
Адамзат тарихындағы ең алапат соғыста біздің ата-апаларымыз да нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Олардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа дәріптеу біздің қастерлі борышымыз һәм міндетіміз.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз өңірімізден соғысқа аттанып, ұрыс даласында қаһармандық танытып, «Кеңес Одағының батыры» атағына ие болған жауынгерлердің есімдерін ұлықтауды жөн көріп отырмыз. Айта кетейік, екінші дүниежүзілік соғысқа Түркістан облысынан 140 мыңнан астам адам қатысқан. Зұлмат соғыстан аман-есен оралған 70 мың сарбаздың 51-і Кеңес Одағының Батыры, екеуі Халық Қаһарманы және 8-і «Даңқ» орденінің толық кавалері атағын алған.
Солардың ішінде Түркістан облысында Кеңес Одағының Батыры атағы ең алғаш болып 1937 жылы ұшқыш Петр Шевцовқа берілген. Жаңа айдардың алғашқы мақаласын әскери ұшқыштың ерлікке толы өмір жолынан бастап отырмыз.
Ол 1912 жылы 25 шілдеде Өзбекстан Республикасына қарасты бұрынғы Ескі Бұхара қаласында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Теміржол стансасында жұмысшы болып істеген. Ұлты – орыс. Шевцовтың әке-шешесі XX ғасыр басындағы патшалы Ресей үкіметінің «Столыпиннің аграрлық реформасына» байланысты 1905-1906 жылдар аралығында Ресейден Түлкібас өңіріне, одан Мырзашөл даласына, ал, 1909-1910 жылдары Бұхара өңіріне қоныс аударған. 1920 жылы Шевцовтың ата-анасы еліміздің оңтүстік өңірінің шұрайлы жеріне қайта көшіп келеді.
Түлкібас стансасына (бұрынғы Түркістан АКСР-і, Сырдария облысы, Шымкент уезі, Түлкібас болысы) қоныс аударғаннан соң әкесі теміржолға жұмысқа орналасады. Петр Түлкібас стансасындағы орыс мектебінің 4-ші сыныбын бітіріп, 1928 жылы БЛКЖО-ға мүше болып қабылданады да, жұмысқа белсене кіріседі.
Шевцов 1930 жылы Орынбор қалалық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, арнайы жолдамамен Орынбордағы ұшқыштар даярлайтын училищеге оқуға жіберіледі. 1933 жылы аталған оқу орнын бітіргеннен кейін Брянск қаласындағы 107-ші жеке жойғыш авиация эскадрильясына жолдама алады. Кіші ұшқыш ретінде 1936 жылдың қараша айынан бастап Испаниядағы оңшыл монархиялық күштер арасындағы азамат соғысына қатысып, Испания республикалық армиясы жеке авиация эскадрильясының капитан шеніндегі ұшқышы, кейіннен И-16 эскадрильясының командирі болады. Өзіндік ұшу тәсіліне орай қаруластары мен қызмет еткен әскери бөлімдер арасында «Камарадо Педро» деген лақап атпен танылады. 1937 жылдың 16 наурызында әуе ұрыстарының бірінде жеке топ болып ұшып, жаудың бір ұшағын атып түсіреді. Жиналған деректерде Испания аспанындағы әуе ұрыстарында Шевцовтың қарсыласының 5 ұшағын атып түсіргені жазылған. Соған орай екі рет «Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
Шевцов Петр Федорович 1937 жылдың тамыз айында Кеңестер Одағына қайтарылады. КСРО Орталық Атқару Комитетінің 1937 жылғы 22 қазандағы қаулысымен Үкіметтің Кеңес Одағының қорғаныс қуатын нығайту жөніндегі арнайы тапсырмаларын тиянақты әрі шебер орындап, өзге елдерге үлгі болғаны үшін және осы мәселеде сіңірген ерекше еңбегі, көрсеткен ерлігі, өжеттігі, қаһармандығы мен қайсарлығы үшін майор Шевцовқа «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріліп, Ленин ордені қоса тапсырылады.
Испаниядан оралған П.Ф.Шевцов Кеңестер Одағының Әскери-әуе күштерінде бірнеше қызмет сатысынан өтеді. Әскери шені полковникке дейін көтеріледі. Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының мүшелігіне өтеді. 1939 жылы оған «Кеңес Одағының Батыры» атағын айқындау үшін бекітілген алтыннан жасалған «Алтын Жұлдыз» медалі беріледі. Жалпы, КСРО кезінде 13000-ға жуық адам «Кеңес Одағының Батыры» құрметті атағын алса, Петр Федорович Шевцов бұл атақты Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін алған алғашқылардың бірі болды.
Шевцов Петр Федорович Ұлы Отан соғысын 57-ші жойғыш авиация дивизиясының ұшу техникасын басқару инспекторы болудан бастап, 1942 жылы 510-шы жойғыш авиация полкінің эскадрилья командирі, кейіннен 4-ші Әуе әскері құрамындағы жойғыш авиация дивизиясы командирінің орынбасары ретінде Солтүстік-Батыс және Батыс майдандардағы ұрыстарға қатысады. Оның әскери шеберлігін ерекше жоғары бағалаған қолбасшылар әуелі 303-ші, содан соң 309-шы жойғыш авиация дивизиясының ұшу өнерін тексеруші, бақылаушы, нұсқаушысы етіп тағайындайды. Дегенмен, жастайынан қазақ халқының болмысын көріп өскен Петрге бұл міндет көңіліне қош келмей, жоғарғы қолбасшылыққа бірнеше рет арыз жазып, нәтижесінде 1942 жылдың 6 шілдесінде 272-ші жойғыш авиация эскадрильясын, ал, 26 желтоқсаннан бастап полктің өзін басқарады. 1943 жылдың ақпанынан 309-шы жойғыш авиация дивизиясының командирі болады. Қызмет барысында аса жоғары ұйымшылдықтың, жаппай әскери тәртіп пен жауынгерлік шеберліктің үлгісін көрсетеді. Ол басқарған құрама заттық-мүліктік жарақтануы жағынан да, тәртібі мен ұйымшылдығы жағынан да алдыңғы қатардан көрінеді. 1943 жылдың 17 қыркүйегіне дейінгі деректерге қарағанда, П.Шевцов өзі басқарып отырған құраммен бірге 168 жауынгерлік тапсырманы сәтті орындаған. 23 рет әуе шайқасына қатысып, жеке өзі жаудың эскадрилья командирімен қоса 7 ұшағының көзін жойған. Нәтижесінде, полковник Шевцов Петр Федорович бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.
1943 жылдың 17 қазанына қарай Шевцов басқарған әуе тобы тағы 12 әуе шайқасына қатысады. Осы шайқастар кезінде Шевцов жаудың 3 ұшағының көзін жояды. Осы ерлігі мен жауынгерлерге көрсеткен үлгісі үшін ол «Александр Невский» орденіне ұсынылады. Осы ерлігі үшін үшінші рет «Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Қорғаныс министрлігінің Орталық мұражайында (фонд №33, опись № 686044, дело № 385) 272-ші жойғыш авиация полкінің эскадрилья командирі Шевцовты бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттау туралы парағы сақталған. Онда «Кеңес Одағы үкіметінің арнайы тапсырмасын үлгілі орындағаны үшін, осы жолда көрсеткен ерлігі, батылдығы мен қаһармандығы үшін жолдас Шевцов КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен екі рет: 1937 жылдың ақпан-мамыр айларында «Қызыл Ту» орденімен марапатталды және Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етілді.
Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап, осы уақытқа дейін неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын орындауда жолдас Шевцов командалық қызметте де, қатардағы ұшқыш ретінде де қарамағындағыларға өзінің үлгі-өнегесі мен білімін көрсетіп, әуеде ұрыс жүргізу өнері мен фашистік құзғындармен шайқаста оларды жеңе білудің амал-тәсілдерін үйретті.
Жолдас Шевцов нағыз отаншыл, отансүйгіш және «Кеңес Одағының Батыры» ретінде жауынгерлік тапсырмаларын ешбір қорқынышсыз, ерекше батырлықпен орындауға әрдайым бастамашылдық жасады, өз өмірін аямай, сенімді және батыл шайқасқа шығады және әрқашан жеңіспен оралады…
272-ші жойғыш авиация полкінің командирі, подполковник Иредков. 03.09.1943 ж.» деп жазылған.
1943 жылдың желтоқсан айының соңында полковник Шевцов бір жарым жыл бойы полк басқарып, 1944 жылдың 17 қаңтары күні Ла–5 ұшағы апатынан Дубровка әуежайында қайтыс болады. Денесі Смоленск облысы, Руднян ауданы, Дубровка селосында жерленіп, кейіннен Рудня қаласындағы қалалық Мәдениет сарайы маңында орналасқан №2-ші бауырластар зиратына қайта жерленген. №2-ші бауырластар зиратына Руднян ауданын фашистерден азат ету үшін 1943-1944 жылдары болған соғыста қаза тапқан 2183 жауынгер жерленген: әліпби бойынша түзілген тізімде 2079-шы болып полковник Шевцов Петр Федоровичтің есімі жазылған.
Кеңес Одағының Батыры П.Ф.Шевцов туралы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұражайында біршама құжаттар сақталған.
Сол құжаттардың бірінде Шевцовтың отбасылы екені, әйелі Шевцова Нина (кей құжаттарда Анна) Васильевна Чкалов қаласы, Красный Городск, Транспортная көшесі, 3А үйінің тұрғыны екені және Шевцовтың қайтыс болғаны туралы оған арнайы үкіметтік хабарлама жіберілгені жазылған.
Қорыта айтқанда, елімізде, оның ішінде Түркістан облысында Кеңес Одағының Батыры атағы ең алғаш рет 1937 жылдың 22 қазанында ұшқыш П.Ф.Шевцовқа 1936 жылы Испания жерінде фашизмге қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін берілген. Ол Ұлы Отан соғысында да көзсіз ерліктің талай үлгісін көрсетті. Батырдың ерлігі мен есімін ұлықтау мақсатында Түлкібас ауылындағы көше мен мектепке, сондай-ақ Рудня қаласындағы көшеге Шевцов Петр Федоровичтің есімі берілген. Түлкібаста мүсіні орнатылған.
Қазыбек ТӘЖИЕВ,
әдебиеттанушы-фольклорист,
тарихшы-өлкетанушы.