Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл жұмыстар күшейтіле түспек. Атап айтар болсақ, Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кезекті ағаш егу акциясы ұйымдастырылды. Игі шара өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту, жасыл желекті көбейту және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында өткізілді.
Ауқымды акцияға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай-қажы Тағанов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары, дін ғұламалары, руханият саласының өкілдері мен ясауитанушылар қатысты.
Шара барысында қатысушылар өңірді көгалдандыруға өз үлестерін қосып, ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл бастама – табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» акциясының маңызды бөлігі.
Айта кетейік, 2 жыл көлемінде Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы бастау алған сәттен бері 2 миллионнан астам ағаш егілді. 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея ашылды. «Мөлдір бұлақ» акциясы арқылы 155 бұлақ, 77 өзен тазартылды. Биыл да 1 миллионнан астам ағаш егу жұмысы жүріп жатыр.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы 2024 жылдың көктемінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен бастау алып, бүкіл ел аумағында жалғасқан кең ауқымды шараға айналды. Бұл кампанияның негізгі мақсаты – табиғатты тазарту ғана емес, халық арасында жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру болатын. Мемлекет басшысы қолдаған бұл игі істі қоғамның барлық өкілдері, әсіресе жастар жағы жылы қабылдап, жаппай атсалысты. Нәтижесінде аз ғана уақыт ішінде миллиондаған қазақстандықтар тазалық шараларына үлес қосып, туған өлкесінің экологиясын жақсартуға өз қол ұшын созды.
«Таза Қазақстан» акциясы алғаш рет 2024 жылы 6 сәуірде басталып, арнайы жоспарланған 5 апталық кезең түрінде өтті. Әр аптаға жеке-жеке тақырып бекітіліп, сол бағытта республиканың барлық аймағында сенбіліктер мен экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың алғашқысы «Таза өлке» (6–13 сәуір аралығын қамтыды) деп аталғаны есімізде. Ол уақытта еліміздің барлық өңірінде тұрғындар өз үйлері мен ғимараттардың айналасын қоқыстан тазартты. Жергілікті ұйымдар мен қоғам мүшелері аулалар мен көшелерді жинастыруға жұмылдырылды.
Екіншісі «Киелі мекен» (екінші апта) деп аталып, тарихи және мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналды. Ел бойынша киелі орындардың төңірегі тазаланып, тәртіпке келтірілді.
Келесі апта – көшет отырғызуға арналды. Үшінші аптада бүкіл елімізде ағаш көшеттерін егу және жасыл желекке күтім жасау жұмыстары жүргізілді. Бұл кезең «Жасыл аймақ» атауымен өтіп, көгалдандыруға басымдық берілді.
Төртінші апта – әлеуметтік нысандарды тазалауға бағытталды. Онда ардагерлер үйлері мен қарттар үйлерінің аулаларын тазарту іс-шаралары ұйымдастырылды. Бұл арқылы тазалық жұмыстарына әлеуметтік мекемелер де қамтылды.
«Мөлдір бұлақ» (бесінші апта) деп айдар тағылған соңғы аптада өзен-көлдер мен бұлақтардың арналары қоқыстан тазартылды. Су жағалауларын тазартып, экожүйені қалпына келтіру шаралары атқарылды.
Бес апталық науқан бүкіл елді мекендерді қамтып, тұрғындардың жаппай қатысуымен өтті. Әр апта түрлі челлендждер мен қосымша шаралар арқылы толықтырылып отырды. Мысалы, алғашқы аптада көптеген өңірлерде «Менің туған өлкем», «Табиғатқа құрмет отбасыдан басталады», «Ауласы тазаның – ауасы таза» секілді ұрандармен қосымша жергілікті акциялар ұйымдастырылды. Жастар арасында экочеллендждер өтіп, ұйымдар ұжымдық сенбіліктерге шықты. Осылайша, сәуір айы бойы бүкіл республика бойынша экологиялық шаралар марафоны жалғасып жатты.
Былтырғы алғашқы кезеңнен кейін де бұл бірегей акция тоқтап қалған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманың «уақытша науқан емес» екенін, керісінше жыл бойы үздіксіз жалғасуы керектігін баса айтты.
Акцияның алғашқы жылындағы қорытындылар аса әсерлі болды деп айтуға негіз бар. 2024 жылы «Таза Қазақстан» науқаны аясында елімізде 183 ірі экологиялық шара өткізілді, оларға Қазақстан бойынша 6,2 миллионнан астам адам қатысты, соның ішінде 229 мыңдай ерікті бар.
Жаппай халықтық қолдаудың нәтижесінде жүздеген мың аула мен көшелер тазарып, жалпы 1,1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Республиканың түкпір-түкпірінде өткізілген сенбіліктерде тұрмыстық қалдықтар, пластик және өзге де қоқыс түрлері полигондарға шығарылып, бұрынғы бей-берекет шашылған қоқыс үйінділері жойылды.
Мемлекет басшысы да мұны ерекше атап өтіп: «Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді» деп жоғары бағалады.
Расымен де, елді дүр сілкіндірген бұл экологиялық бастама тұрғындардың сана-сезіміне оң әсер етіп, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау үрдісін нығайта түсті.