Түркістан облысы қарқынды дамып келеді. Инфрақұрылым, соның ішінде электрмен қамту жүйелері де заманауи талаптарға сай болуы тиіс.
Жуырда Президенттің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста Мемлекет басшысы Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс екенін айтты.
«Электр қуаты тұрақты әрі жеткілікті көлемде өндірілмесе, жасанды интеллектіні енгізу және жаппай цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін болмайтыны анық. Бұл мәселе жөнінде мен Ұлттық құрылтай отырысында пікірімді анық айтып кеттім.
Еліміз электр энергиясының ішкі тапшылығын жою үшін оны жыл сайын импорттауға мәжбүр. Былтыр 3,7 миллиард киловатт-сағат энергияны сырттан алдық. Қуат көздері мен электр желілерінің әбден ескіруі де бұл саладағы ахуалды ушықтырып тұр», деді Мемлекет басшысы.
Президентің айтуынша, өткен үш жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында энергетика саласына 1 трлн теңгеден астам қаржы салынды. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі, яғни, 900 млрд теңгеден астам қаржы жөндеу жұмыстарына жұмсалды.
«Жаңа қуат көздерін іске қосуға 140 миллиард теңге ғана бөлінген. Бұл ұзақ уақыт бойы тұрақты энергожүйені қамтамасыз етуге жетпейтіні анық. Электр қуаты жеткіліксіз болса, еліміз ойдағыдай дами алмайды. Осы маңызды мәселені ескермей жоспар құру – еш қисынға келмейтін шаруа. Энергетика министрлігінің бұрынғы басшылары тек мұнаймен шұғылданған сияқты, электр қуаты өндірісі екінші қатарда назардан тыс қалды. Енді бұл олқылықты тез арада түзетуіміз қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның басшылығымен кездесіп, өңірді электр энергиямен қамту бағытындағы жобаларды талқылады. Кездесу барысында облыс орталығы мен облыс аумағындағы елді мекендерді үздіксіз әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету, тозған электр желілерін реттеу, жаңа қосалқы станциялар салу және қуаттылықты арттыру бойынша ұсыныстар қаралды. Сонымен қатар жасанды интеллект пен автоматтандыру жүйелерін енгізу мәселелері де сөз болды.
Облыс әкімі бұл саладағы өзекті проблемаларды шешуде нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтып, жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеді.
– Өңір халқын сапалы инфрақұрылммен қамту – басты басымдықтарымыздың бірі. Өңіріміздің энергия тапшылығын жойып, стандартқа сай қажеттілікті толық қамтамасыз ету керек. Аудан, қала ұсыныстарына сай тиімді жобаларды қолдап, жүзеге асырамыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жиында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның директоры Айдар Махамбетов жобаларды таныстырып, қамту деңгейіне тоқталды. Оның мәлімдеуінше, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 2025-2029 жылдар аралығында іс-шара жоспары әзірленді. Жоспарда 778,9 шақырым электр желілерін, 23 қосалқы станциясына және 343 трансформаторға қайта құру жоспарланған. Нәтижесінде, 2029 жылға электр желілердің тозуы 52,8%-ға, нормативтік-техникалық шығындар 14,80%-дан 12,50%-ға төмендету жоспарлануда. Сонымен қатар энергия тапшы аудандарда қосымша 230 МВт пайда болады деп көзделген.
Кездесу барысында Сарыағаш ауданында қуаты 220 кВ болатын «Жібек жолы» қосалқы станцияның құрылысын салу бойынша ұсыныс берілді. Нәтижесінде, өңірдің оңтүстік аймақтарында қосымша 100 МВт пайда болады деп күтілуде. Осылайша, Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал, Жетісай аудандарын қажетті электр қуатымен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Одан бөлек, Отырар, Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал аудандарында іске асыру жоспарланған жобалар жіті қаралып, зерделенді. Тиімді жобалар қолға алынып, 2026-2029 жылдар аралығында іске асырылатын болады.
Мемлекет басшысының сөзінше, қазіргі кезде Қазақстанда 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл еліміз үшін жеткіліксіз.
«Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосамыз деп жоспарлап отыр. Оның 5,9 гигаваты жаңартылатын қуат көздерінен алынбақ. Сондай-ақ Үкімет келесі жылы электр қуатына деген сұранысты толық өтеуді көздеп отыр. Тіпті, 1,3 миллиард киловатт-сағат қуатты артық өндіре аламыз деген болжам бар. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін міндеттеменің бәрі уақтылы орындалып, жеткілікті қаражат бөлінуге тиіс», деді Президент.