
Жылдар жылжыған сайын заман жаңара береді. Алайда, адамзат басынан кешірген ұлы оқиғалар жадыда жаңғырып тұра береді. Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне де биыл 80 жыл толды. Бір кездері сол соғысқа аттанған қылшылдаған жап-жас сарбаздардың қатары сиреп, бүгінде ардагерлер саусақпен санарлықтай ғана қалды.
Осындай тарихтың тірі куәгерлерінің бірі – Ордабасы ауданының мақтанышы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмен Мұратұлы. Ол 1924 жылы 20 ақпанда Ордабасы ауданы, Бөржар ауылдық округі, Таздар ауылында дүниеге келген. 1942 жылғы 1 тамызда «Бірлік» орталау мектебінің 7-сыныбында оқып жүргенінде, яғни 18 жасында әскерге аттанады. Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында командирлік курсты 3 ай оқып, кіші сержанттық шенін алған соң 1942 жылы Калинин облысын жаудан азат етуге қатысады. Содан кейін Беларусь майданында соғысады. Жас жауынгер жау қолында қалған Ржев, Великие Луки секілді көптеген қалаларды азат етуге атсалысады. Бүгінде қарт жауынгер сол бір қанқұйлы соғысты көзіне жас ала отырып еске алады және ұрпақтарына бейбіт өмір тілеуден жалықпайды. «Сендер бақыттысыңдар! Тәуелсіз елдің ұландары ата-бабаларының елі үшін, жері үшін күрескен ерен ерліктерін ешқашан ұмытпауы керек. Сендер менен соғыстан қалай аман келгенімді жиі сұрайсыңдар. 1944 жылы ақпанда Витебск қаласында жау қорғанысын бұзып өту үшін болған шайқаста сол қолыма оқ және граната жарықшалары тиіп, екі жерден жараландым. Бір оқ білезік буыныма, екінші оқ саусаққа тиді. Сол сәтте екінші саусағымнан айырылдым. Джерзинский қаласында эвакуациялық госпитальда екі ай жаттым. Маған «Сквозноге пулевое ранение левого предплечия с повреждением лучевой кости» деген диагноз қойды. Содан дәрігерлер комиссиясының №336 шешімімен мені І топтағы мүгедек деп таныды. Қан майданда жерлестерім мен талай боздақтар қалды. Солардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа жеткізсін деген шығар, мен елге тірі қайттым. Мен туралы талай мақала жазылды. Бәріне ризамын, қарақтарым» дейді бүгінде жасы жүзден асқан майдангер.
Соғыстан оралған соң 1947 жылдан бастап Қалмен ата Бөржар ауылдық Кеңесіне қарасты Сталин колхозында бригадир болып қызмет етеді. 1973 жылдан бастап 1984 жылға дейін теміржолда 35 жыл еңбек етіп, «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Оныншы бесжылдықтың екпіндісі», «Социалистік жарыс жеңімпазы» атанды. «Құрмет белгісі», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «1941-1945-ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері», «Астанаға – 10 жыл» және басқа да көптеген мерекелік медальдармен марапатталды.
Қалмен ата – мәуелі бәйтерекке айналған тау тұлға. Кіндігінен тараған 6 ұл, 2 қызынан бүгінде 35 немере, 72 шөбере сүйіп отыр.
Миллиондаған адамның жанын қиған сұрапыл соғыс жыл санап тарихтың қойнауына бойлап бара жатса да, оның қаһарлы сызы ешқашан ұмытылмайды.
А.ЖАХИЯҚЫЗЫ.