«Таза Қазақстан» акциясының екі жылға жуық уақыт ішіндегі нәтижелері елімізде қоғамның экологиялық белсенділігінің айтарлықтай өскенін көрсетеді. Миллиондаған азаматтың ерікті түрде қолына күрек алып, көшелер мен өзен жағаларын тазалауы – бұрынырақта тек коммуналдық қызметтің міндеті саналған істің енді жалпыұлттық қозғалысқа айналғанының дәлелі. Бұл кампания халықтың туған жерге деген сүйіспеншілігін іс жүзінде танытып, «Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады», — деген Президент пікірін нақтылай түсті.
ҚАЗЫҒҰРТТА 1 000 ТҮП АҒАШ ЕГІЛІП, АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІККЕ 10000 АДАМ ҚАТЫСТЫ
Қазығұрт ауданында халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға және елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Аталмыш экологиялық іс-шараға аудан тұрғындары белсенді қатысып, жалпы саны 10 000 адам жұмылдырылды. Акция барысында Қазығұрт ауыл округіндегі «Орталық саябақта» және Сарапхана ауыл округіндегі «Мәңгілік Ел» саябағында санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Тазалық жұмыстарына 20 арнайы техника тартылып, 1 000 гектардан астам аумақ қамтылды. Нәтижесінде 20 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.
Іс-шара аясында аудан әкімі Азизхан Исмаилов тазалық жұмыстары барысымен танысты. Сонымен қатар, 1000 ағаш отырғызу рәсіміне қатысып, дендросаябақта ұйымдастырылған суретшілер көрмесін тамашалады және тазалық жұмыстарына белсенді түрде атсалысты. Бұдан кейін аудан басшысы Сарапхана ауылындағы «Мәңгілік Ел» саябағына барып, ондағы тазалық және абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Экологиялық акция тазалық жұмыстарымен ғана шектелмей, марафонмен жалғасын тапты. Аудан тұрғындары салауатты өмір салтын насихаттап, ерекше серпінмен жүгіріп өтті. Сонымен қатар, көрме алаңында экологиялық бастамалар мен шығармашылық жұмыстар ұсынылып, келушілерге ерекше әсер сыйлады.
Бұл күн – тазалықтың ғана емес, бірлік пен белсенділіктің, табиғатқа деген жанашырлықтың айқын көрінісіне айналды.
ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІККЕ 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Жасыл болашақ» іс-шаралар жоспарына сәйкес Түркістан қаласында жалпықалалық сенбілік өтті.
Тазалық шарасына қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, қала аумағын көркейту жұмыстарына белсене атсалысты. Сонымен қатар сенбілікке қала тұрғындары, қоғамдық ұйым өкілдері, ақсақалдар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, мәслихат депутаттары және түрлі сала мамандары қатысты. Тазалық шарасына 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды.
Сенбілік жұмыстары қала кіреберісі
аумағынан басталып, шаһардың барлық бөлігін қамтыды. Кәсіпкерлік нысан иелері де өздеріне тиесілі аумақтарды тазалап, қоқыстарды шығарып, ортақ іске үлес қосты.
Іс-шараның тиімділігін арттыру мақсатында қала аумағы 6 секторға бөлініп, әр сектор бойынша жүйелі тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көшелер, саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, абаттандыру және көгалдандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
ШАРАДАРАДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯҒА 6 МЫҢНАН АСА ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ
“Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде бұрын-соңды болмаған ауқымды сенбілік жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, даңқты спортшылар, ауданға қарасты «Қазтелеком», «Қазпошта», аурухана, ГЭС, СЭС, РЭС, ПЭС, «ҚазТрансГаз», «Халық банк» ұжымдары және 10 ауыл округінен жалпы саны 6000-нан астам тұрғын белсене қатысты.
Сенбілік барысында 1000 түп көшет егіліп, облыстық маңызы бар 147 шақырым тас жол бойы, қала мен ауыл ішіндегі көшелер кең көлемде тазартылды. Жұмыстарға 23 арнайы техника жұмылдырылып, қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау бағытында жүйелі әрі нәтижелі шаралар жүзеге асырылды.
Бұл игі бастама – табиғатқа деген жанашырлықтың, туған жерге деген шынайы қамқорлықтың айқын көрінісі. Бірлік пен ынтымақтың арқасында ауданымыздың келбеті көркейіп, экологиялық мәдениет жаңа деңгейге көтерілді.
КЕНТАУДЫҢ ҚАРНАҚ АУЫЛЫНДА КЕҢ АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында “Таза Қазақстан” эко бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау және ауылдың көркін арттыру мақсатында су жағалаулары бойында ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Шараға қала әкімі Жандос Тасов қатысып, ауыл тұрғындарымен бірге тазалық жұмыстарына белсене араласты. Сонымен қатар қала басшысы тұрғындарды туған жердің тазалығына бейжай қарамай, сенбілік жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырды.