ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ «ҚАЗАҚСТАН – ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ОТАНЫ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Түркістан облысында табиғатты қорғау, сирек кездесетін өсімдіктерді сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» атты ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Бұл бастама өңірдің табиғи байлығын насихаттап қана қоймай, өскелең ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Акция барысында қатысушылар тау баурайында жайқалған грейг қызғалдақтарын тамашалап, олардың табиғи сұлулығын фото-бейне арқылы түсіріп, ғылыми және танымдық тұрғыда зерттеуге мән берді. Мамандардың айтуынша, қызғалдақ тек әсемдігімен ғана емес, тарихи-биологиялық құндылығымен де ерекше өсімдік түрі болып саналады.
Ғылыми деректерге сәйкес, қызғалдақтардың табиғи отаны ретінде Орталық Азия аймағы танылады. Бүгінде Қазақстан аумағында қызғалдақтың 35-тен астам түрі өседі. Олардың ішінде Грейг, Кауфман және Шренк қызғалдақтары ерекше маңызға ие. Бұл түрлердің 18-і Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Түркістан өңіріндегі Боралдай аумағы да қызғалдақтардың маңызды табиғи мекендерінің бірі саналады. Мұнда сирек кездесетін Грейг және Кауфман қызғалдақтары кеңінен таралған. Жалпы алғанда, өңірлік табиғи паркте қызғалдақтың 6 түрі өсетіні анықталған.
Экологиялық акция Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шара Бәйдібек ауданы, Шұқыршақ ауылындағы Боралдай филиалы аумағында, сондай-ақ Бәйдібек орманшылығы мен Шұқыршақ сарқырамасы туристік соқпағында өтті.
Шара барысында «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» мекемесі бас директорының орынбасары Ерлан Мұхтарханұлы және Боралдай филиалының директоры Бақытжан Қырықбай сөз сөйлеп, табиғатты қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
Акция тек экологиялық бағытпен шектелмей, мәдени-танымдық және тәрбиелік сипатта да ұйымдастырылды. Табиғат аясында өткен шарада мерекелік концерт қойылып, әсем әндер шырқалды. Мектеп оқушылары арасында танымдық сұрақ-жауап ойындары өткізілді. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлері – көкпар мен аударыспақтан көрсетілімдер ұйымдастырылып, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдени құндылықтары кеңінен насихатталды. Қыз-келіншектер дәстүрлі тағамдар әзірлеп, ұмыт бола бастаған ұлттық дәмдерді қайта жаңғыртты.
Шара соңында экологиялық акцияға белсенді қатысқан мектеп оқушылары мен табиғат қорғау ісіне үлес қосып жүрген азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.
Айта кету керек, мұндай экологиялық акциялар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Негізгі мақсат – табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру, сирек өсімдіктерді сақтау және қызғалдақтардың биологиялық әрі тарихи маңызын кеңінен насихаттау.
Мамандардың айтуынша, қызғалдақтарды жұлу немесе табиғи мекенін бүлдіру олардың жойылып кету қаупін арттырады. Сондықтан табиғи парк қызметкерлері акция барысында мектеп оқушыларына арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық үнпарақтар таратты.
Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, қызғалдақтың кейбір түрлері алғаш рет Еуропаға XVI ғасырда Осман империясы арқылы жеткізілген. Кейін ол Иран мен Түркияда кең таралып, 1570 жылы Голландияға әкелінген. Бүгінде қызғалдақтың отаны ретінде әлемде Голландия жиі аталғанымен, оның тарихи түп-тамыры қазақ даласымен тығыз байланысты екені ғылыми тұрғыда дәлелденіп келеді.
Қазіргі таңда Голландия жыл сайын әлемнің 125-ке жуық еліне қызғалдақ баданаларын экспорттап, миллиардтаған доллар табыс табады. Бұл да Қазақстан табиғатының байлығы мен биологиялық ресурстарының жаһандық деңгейде қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктерге зиян келтіру заңмен қатаң жазаланатыны ескертіледі. Атап айтқанда, заң бұзушыларға айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жауапкершілік қарастырылған.
Жалпы, Түркістан өңірінде өткен бұл экологиялық акция табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға, сирек өсімдіктерді сақтауға және жас ұрпақтың экологиялық санасын арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы