбасар-ұлы 1904 жылы туған. Он жасында Түркістан қаласындағы медреседе арабша білім алған ол 1923-1935 жылдары Түркістан ауданында халық ағарту саласында еңбек етті. 1936 жылдан бастап Шәуілдір ауданындағы Жамбыл, «Кеңес» мектептерінде мұғалім болды. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына Арыс қаласынан аттанып, бөлімше командирі ретінде Мәскеу, Орел және Курск қалаларын азат етуге қатысты. 1943 жылдан бастап пулеметке оқ дайындаушы болып, маңызды әскери нысандарды қорғауға атсалысты.
Бірде ұрыс кезінде қалқаннан шығып, қоймадан оқ алуға бұрыла бергенде, сол жағына жаудың оғы тиеді. Екінші оқ сол жақ бүйректі жанай өтеді. Санитар қыз жаралы жауынгерді майдан даласынан алып шығып, медициналық блиндажға жеткізеді. Жаралы солдаттардың көптігі сонша, зембілде кезек күтіп жатады. Осы кезде батальон командирі, подполковник Елкин де ауыр жараланып, медициналық блиндажға түседі. «Сен сержант Ізбасаровсың ба?» деген сұрағына әл-дәрмені жоқ Тұрдымұрат Ізбасарұлы басын изейді. Елкин жаралылардың ішінен госпитальға ең бірінші сержантты алып кетуге бұйрық береді. Әскери госпитальда қабырғасынан ет алынып, оны жақтың орнына тігеді. Тамақты үш айдай түтік арқылы өңешке құйып отырады. Бір жылдан аса уақыт Горький қаласында ем қабылдайды. 1944 жылы комиссияның «майданға жарамайды» деген шешімімен елге қайтарылады.
Елге келгеннен кейін, 1944-1946 жылдары Шәуілдір ауданында мұғалім болып жұмыс істеді. 1946 жылы партия тапсырмасымен Сары-
ағаш ауданының оқу бөліміне ауыстырылып, сонда біраз жыл мектеп директоры болып қызмет атқарды. 1985 жылы дүниеден өтті.
1905 жылы дүние есігін ашқан Ораз Ізбасарұлы ауыл молдаларынан арабша хат танып, Құран кітаптарды, қисса, дастандарды оқи алатын сауатты кісі болған. 1926-1935 жылдары Құшата елді мекенінде халықты сауаттандыру жұмыстарына атсалысып, 1936 жылы Шәуілдір ауданының Қоғам, Ынталы, Коммунизм ауылдары мен «Темір» стансасында, келесі жылы Шәуілдір ауылындағы «Ақмектеп» («Белая школа») бастауыш мектебінде мұғалім болды. 1938-1940 жылдары Түркістан педагогикалық училищесінде білім алды. 1941 жылы қараша айында осы ауданнан Арыс қаласындағы әскери комиссариатқа шақыртылып, Сталинград майданындағы Курск доғасында жаумен шайқасты. Қыстың қақаған боранында Курск орманында ағаш кесіп, белгіленген шеп бойынша траншея, блиндаж салып, қорғаныс шебін бекітуге атсалысты. Курск даласында орыс жауынгері Никита Нестеров, поляк сарбазы Алексей Дзюбамен бірлесе қимылдап, неміс дзотының көзін жойды. Ораз көкеміз Алексей Дзюбаның қолының қатты болғанын, қарсы алдынан шыққан жау солдатын жылдам қағып түсіріп, оны «тіл» ретінде өткізетінін айтып отыратын. Бірде өзі түнгі блиндажда демалып жатқанда жау ұшақтарының бомбасынан топырақ астына көміліп қалады. Оны солдаттар шығарып алады. Содан Закарпатье әскери округінің госпиталінде емделіп, әскери дәрігерлердің шешімімен елге қайтарылады.
Елге келген соң «Шеңгелді», «Қостерек» бастауыш мектептерінде мұғалімдік қызметін жалғастырған Ораз Ізбасарұлы ІІ және ІІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, Ұлы Жеңістің 30 және 40 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталды.
Егемберді Ізбасарұлы Құсшы ауылында 1910 жылы дүниеге келген. Ауыл молдасынан арабша сауат ашқан ол Түркістанда, Шәуілдірде білім беру саласында еңбек етті. Алғашқы жылдары халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болды. 1942 жылы «Кеңес» мектебінің директоры қызметінде жүргенде соғысқа аттанады. Ашхабад қаласында арнайы әскери дайындықтан өткен соң батальон командирі ретінде Воронеж майданында соғысқа кіреді. Содан хабар-ошарсыз кеткен. Соғыста болған жылдарынан ешқандай дерек жоқ.
Кенжеқұл Ізбасарұлы да 1914 жылы Құсшы ауылында дүниеге келген. Зерек әрі ақылды жас соғысқа дейін Шәуілдірдің маңындағы «Ынталы» мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. Жалындаған жастық шағын халықты сауаттандыру, ұжымдастыру, елді қоныстандыру жұмыстарына арнады. Жамбыл мектебінің негізін қалаушылардың бірі болды. 1942 жылы әскерге алынып, Барнаул қаласында арнайы дайындықтан өткен соң взвод командирі ретінде Ленинград майданына жіберілген. Хабар-ошарсыз кеткен.
Ізбасардың екі ұлы ғана соғыстан аман-есен елге оралып, үш ұлының денесі майдан даласында қалды. Барлығы да Отан қорғау жолында бізге өшпес өнеге қалдырды. Сондықтан олардың бізге аманаттап кеткен бейбітшіліктің қадірін білу біздің қастерлі борышымыз болмақ.
Ә.ІЗБАСАРОВ.
Келес ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы