Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – экономикалық әділеттілікті қамтамасыз ету, инвестициялық ахуалды жақсарту және цифрлық экономиканы дамыту болып табылады. Осы мақсатта еліміздің өңірлерінде инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастыру, халықаралық іскерлік байланыстарды кеңейту және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағытта Түркістан облысы да қарқынды дамып, тек тарихи-рухани орталық қана емес, экономикалық және технологиялық әлеуеті жоғары өңір ретінде жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Ордабасы ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты.
Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысына Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды.
Нұралхан Көшеровтің айтуынша, өңірдің экономикалық өсімі 113,9 пайызды құрады. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 1 триллион теңгеге өсті. 2025 жылы аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция, соның ішінде 1,4 триллион теңге жеке инвестиция тартылды. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жетті.
Президентке былтыр жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғаны айтылды.
Бүгінде облыста 21 индустриалдық аймақ жұмыс істейді. Turan арнайы экономикалық аймағында 26 жоба жүзеге асырылуда, олардың құны – 315 миллиард теңге.
Ауыл шаруашылығында мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі кластерлері дамып келеді. Бұл жобалар толығымен іске қосылғанда 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге артады деп жоспарланып отыр.
Президентке соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарғаны жөнінде мәлімет берілді. Еңбекпен қамту шараларына 148 мың адам тартылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады.
Облыс әкімі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу, жол инфрақұрылымын дамыту, газдандыру және елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті өркендету бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары бірқатар өндірістік нысандарды аралап, олардың іске асырылу барысын зерделеді.
Атап айтқанда, «Central Asia Aluminum Company» ЖШС-нің алюминий профильдерін өндіру зауытының жұмысымен танысты. Бұл жоба құрылыс саласына қажетті алюминий өнімдерін шығарып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға бағытталған. Сондай-ақ, «HUATING BIOTECHNOLOGY Co., LTD» компаниясының ірі қара мал сүйегін өңдеу жобасының құрылыс барысы тексерілді. Жоба арқылы қалдықсыз өндіріс қағидатына негізделіп, мал сүйегінен түрлі биологиялық өнімдер өндіру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «KAZ KIOTI» ЖШС-ның ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты таныстырылды. Кәсіпорында тракторлар құрастырылып қана қоймай, су үнемдеу технологиялары – жаңбырлатып суару қондырғылары өндірілуде. Сонымен қатар жоғары қысымды температурада шыны өңдеу және ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласына қажетті өзге де өнімдер шығаратын цехтар жұмыс істейді.
Темірлан өндірістік паркінде де құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтқанда, «ASIA ENERGY Co» ЖШС күн панельдеріне арналған бөлшектер өндіру, «FAÇADE COMPANY» ЖШС шыны өнімдерін шығару, «ALMEN GROUP» ЖШС кір жуғыш ұнтақ өндіру, «Қарабатыр Агро» ЖШС металл бұйымдарын шығару ісін қолға алған. Сонымен қатар бұл аймақта «Югстройтехнология» ЖШС-ның газобетон блоктары мен ішкі қабырға плиталарын өндіру, «Alem Euro PIR» ЖШС-ның сендвич панель (PIR) шығару, «Steel Frame» ЖШС-ның металл конструкциялар өндірісі, «Bolashak-bal» ЖШС-ның корпус жиһаздарын өндіру жобасы іске асырылуда.
Одан бөлек, кәсіпкерлік бағытта жол бойы сервистік қызмет көрсету нысандары мен қоғамдық тамақтану орындары ашылуда. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер «Смайыл» тарапынан тамақтану орны, автосервис және тұрақ аймағы бар кешен, «M Trade–19» ЖШС-ның жол бойы сервис нысаны, сондай-ақ жеке кәсіпкер Ә. Әлімбековтің мейрамханасы мен «Темірші» демалыс аймағы жүзеге асырылуда.
Облыс әкімінің орынбасары аталған жобалардың өңір экономикасын дамытуда маңызы зор екенін атап өтіп, олардың уақытылы әрі сапалы іске асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.