
Төтенше жағдайлар өміріміздің күтпеген сәттерінде жиі орын алады. Дәл осы сәттерде әрбір секунд маңызды. Ал адамның өмірі бұл жағдайларда адамның өмірі көбіне басқалардың жылдам әрі саналы әрекетіне тікелей тәуелді болады. Мұндай жағдайларда құтқарушылардың рөлі зор: олар тек кәсіби біліктілікке ие ғана емес, адамгершілік қасиеттері де жоғары тұлғалар. Олар өз өмірлерін тәуекелге салып, басқаларға көмек көрсетеді. Тура осындай төтенше жағдайларда адамдардың өмірін сақтап қалатын құтқарушының еңбек жолын, оның қоғамдағы рөлін қарастырамыз. Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының басшысы – құтқарушысы – Төртбаев Орынбасар Құлманбетұлы. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскері қатарында борышын өтеген соң, Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиялық станциясында өзінің мамандығына сай тазалық фельдшері болып жұмыс атқарған. Уақыт өте келе, оның кәсіби бағыты төтенше жағдайлар қызметіне ауысты. Кейіннен “Оңтүстік Қазақстан облысы суда құтқару қызметі” мемлекеттік мекемесінің “Тұлпар” суда құтқару станциясының аға мейірағасы болып қызметін қатар атқарып келді. 2003 жылы Алматы қаласының Төтенше жағдайлар агенттігінің кәсіптік біліктілікті жетілдіру оқу орталығын ойдағыдай бітіріп, 1-сыныпты сүңгуір мамандығын алды. Сол жылы “Оңтүстік Қазақстан облысы суда құтқару қызметі” мемлекеттік мекемесінің жетекші маманы болып тағайындалды. Мамандығын жақсы деңгейде меңгеріп, 2003 жылдың желтоқсан айында осы мекемедегі сүңгуірлердің авариялық-құтқару жасағының бастығы болып тағайындалды.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше департаментінің (Шымкент қаласы) «Судан құтқару қызметі» ММ сүңгуірлік-авариялық құтқару жасағының басшысы ретінде жұмысқа кіріскен. Бұл кезеңде ол суға батып кеткен адамдарды құтқару, сүңгуірлік операциялар жүргізу сияқты маңызды міндеттерді атқарды. 19 маусым 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше департаментінің «Жедел-құтқару жасағы» ММ басшысының орынбасары-құтқарушы болып тағайындалды. Бұл рөлінде ол төтенше жағдайлар кезінде жылдам және тиімді әрекет ету, құтқару жұмыстарын ұйымдастыру міндетін атқарды. 2016 жылдың 20 қыркүйегінен бастап оның жауапкершілігі одан әрі артты, себебі ол «Жедел-құтқару жасағы» ММ басшысы-құтқарушы болып тағайындалып, құтқару жұмыстарының барлық процесіне тікелей жауапты болды. Оның басқаруымен жедел-құтқару жасағы түрлі төтенше жағдайларға дайындықты күшейтіп, құтқару жұмыстарын тиімді ұйымдастырып отырды. 2019 жылдың 10 шілдесінен бастап ол Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары және жедел-құтқару жасағының басшысы-құтқарушысы болып тағайындалды. Оның басқаруымен құтқару жасағы өрт сөндіру, авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру мен жүргізуде жоғары деңгейге көтерілді.
Орынбасар Төртбаев қарамағында жұмыс істейтін жастарға өздерінің кәсіптік деңгейін көтеріп, жақсы маман болып қалыптасуына көп көмек көрсетуде. Соның арқасында жоғары білікті мамандардан тұратын авариялық-құтқару жасағының ұжымын қалыптастыра білді. Оның еңбек жолы сан түрлі қиындықтар мен сынақтарға толы болғанымен, әрбір құтқарылған өмір оның жұмысының елеулі нәтижесі мен маңыздылығын айқын көрсетіп отыр. Сол арқылы қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігіне өз үлесін қосып келе жатқан биік тұлға.
Өз жұмысына деген адалдық пен биік жауапкершіліктің арқасында, 2024 жылдың қаңтар айынан бері Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының басшысы – құтқарушысы болып қызмет атқарып келеді.
Орынбасар Төртбаев – ардақты әке, үлгілі отағасы, сенімді серік. Сүйікті жары мен олар 2 ұл, 2 қыздың ата – анасы. Балаларына үлгі боларлық тұлға. Құтқарушы ретінде өзінің күнделікті қызметінде көптеген қиын әрі қауіпті жағдайларда болғанымен, үйдегі рөлі оның адамдық қасиеттерін тағы бір қырынан айқын көрсетеді. Отбасында, өз ісінде адал, жауапты, әрі жанашыр адам болып қалу – оның өмірінің негізгі қағидаттарының бірі. Оның отбасындағы рөлі тек физикалық немесе материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар, рухани қолдауының да құндылығы зор. Әрбір құтқарушының отбасы оның өміріндегі маңызды тірек.
Қорытындылай келе, құтқарушының еңбегі – нағыз ерлік. Құтқарушының жұмысы қоғамның құнды адами қасиеттері – батылдық, адалдық, шыншылдық, жауапкершілік пен қайсарлықты қажет етеді. Әрбір құтқарушы – қоғамның тыныштығын сақтап, өлім мен өмір арасындағы шекарада қызмет ететін батыр. Орынбасар Төртбаевтың өмір жолы мен қызметі – нағыз ерлік пен адамгершіліктің үлгісі. Тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да өз ісіне берілген тұлға ретінде бағаланады.
Бекболат ТӨРТБАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың студенті.