ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕГІ УРАН КОМПАНИЯСЫ ЖАҢА БЕЛЕСТІ БАҒЫНДЫРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту қажеттігін үнемі атап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі саналатын ірі өндірістік кәсіпорындар өндірісті дамыту ғана емес, өңірлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да белсенді үлес қосуда.
Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапарымен барып, уран өндіру саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «СП «Инкай» ЖШС-нің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Мерейтойлық жиын барысында кәсіпорынның өндірістік жетістіктері мен әлеуметтік жобалары кеңінен таныстырылып, компанияның өңір дамуына қосқан үлесі ерекше аталып өтті.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі алдымен кәсіпорынның өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымымен танысты. Өңір басшысына компания аумағындағы спорт кешені, асхана, қызметкерлерге арналған тұрғын блоктар, демалыс аймақтары мен жаттығу залдары көрсетілді. Сонымен қатар кәсіпорынның өндірістік қуаты, технологиялық мүмкіндіктері мен алдағы даму жоспарлары туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Салтанатты шара барысында мерейтой құрметіне орнатылған арнайы монументтің ашылу рәсімі өтті. Бұл нысан компанияның 30 жылдық еңбек жолын, өндірістегі жетістіктері мен өңірдің дамуына қосқан үлесін айшықтайтын символдық белгі ретінде көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан кейін мәртебелі меймандар құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңбаларын қалдырды.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Инкай» компаниясының ел экономикасы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
– Баршаңызды еліміздің тау-кен өндірісі саласындағы маңдайалды кәсіпорындардың бірі – «Инкай» компаниясының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы бағытта «Инкай» компаниясы өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Созақ ауданының экономикалық күретамырына айналған кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отыр, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы өз сөзінде компанияның өндірістік көрсеткіштермен қатар, әлеуметтік бағыттағы бастамаларын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, соңғы отыз жыл ішінде кәсіпорын жаңа мектептер салу, медициналық және спорттық нысандарды жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту сияқты маңызды жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткен.
– Компанияның белсенді әлеуметтік ұстанымы ерекше құрметке лайық. Елді мекендерді абаттандыру, экологиялық тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар – бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігінің нақты көрінісі. Бұл – кәсіпорын мен халық арасындағы өзара сенім мен тығыз байланыстың жарқын үлгісі, – деді Нұралхан Көшеров.
Сонымен қатар өңір басшысы компания ұжымына алдағы уақытта да табысты еңбек пен жаңа жетістіктер тілеп, «Инкай» кәсіпорны инновациялық әлеуетін одан әрі арттыра отырып, Түркістан облысының өркендеуіне және ұлттық экономиканың дамуына елеулі үлес қоса беретініне сенім білдірді.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Сахнада танымал өнер ұжымдары мен әншілер өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар қатысушылар арасында арнайы викториналар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, «СП «Инкай» ЖШС – Қазақстандағы уран өндіру саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Компания отыз жыл ішінде өндірістік қуатын айтарлықтай арттырып, халықаралық деңгейдегі ірі өндіріс орнына айналды. Сонымен қатар кәсіпорын өңірдегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инфрақұрылымды дамытуға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.
Бүгінде «Инкай» компаниясы өндірістегі тұрақтылық пен әлеуметтік жауапкершілікті қатар ұштастыра отырып, Түркістан облысының индустриялық және экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған ірі стратегиялық серіктестердің бірі саналады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы